ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Уақыты: 09.11.2017
Оқылды: 1163

     Ұстаз – қашанда биік тұлға. Одан білім алып, қасиетін сезінген жандар үшін мұғалім есімі қашанда киелі, құрметті. Міне, сондай бар ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне, білім саласының өркендеуіне жұмсаған Құдайберген Амриновтің өнегелі өмір жолы кім-кімге де үлгі-өнеге. Одан жас ұрпақтың алар тәлімі мол.


     Бүгінде жетпістің асқарын бағындырған Құдайберген Абдамбайұлы 1947 жылы 10 қарашада қазіргі Қарасай ауданы, Қошмамбет ауылында өмірге келді. Шамалған ауылында 8-сыныпты бітірген соң Семей қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде электромонтер мамандығы бойынша білім алады. 1969 жылы оқуын жалғастырып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына түседі. Оны тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, бұрынғы Киров ауданы Көксу стансысындағы СПТУ-17-ге жолдамамен жіберіледі. Бірге оқыған курстасы әрі өмірлік қосағы Жания Тайкенова екеуі осылайша жаңа өмірге қадам басады. Іске бейім, алғыр, білімді жас бірден-ақ көшбасшылық қабілетімен көзге түсіп, оған директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметі сеніп тапсырылады. Ол жылдары училищеде негізінен сәтсіз отбасылардың балалары, мектепте оқығысы келмейтін, құқықбұзушылыққа бейім жасөспірімдер оқитын. Бұл жас педагогты жасыта қойған жоқ. Ол шәкірттер үшін мектептен тыс шаралар ұйымдастырып, олардың ойын жақсы арнаға бұру үшін түрлі әдіс-тәсілдер ойлап тауып, қызықтыра білді. Оқушылар оның соңынан ерді. 
     Ол жылдары Көксу стансысында қылмысқа қатысты шиеленісті жағдай орын алған еді. Ұрлық-қарлық жиі болып тұратын. Құдайберген Абдамбайұлы тұрғындар мен оқушылардың құқықтық білімін арттыруға кірісті. Сөйтіп жүріп аса қауіпті қылмыскерді ұстау операциясына да қатысты. Екі күнге созылған операцияда белсенділік, батылдық танытқан Құдайберген Абдамбайұлы облыстық ішкі істер басқармасының Құрмет грамотасымен де марапатталған еді. Өзіне тапсырылған істі абыроймен алып жүрген Құдайберген Абдамбайұлы 1980 жылы Жетіжал ауылындағы Энгельс атындағы орта мектептің директоры болып тағайындалады. Онда Жетіжал кеңшарының директоры Кенжехан Ақылжановтың қолдауы, тәжірибелі педагог Сайрамхан Шалабаеваның көмегімен ауданда алғашқылардың бірі болып, оқытудың кабинеттік жүйесін енгізеді. Бұл аудан, облысқа ғана емес, республикалық деңгейде үлгі ретінде көрсетіліп, мектептің тәжірибесін таратқан, министрлік жоғары баға берген игі бастама болды. Оқу кабинеттерін құру, материалдық-техникалық базаны нығайту, кадрларды жасақтау бойынша атқарылған жұмыстардың арқасында білім сапасы көтеріліп, мектеп бітіруші балалардың 90 пайызы еліміздің жоғары оқу орындарына түседі. Мұнымен қоса мектепте оқушылардың көпсалалы өндірістік бригадасы құрылады. Осының арқасында 1982 жылы Целиногрдта өткен Бүкілодақтық оқушылардың өндірістік бригадасы слетына алғаш рет Талдықорған облысы атынан қатысады. Міне, осындай атқарған жемісті жұмысы үшін «ҚазССР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталады. 
