Қоржынға қос алтын салды

Уақыты: 06.02.2017
Оқылды: 1446

Арайлап атқан ақпанның ақ таңы Алатауды ақ күміске малындырып, көңілімізге жақсылықтың үмітін себелеген еді. Ертемен ақбас шыңын көк аспанға аймалатқан Алатаудың биігіндегі атақты «Шымбұлаққа» бет алдық. Онда қысқы Универсиаданың ең қызықты ойыны – фристайлдың могул бағдарламасы бойынша спортшыларымыз бақ сынаспақ. Бұл жарыстан үмітіміздің зор болғаны айдан анық. 

Бірнеше командалар арасында өткен іріктеу сынынан қазақстандық үш спортшымыз – әйелдер арасынан Әлем кубоктарының жеңімпазы, Азиада ойындарының чемпионы Юлия Галышева мен ерлер арасындағы бәсекеде Азиада чемпионы Дмитрий Рейхард пен Сочиде өткен Еуропа кубогінің жеңімпазы Павел Колмаковтың басқалардан басымдық танытып, ақтық сынға жолдама алулары жеңістің ауылын жақындата түсті.
Ара қашықтығы 230-250 метрлік кедергілерге толы трассадан зулай сырғанап, екі бірдей биіктіктен әуеге қалықтай көтеріліп, әдемі айналып барып жерге қонып, жүрісінен жаңылмай қайта жалғастыру – спорттың бұл түріндегі үлкен еңбектің, хас шеберліктің нәтижесін көрсетсе керек. Міне, осы жолда төгілген маңдай тердің өтелуіне қазақстандық спортшыларымыз бар күшін салды.
Ресей, Франция, Қытай сынды алпауыт мемлекеттердің мықтыларымен бәсекеге түскен ақтық сынның қорытындысы бойынша Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхардтың көрсеткішіне ешкім тең келе алмады. Ел спортшылары осылайша қос алтынды қоржынға салып, мерейімізді тасытты. Сөйтіп, қос спортшы Универсиада ойындарының чемпионы атанды. Ал, осы сайыста өнер көрсеткен Павел Колмаков болса ресейлік спортшыға аздаған есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты. 
Жұма күні могулдан жұптаса өнер көрсету бағдарламасы бойынша жарыс жолына шығатын бұл спортшыларымыздың тағы да жеңіс тұғырына көтерілетініне еш күмәніміз жоқ. Тек сәттілік тілейміз!

«Шымбұлақ» спорт кешені,
Алматы қаласы.