БАРЛЫҚ САЛАДА ДАМУ БАЙҚАЛАДЫ

Уақыты: 24.10.2017
Оқылды: 1262

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ басшылығымен Үкімет отырысы өтті. Онда алдымен агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды. Осыдан кейін «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жайы сөз болды. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру аясында  9 айдың қорытындысы туралы тараптардың есебі тыңдалды. Селекторлық кеңесте облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы табыстарын сөз етті. 

 

ҚР Ауылшаруашылық бірінші вице-министрі  Қ. Айтуғановтың айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенін дамыту  бағдарламасын іске асыру барысында 745 ауылшаруашылығы кооперативі құрылып, 12 мың жұмыс орны ашылыпты. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі, мал шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі, егісті әртараптандыру жұмысы, майлы және бұршақты дақылдар өндірісінің көлемі өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. 
Осыған байланысты бірнеше облыстың әкімі өз ұсыныстарын айтты. Осы тұста сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі меморандум шеңберінде жоспарланған 66 көрсеткіштің қазіргі таңда 19-ы орындалды. Қалғандары да орындалу үстінде», – деп атап өтті. 
 Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға 484,2 млрд. теңге бөлінген, бүгінге дейін  оның 313,7 млрд. теңгесі немесе қаржыландырудың жылдық жоспарының 65% игерілген.  Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шығындарын қаржыландыру жайын баяндады.  Оның айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл 484,1 млрд. теңге қарастырылып, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, индустриялды инфрақұрылымды дамыту, ТКШ жаңғырту, сумен және жылумен жабдықтау, білім беру саласында инфрақұрылымды дамыту бағыттары бойынша жоспарға сай жұмыс атқарылған. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биыл мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру көзделгенін айтты.  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру саласындағы жобаларды іске асыру туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Сондай-ақ, Үкімет отырысында «Самұрық–Қазына» ҰӘҚ төрағасы Өмірзақ Шөкеев те сөз сөйледі.
Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр бүгінгі жеткен жетістіктердің көңіл қуантатынын атап өтті. Ал облыс әкімі Амандық Баталов селекторлық кездесуде көрсетілген көрсеткіші көңіл көншітпейтін мекеме басшыларына  сын-ескертпелер айтып, келесі отырысқа дейін орын алған кемшіліктерді түзету, табысты еселей түсу үшін жұмыла жұмыс істеу керектігін нақтылады.

 

Қажет АНДАС