СПОРТШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 09.11.2017
Оқылды: 1157

     Сені ел-жұрт танып, көрген жерінде сәлемдесіп жатса жаман ба? Бұл кез келген спортшы үшін, мейлі, өнер адамы болсын, қарапайым жан болсын, ерекше қуаныш сыйлайтын сәт. «100 жаңа есім» жобасына Талдықорған қаласынан енген санаулы адамның тізімінде өзімді көргеніме қуаныштымын. Баса айтып кететінім, анам үшін бұл үлкен тосынсый болды. Отбасымызбен қуанып жатырмыз.


     Дәл қазір Қазақстандағы ауыр атлетика спорты қиын-қыстау сәттерді басынан өткізіп жатыр. Ұлттық құраманы уақытша ірі турнирлерден шеттетті. Бұл кезеңнен де өтеміз. Мақсатымыз айқын, жоспарымыз ретімен орындалып келеді. Келесі меже – 2018 жылы Индонезияда өтетін Азия ойындарында топ жарып, өзіміздің күшімізді көрсету. Осы мақсат жолында талмай еңбек істеп жатырмыз. Күн тәртібіміз өзгеріссіз. Ал өз басым жыл соңында Қырғызстанда өтетін турнирге қатысамын. Дайындық жақсы. Өзімді жаңа салмақта, яғни, 69 келіде сынап көрсем деп жатырмын. Халық барда, қолдаушылар барда қорқатын еш себеп жоқ. 
     Басқа мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанның спортшыларға деген құрметі жоғары. Осындай құрмет барда жақсы нәтижелерді көрсетуіміз қажет. Елімізге белгілі, беделді жандарды жұрт назарына ұсынып, олардың еңбектерін тағы бір таразыдан өткізгені құптарлық іс. «100 жаңа есім» жобасының негізгі мақсаты да осы. Мен тек қана қуаныштымын және осындай жобаларды қолдаймын.


Карина ГОРИЧЕВА,
ауыр атлетикадан 
Рио Олимпиадасының 
қола жүлдегері,
халықаралық дәрежедегі спорт шебері.