Сөзді дұрыс қолданып жүрміз бе?

Уақыты: 18.05.2023
Оқылды: 1179

Мысықты арыстан десем, есі ауысқан ба дейсіз? Жолбарысты мысық десем ше? Қазақ даласында мәлін деген бар, соны пантера не гепард десем, «мына кісіні анық қарату қажет» дейтініңіз хақ. Өйткені мысық айна алдында қанша арыстандай айбатты болғанмен итті көргенде арқа жүні үрпиіп, тал үстіне өрмелеп шығар мысық болып қала бермек.

Ганс Христиан Андерсенді білесіздер, бірақ оның «Сұрықсыз үйрек» (Гадкий утенок) ертегісін білмеуіңіз мүмкін. Сонда әлгі құс қанша үйрек болуға тырысқанмен үйрек болып кете алмады. Себеп те жоқ емес. Қан бар, қанмен берілген мінез, қарым-қабілет, қасиет бар. Адасқан «сұрықсыз үйрек» өзінің аққу екенін білгенде ғана өз жолын таппай ма? Тағы қызық мәлімет, жануарлардан аулақ кетіп, жаны жоқтарды қозғайық енді. Үйде үстел бар, оны парта демейміз, ол үстел болып жасалды және солай аталып қалмақ. Ал партаның бетіне шимақтап «үстел» деп жазсақ та, ол парта болып қалмақ. Адам санасына симайтын қисынсыз әңгімені неге айтты десеңіз, күте тұрыңыз шамалы…

«Әр нәрсені өз атымен атамай,
Сау адамды жынды қылу оп-оңай», – дейді қазақтың бір ақыны. Дәл солай. Грек мифіндегі Одиссей Троя соғысынан оралып келе жатқанда әбден адасады. Күндердің күнінде циклоптар аралына тап болады. Бір циклоптың қойы қамалған үңгірге тығылады ғой. Циклоп түліктерінің «қорасынан» адам иісі шығатынын аңғарып, оларды түйірлеп алып азық ете бастайды. Бірде циклоп Полифем Одиссеймен танысады, Итака патшасы өзін «Ешкім» деп атайды. Патшаны соңынан жеуге уәде берген Полифем Одиссей берген шарапқа удай мас болып қылжияды. Бұл сәтті күткен «Ешкім» оның көзін ағызып түсіреді. Жалғыз көзіне отқа қыздыра отырып үшкірленген қазық қадалған Полифем ойбайлай жөнелгенде оның бауырлары кім тиіскенін сұрайды. Соқыр циклоп сассын ба, «Ешкім» дейді. «Ешкім тиіспесе, бос айғайлама» деп өзге циклоптар жөніне кетеді. Осылайша «Ешкім» бір көзді дәуден құтылған екен. «Әр нәрсені өз атымен атамай, сау адамды жынды қылу оп-оңай» деген осы.

Бір сөз бар қазір қоғамдық санаға әбден орнығып алған. Ерекше қажеттілігі бар адам! Адам өзі қажетсіз болушы ма еді? Қажеттілігі жоқ адам өлген кісі-дағы. Ал әр адамның қажеттілігі өзіне ерекше. Сөздің шығу төркіні орыстікі. «Человек с особыми потребностями» дегеннің тура аудармасы.

Ресми орындар «ерекше қажеттілігі бар адам» деп мүмкіндігі шектеулі жандарды айтады екен. Кәдімгі мүгедек, зағип, кембағал, жарымжан адамды осылай атайды. Қызық, ә! Әдетте қазақтан асқан сөз айтқан ұлт жоқ көрінеді бізге. Солай ғой. Қазақ айтады «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді. Бұл мәтелді сөз жасамнан өткізіп, «Қызыл құйрықты, қу жануарды аяғы ұзын, аң аулауға қолайлы жеті қазынаның бірін қосып ұстап ал» десе, не оттап отырсың деуіңіз мүмкін. Дәл солай. «Ерекше қажеттілігі бар адам» дегенге соны айтар адам табылмағаны ма? Бұл сөзді «гугле» әжеге салсаңыз, талай ресми құжат өріп шығады. Бөгіп шығады.

Біз өзі жаңалық ашуға емес, дайын тұрған жаңашылдыққа жанымыз жақын. Ғылымда да солай, ілімде де солай. Қай жылдары білім саласында шетелдік «ұлы ғалымдардың» еңбегін қолданып, қолданып демей-ақ қоялық, аударып тұрмысқа енгізгені соған дәлел. Алысқа шаппайықшы, соңғы уақытта локдаун, омбудсмен, тренд, харизма сынды сөздер қолданысқа етене еніп кетті. Интернетті өз тіліне аударған жалғыз түйір ел болса, сол біз, қазақ елі. Әлемнің 200-ден астам елі интернет десе, қазекем ғаламтор дейді. Қызық, ә! Ал қолданысқа карантин (шектеу немесе оқшаулану ғой мағынасы) кезінде локдаун деген шықты. Бір «дауннан» құтыла алмай жүргенде екінші «даун» пайда болды. Алдында лок-ы бар. Ағылшын тілінен аударғанда «қатаң шектеу» дегенді білдіреді. Ал біз алдық та қолдана қойдық. Газет біткен, сайт қостаған, теледидар шолу жасаған министр аузынан шыққан сөзді «қуаттай» жөнелді, жуан әрі үлкен әріппен жазғанын қайтерсіз?!

«Харизма» да жиі қолданылып кетті қазір. Харизмасы жоғары, пай-пай харизмасы мығым дейді қазіргілердің талайы. Харизма бір адамды бір адамнан ерекшелейтін қасиет қой. Қасиеті жоғары адам немесе қасиетті адам. Басты да, бас ішіндегі миды да қатырудың қажеті қанша? Бір қызық мысал, сөз арасына қыстыра кетейін, профессордан оқушысы сұрапты: «Жұртқа қалай білімді көрінуге болады», – деп. Сонда профессор: «Жұрт естімеген сөздерді айт, сені білімді деп ойласын», – деген екен. Сол сықылды, омбудсмен деген неге жиі сөз болуда. Ежелгі скандинавиялықтар әкелерімізден ақылды болып па? Омбудсмен – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын ешкімге бағынышты емес тұрғыда, тәуелсіз қадағалау және қорғау, сондай-ақ өз өкілеттігі шеңберінде бұзылған құқықтарды қалпына келтіру мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырумен айналысатын адам. Уикипедия солай дейді. Қазақ тарихында омбудсмен болмады ма? Болды. Тура да нақты аудармасы – «тура би» болмаса «әділ қазы».

Мына жайтты ескерген абзал, біз – күллі Еуропа бұтына жапырақ байлап, табанынан тозып жүргенде, шалбар киіп, атқа қонып, әлемнің жартысын билеген бабалардың ұрпағымыз. Сөзіміздің талайын әлем өзіне бұрмалап жатыр, мәселен «құзбасы – кузнец», «деньги – теңге», «қазына – казна, казначей». Осылай кете беруге болады. Әр жағын өзіңіз таразылаңыз...

Дастанбек Садық
Фото: info.sibnet.ru