ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 09.11.2017
Оқылды: 965

    Жетісу жерінің жұртшылығы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының ойдағыдай орындалуы жолында көп жұмыстар атқаруда. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен өткен жиында баяндама жасаған мамандар айтты.


     Алғашқы болып баяндама жасаған облыс әкімі аппаратының жетекшісі Батыржан Байжұманов мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының негізгі басымдығы осы Ұлт жоспарын жүзеге асыру екендігі жайында әңгімеледі.
– Ұлт жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бағыты бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Биылғы жыл басынан мемлекеттік қызметке қабылданған 437 адамның бәрі де тестілеу мен әңгімелесуден қажетті тәртіп бойынша өткізілді. Ең бастысы, сынақ мерзіміне мұқият бақылау жүргізілуде, қазір ол 3+3 тәртібімен өткізіледі. Яғни, қызметкерді үш ай бойы тәлімгер үйретіп, оқытады, жөн көрсетеді. Содан кейін ол осынша уақыт ішінде өзінің жұмысын барынша көрсетуі тиіс, – деген Батыржан Құлаймергенұлы халықты баспанамен қамтамасыз ету ісіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттік қызметкерлерге 500-ден астам пәтер берілген. Сонымен қатар, мамандардың біліктілігін арттыру жұмысы да жалғастырылуда. Мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы жұмыстың нәтижесіне қарамастан ұлғайтылады. Әкім аппараты басшысының сөзіне қарағанда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының алғашқы 10 қадамы толығымен жүзеге асырылуда.
     Одан соң мінберге көтерілген жергілікті полиция бастығы Марат Күштібаев Ұлт жоспарын іске асырудың тиімді нәтижелерін таныстырды. Жоспар аясында жүргізілген іс-шаралар негізінде мал ұрлығының көлемі 2,2%-ға және жол-көлік оқиғасының көрсеткіші 18,4%-ға азайған.
– Әрине, біз үшін ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған орай біз «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыруды бірден қолға алып, адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарға бейнебақылау камераларын орнату арқылы қоғамдық тәртіпті қадағалайтын болдық. Одан бөлек, арнайы сатып алынған 30-ға жуық Крис-П камералары арқылы 60 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу деректерін анықтадық, – дейді жергілікті полиция басшысы Марат Әлімқұлұлы.
Мінберге шақырылған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты үшінші бағытына тоқталып, атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды.
– Барлық қадамдарды іске асыру ұзақ мерзімге арналғандықтан біз жұмысты мұқият жүргізуді дұрыс деп таптық. Біз үшін ең басты бағыттардың бірі инвесторлар әкелу болып отыр. Осының арқасында бүгінгі күні Жетісу жеріне 5 трансұлттық компания қызығушылық танытып отыр. Дегенмен бұл межемен тоқталып қалмаймыз. Жалпылай айтқанда, өлкемізге әкелінген инвестицияның көлемі 144 миллиард теңгені құрап отыр, – дегенді баса айтқан Жеңіс Тұяқов Ұлт жоспарының 57 қадамында көрсетілген туристік кластерді дамыту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелі екендігін атап өтті. «Ақ бұлақ» туристік орталығы мен сингапурлық компания арасында келісілген жоба жұмыс нәтижесіне дәлел болады.
     Жиында, сондай-ақ, Ұлт жоспарының сүт және сүт өнімдерінің өндірісін дамытуға арналған 60-қадамы бойынша Алакөл ауданында тәулігіне 100 тонна сүт өңдейтін зауыт ашуды германиялық компанияның жоспарлап отырғаны, 61-қадамда ет өнімдерін өндіруге байланысты Жамбыл ауданында қуаттылығы 8 мың тонналық зауыт құрылысы басталғаны айтылды.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай Ұлт жоспарының «Біртектілік пен Бірлік» атты төртінші бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырды. Оның айтуынша, «Мәңгілік Ел» жобасын халыққа түсіндіру үшін үш көшпелі семинар, отызға жуық «дөңгелек үстел» отырысы, алпыстан астам кездесу өткізілген. Өйткені, жобада халықтар арасындағы өзара сыйластық, достық және келісім мәселелері қамтылған.
Жиынды қорытындылаған Лаззат Тұрлашов:
– Ұлт жоспарын жүзеге асыруды бір сәтке болса да естен шығармауға тиіспіз. Дәл осындай қарқынмен жұмысты жалғастырар болсақ, экономикалық, әлеуметтік салаларда елеулі табыстарға қол жеткізеріміз анық, – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев міндеттеген жауапкершілік жайын айрықша атап өтті.

Мәди АЛЖАНБАЙ