Көркейтуге көңіл бөлінген

Уақыты: 19.10.2017
Оқылды: 1173

Жақында облыстағы елді мекендерді күзгі санитарлық тазарту, абаттандыру жұмыстарының барысын тексерген арнаулы комиссия жазиралы Жаркент өңірінде де болып, іс барысымен танысты. Аудандағы бір қалалық және 13 ауылдық округ елді мекенін  түгел аралап көрген комиссия мүшелері жалпы мақсатты істің оңды атқарылғанына көз жеткізді. Әсіресе, Қоңырөлең, Көктал ауылдық округінде, Жаркент қаласында күзгі тазалық жұмыстары тыңғылықты жүргізілгені байқалды.
Өңірде елді мекендерді санитарлық тазарту жұмыстарына аудандық бюджеттен 29 миллион 466 мың теңге бөлініп, оның біраз бөлігі жанармай сатып алуға, Жаркент қаласынан күл-қоқыстарды шығаруға және қатты қалдықтар полигонында төсеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалған. Айлық кезінде елді мекендердің маңындағы, көшелердегі стихиялы күл-қоқыс төгілген орындар тазартылып, мұндай келеңсіздіктерге алдағы уақытта жол бермеу тұрғындарға тағы да тәптіштеп түсіндіріліпті.
 Ауданда күз айларында жалпы 4 сенбілік ұйымдастырылып, оған өңірдегі барлық елді мекен тұрғындары жұмылдырылды. Айлық барысында ауданда жалпы 199 көше, 6779 үй мен әкімшілік ғимараттарының аулалары тазаланып, 696 тонна күл-қоқыс арнайы белгіленген орындарға тасылыпты. Сонымен қатар, 224,4 шақырым арық жүйелері тереңделіп қазылып, тұрғындардың алдағы жылы пайдалануына әзірленген.
 Өздері тұратын елді мекендердің көркейе түсуіне барлық ауыл, қала тұрғындары атсалысқаны байқалады. Ортақ істі атқаруға жергілікті кәсіпкерлердің әртүрлі техникалары мен тұрғындардың ат арбалары жұмылдырылған.
 Қорыта айтқанда Жаркент өңірінде күзгі тазалық айлығында жүзеге асуға тиіс жоспарланған жұмыстар тыңғылықты атқарылып, елді мекендерді көркейтуге көңіл бөлінген. Бұған облыс орталығынан келген комиссия мүшелері де көз жеткізіп қайтты.


 Мырзағали НҰРСЕЙІТ.
 Панфилов ауданы.