ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕУ ТИІМДІ

Уақыты: 24.10.2017
Оқылды: 1430

     Еліміз тәуелсіздік алғалы жүйелі түрде қылмыстық-құқықтық қатынастарды, соның ішінде жазаны орындау шеңберінде ізгілендіру саясатын жүргізуде. 

 

     Қапшағай қаласына қарасты Заречный ауылындағы жаңадан ашылған ЛА 155/12 қатаң бақылаудағы түрме колониясында түзеу мекемелеріне кәсіпкерлерді тартып, сотталғандарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша  жиын өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов бастаған құқық қорғау органдары мен түрме басшылары, басқарма басшылары, кәсіпкер азаматтар басқосу алдында түрме аумағын шолып шықты. 
    Жаза басып, жаңсақ қадам жасаған жандардың екінші рет жаңа өмір сүруіне мүмкіндік беру – түзеу мекемелерінің басты міндеті. Жаңадан салынған түрмеде барлық жағдай қарастырылған. Аталмыш  колонияның құрылысына 6 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылып, еуропалық үлгіде бой көтерген. Облыс бойынша темір торда отырғандардың саны екі мыңнан асып-жығылады. Жұмысқа жарамдысы 1700 адам болса, бүгінде олардың 850-ден астамы жұмыспен қамтылған. Облыстық прокуратураның басқарма бастығы Жандос Ысқақов:
– Біздің аймақтағы алты түзету мекемесінде темір-бетон, темір өңдеу, ағаш бұйымдарын жасау, тігін, тәтті тағам әзірлеу сияқты бірнеше өндіріс цехтары жұмыс істеп тұр. Сотталушылар түрмедегі уақыттарын пайдалы істерге арнап, еңбекпен тапқан ақшаларын өз игіліктеріне жаратып отыр. Бұдан өзге де жұмыс көздері ашылса дейміз. Ол үшін шағын және орта бизнес өкілдеріне хат жолдап жатырмыз, – деді. 
     Жиында Лаззат Махатұлы сала жауаптыларының ұсыныстары мен жұмыс жоспарларын тыңдады. Жазықтыларды жұмыспен қамтуды назарда ұстап, кәсіпкерлерге түрлі жеңілдік қарастыруды тапсырды. Мұнан өзге денсаулық сақтау және білім беру салалары бойынша да әңгіме қозғалды. 

Мақпал МЫСА.
Қапшағай қаласы.