     1984 жылы Киров аудандық партия комитеті аппаратына ауыстырылады. Онда екі жыл қызмет еткен соң Талдықорған облыстық білім бөлімінің шешімімен Қаратал ауданына еңбек инспекторы болып барады. Сол жылдары Қаратал ауданы еңбекке оқыту бойынша өткен облыстық конкурста 1-орын алып, трактор мен ақшалай сыйлыққа қол жеткізеді. Мектеп өмірі, балалармен жұмыс істеу – ұстаздың жан қалауы еді. Сондықтан өз еркімен білім ошағына сұранып, Фрунзе атындағы орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болады. Кейіннен осы білім шаңырағына басшылық етеді. Мұнда ұстаздың алдында оқушылардың білім деңгейін көтеру, мектептің тәрбие жүйесін түбегейлі өзгерту міндеті тұрады. Өйткені аталмыш мектеп құқықбұзушылық жағынан ауданда бірінші орында тұрған еді. Оның үстіне оқушылар санының көптігі әрі балалар үйінің жеткіншектерінің де осы мектепте білім алатындығы тағы бар. 
     1989 жылы Талдықорған облыстық институтымен мұғалімдерді қайта даярлау бойынша келісімшартқа қол қойылды. Осыған орай білім шаңырағында семинарлар ұйымдастырылып тұрды. Оған облыстың әр өңірінен мұғалімдер келіп қатысып, тәжірибе алмасты. Оқытудың озық үлгілерін ортаға салды.
     Алғашқы бес жыл оңай болмайды. Уақытпен қиындықты жеңіп,  білім көшін алға сүйреген мектеп директоры алдына тағы бір үлкен міндет жүктеледі. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін әр типтегі мектептер пайда болып, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін іздеу тапсырылады. Мектептің мүмкіндіктері ескеріле отырып, оны мектеп-гимназия етіп қайта құру ұсынылады. Осылайша 1993 жылы ауданда алғашқы мектеп-гимназия жұмысын бастайды. Сол кезде ұстаздар «барлық бала қабілетті және талантты, бірақ әрбіріне оқу материалдарын меңгеру үшін уақыт керек» деген ұранмен оқушылардың жеке мүмкіндіктерін зерттеп, оны дамыту бойынша жұмыс жүргізеді.
     1996 жылы Фрунзе атындағы мектеп «Сорос-Қазақстан» қорының 6 мың долларлық жүлдесін ұтып алады. Байқауға еліміздің 120 мектебі қатысқан еді. Оның 36-сы жүлдегер болды. Бұл мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтумен қатар шәкірттерге ағылшын тілін меңгертуге де септігін тигізді. Шетелдік еріктілер Джоуелла мен Чаданың 6 жыл мектепте жұмыс істеуі оқушылардың тіл үйренуге деген ынтасын арттыра түсті. Еріктілер қазақ халқының және көпұлтты Қазақстан мәдениетіне үлкен қызығушылық танытты. Облыстағы алғашқы этномәдени орталықтар да осы мектепте ашылды. Күрд, корей, орыс, чешен, қазақ орталықтары өз жұмысын бастап, мәдениетін, салт-дәстүрлерін жаңғырта түсті. 
Облыс тарихында алғашқы болып аталмыш мектеп өздері өсірген қызылша есебінен пәтер сатып алып, оған шетелдік еріктілер тұрды.
     Фрунзе атындағы мектептің газет, кейіннен «Достық» атты журнал шығарып тұруы да тамаша бір белесті кезең еді. Бұл басылым бетінде мектеп өмірі, жетістіктері, жас дарындардың өлең, әңгімелері басылып тұрды.
Білікті басшы басқарған  соңғы он жылда білім ошағы көркемөнер, қолөнер, пәндік олимпиада бойынша алғашқы орындардан көрініп жүрді. Облыстық деңгейде «Үздік жыл мектебі» атағын да жеңіп алды. Ал осы істің басы-қасында жүрген Құдайберген Абдамбайұлы «Жылдың үздік директоры» атанды. 2002 жылы Астанада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жасаған «Ұлттық білім жүйесінің моделі: қазіргі жағдай, проблема және перспектива» атты баяндамасы жоғары бағаланып, жинаққа да енді. 
