ӨНІМ КӨЛЕМІ ӨСТІ

Уақыты: 14.11.2017
Оқылды: 1027

     Қарадала  өңірінің  еңбеккерлері  үстіміздегі  жылды  айтарлықтай  табысты  нәтижемен  аяқтап  келеді. Ауылшаруашылық  өндірісінің  барлық  саласында  өткен  жылдың  осы  мерзімімен салыстырғанда өнім  көлемінің  көбейгені  байқалады. Өңір  тұрғындарының  егіншілік  саласында өндірген өнімі 13  миллиард 632  миллион  теңгені  құрап,  өткен  жылмен  салыстырғанда  ол 935,2  миллион  теңгеге  ұлғайды. Жыл  соңына  дейін  бұл  көрсеткіш  көлемінің  тағы  көбейе  түсері анық.


    Егіншіліктегі  табысты  тасқындатқан  жүгерішілер  «дала  аруын»   жинау  науқанын белгіленген  уақытта  аяқтапты. Бұдан  басқа майлы  дақылдар, бақша және  көкөніс, картоп  өнімдері  сақтайтын  орындарға  жеткізілген. Ал  қазір егіс  алқаптарында  күздік  бидай  егу  жұмыстары  қарқынды  жүргізілуде. Тасқарасу  ауылының  элиталық  дақылдар  тұқымын  дайындайтын  қожалықтары келер  жылдың  көктемгі  егін  науқанына  дайындықты  қолға  алып, 20  тонна сұрыпты  бидай  тұқымын  жинап, 60 тонна  элиталық  жүгері  тұқымын  әзірлеп  қоюдың  қамына  кіріскен.
     Тұқым  өсіретін  шаруашылықтарға  мемлекет  тарапынан  берілетін  қолдауқаржы  егіншілердің  еңбегіне  демеу  болып  келеді. Биыл  87,9  тонна  жүгері тұқымын  сатып  алған өңірдегі 139  қожалық  Үкіметтен жалпы 32  миллион 591  мың  теңге  демеуқаржы  алды. Сол  сияқты  жеміс  бағын  өсіретін  жеті  шаруашылыққа  16012  жеміс  ағашының  көшетін  сатып  алғаны  үшін 5  миллион теңге  қолдауқаржы  төленді.
    Осы ретте  Шарын  өңіріндегі  егін  шаруашылықтарына  134  миллион 628  мың  теңге  бөлінгенін  айта  отырғанымыз  артық  болмас. Жас  бақ  еккен  бағбандарға, көпжылдық  жүзім  көшетін, көне  жеміс  бақтарын  жаңартқандарға  да Үкімет  тарапынан қаржылай қолдау  көрсетілді.
     Минералды,  органикалық  тыңайтқыштарды  егістік  алқаптарына қолдану  егіншілерге  арзанға  түспейді. Бұл  бағытта  да  мемлекет  егіншілерге қаржылай  қолдау  жасап  отыр. Айталық, биыл 155,1 тонна  минералды  тыңайтқыш  пайдаланған  32  шаруа  қожалығына мемлекет 7 млн. 484  мың  теңге  демеуқаржы бөліпті. Сонымен  қатар,  өсімдіктерді  зиянды  жәндіктер мен  әртүрлі  аурулардан  қорғау  үшін гербицидтер  қолданған  11 шаруашылыққа 3  миллион 744  мың  теңге  қолдауқаржы  берілді.
Ауылшаруашылығы  өндірісінің  материалдық-техникалық  базасын  нығайтуға  да  мемлекет  мән  беріп  келеді. Әсіресе,  ауылшаруашылық  техникаларын  жаңартудың  маңызы  үлкен.  Есепті  уақыт  аралығында  өңірдегі  қожалықтар  9  «Беларус»  тракторын,  екі  трактор  тіркемесін, бір  экскаватор,  21  басқа  да  ауылшаруашылық  техникаларын 133  миллион 825  мың  теңгеге   сатып  алды.
     Аудандағы  мал  шаруашылығының  да  өнім  өндіру  көлемі  артыпты. Үстіміздегі  жылдың  тоғыз  айында  шаруалар  6588  тонна  ет, 17858  тонна  сүт, 564  тонна  жүн, 6  миллион 137  мың дана  жұмыртқа өндіріп  сатыпты. Бүгінгі  таңда  Шарын  өңірінде  75591 ірі қара, 272305 қой-ешкі, 17053  жылқы, 21433 құс қыстатылмақ.Өңірдегі  төрт  түлікті  қыстан  қоңды  шығару  үшін  фермерлер 116600  тонна  шөп  дайындап  алыпты.   Ауданда  мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын  асық», «Құлан»  бағдарламаларының  көмегімен мал  сапасын  жақсарту  бағытында  да  қарымды  қарекет  жасалуда.
Өңір  тұрғындарының  ауылшаруашылық  өндірісін  өрлете  бастаған  қарымды  қарекеттерін осындай  нақты  көрсеткіштер салмақтайды. «Елде  болса  ерінге  тиеді»  демекші, отандастарымыздың  байлық-берекесінің  еселеп  артуына    аудан  тұрғындары  да  өз  үлестерін  нәтижелі  істерімен  қосуда.


Мырзағали  НҰРСЕЙІТ.
Ұйғыр  ауданы.