     Құдайберген Абдамбайұлы басшылық жасаған 2007 жылға дейін мектеп аудандағы үздік үштіктің қатарынан көрінді. Одан кейін де ел өміріне, қоғамдық іс-шараларға белсене араласқан парасатты жан «Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалы төрағасының орынбасары болды. Ондағы негізгі жұмысы да жас ұрпақты қазақстандық патриотизмге баулу, ұлттар бірлігі мен келісімін сақтау, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Атқарған қызметі, жемісті еңбегі бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медальдарымен де марапатталды.
– Менің өмірімде анам Жарқынтайдың алар орны бөлек, – деді бізбен әңгімесінде ұстаз. – Өкінішке орай, менің 15 жасымда өмірден ерте өтті. Біз төртеуміз – мен, Айжан, Алдаберген, Айжамал көзіміз жаутаңдап, тағдырдың жазғанына амалсыз көніп қала бердік. Айжамал ол кезде небәрі 5-ақ жаста болатын. Анам мені қатты жақсы көретін, сенетін еді. Сондықтан болар, қиын сәттерде мен әрдайым анамды есіме алдым. Ол кісінің өмірлік қағидаларын ұстандым. Бұл маған өмірде көп көмектесті. Ол мен үшін қорғаушы періштем болды және ол кісінің қасымда жүргенін әрдайым сезінетінмін. Әлі есімде Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға тапсырар кезде ұйқыға жатар алдында мені желеп-жебеуін, көмектесуін өтіндім. Еш қиындықсыз оқуға түсіп кеттім. Өмірде де таңдауға, шешім шығаруға тура келген қиын сәттерде анама жүгіндім. Ол әрдайым мені қолдады. Сол үшін анама алғыс айтып келемін. 
      Ал әкем Абданбай анам қайтыс болғаннан кейін қайта отбасын құрмастан 25 жыл өмір сүрді. Бізге әрдайым біреу сендердің шекелеріңнен шерткенін қаламаймын деп айтып отырушы еді. Біз оған қаншылықты қиын болғанын түсінетінбіз. Соған қарамастан әкем бізді жалғыз жеткізіп, бәріміздің жоғары білім алуымызға мүмкіндік жасады. Оқуымды бітіріп, Талдықорған облысына жолдамамен жұмысқа барып орналасуымның өзі біздің Қошмамбет ауылының тұрғындары үшін мақтаныш еді. Шындығын айтқанда бұл аймаққа келуге мен өзім сұрандым. Өйткені, әкем Қапал өңірінің тумасы еді. Әкеме және оның бауыры Шаяхмет ағаға деген құрметпен осы аймаққа келдім. Ол кезде Қаскелең ауданында да жұмысқа қалуыма болар еді. 
Өзімді бақытты әке, атамын деп айта аламын. Менің Інжу есімді тамаша немерем бар. Алмагүл, Әсел есімді екі қызыма да ризамын. Олар менің арманымды орындап, экономика мәселелері ғылымы  бойынша  кандидаттық, докторлық ғылыми дәрежелерін қорғады. Алмагүл қызымның өмірлік жары Нұржан есімді керемет күйеубалам бар. Осылар менің жарық күнім, – деді.
     Құдайберген Абдамбайұлы бүгінде ұлағатты ұстаз, қамқоршы әке, адал жар, сүйікті ата ғана емес, ел-жұртына сыйлы жан. Бала кезінен спортты жанына серік еткен ұстаздың жеңіл атлетикамен, жүгірумен айналысып, түрлі жарыстар да оқу орнының намысын қорғаған кездері де болған. Қазір де дене шынықтырумен үздіксіз айналысып келеді. Футболды да жаны сүйетін жан «Қайрат» командасының айнымас жанкүйері.
     Биыл 70 жылдығын әрі зайыбы Жаниямен қосылғанына 45 жылдығын атап өтіп отырған мерейтой иесінің халқына әлі берері көп.

Алма ЕСЕНБАЕВА.