ШЫРАЙЛЫ ШЫҒЫС САПАРЫ

Уақыты: 21.05.2023
Оқылды: 1026

Жер жаннаты Жетісудан шырайлы шығысқа сапарлаған жеті журналистің пойыздағы әңгімесі әдеби арна тауып, Оралхан Бөкей туған құтты топыраққа Сайын Мұратбеков елінен ақ сәлем арқалап бара жатқанымыз жайлы болған. Арасында саясат, қоғам, құндылық құлдыраған уақыттағы адамдардың мінезі мен ұстанымы, болмысы мен көзқарасы да айтылып жатты. Ойдың омартасынан бал ағызған кіл жастардың әңгімесін сырттай тыңдаған жан мүритке ұйыған жамағаттай үйіріліп-ақ кететін еді.

Елін, жерін сүйген осынау азаматтардың күйбең тірлікпен күнделікті өмірге бой суытатынына іштей жаның ауырады. Бірінің жайсаң, бірінің қиқар мінезі болса да қастерлі құндылық, ұлттық ұстаным дегенде ақтарылып түсер ақкөкірек шетінен. Әр тарапқа тартқан армандары өңге болса да асыл мұратқа жұмыла кетер бірліктері де бар осынау журналистер тәулікке созылған жолда көп дүниенің басын қайырған. Әсіресе, 30 жылдық олқылықтың орнын руханиятқа ойысу, ұлттық рухты көтеру арқылы толтырамыз деген болжамдары да бір жылғада сыңғыр қаққан.

Жолсоқты күйде Өскемен қаласына жеткен әріптестер аяқ суытпастан Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына ат басын бұрды. Мұнда облыстық «Jetisy» газетінің бөлім басшысы Асыл Сұлтанғазының шығармашылығына арналған «Көңіл-айнам» атты оқырманмен кездесу кеші өрнек тапты. Алып шаһардағы С. Аманжолов атындағы университеттің, колледждердің студенттері, жетекшілер, зиялы қауым өкілдері рухани шараға көзайым болды. Руханият саласында жүрген жігіттерді алқалаған шығыстықтар ерекше меймандостықпен күтіп, рух көтерер тақырыпта әңгіме өрбіді. Ақындық, қаламгерлік қағидаттар мен көзқарастар тұрғысында басталған сұхбатымыздың негізгі айналып соға берген тұсы – жастар тақырыбы. Бүгінде жастар елдің тірегі болу үшін оның асыл қасиеттерін, құндылықтарын бойына сіңіріп, қазақы қалыптан шықпай күн кешу керектігі, ана сүті, әке қанымен дарыған мінездің текті тегершігі; ана тілді, дінді, салт-сананы терең меңгеру, өткенді құрметтеп, болашаққа байыпты бағдар басу екені айтылды.

Ақындары арнау айтып, білімгерлері сұранып сөз алып, алғысын жаудырған кеш өз деңгейінде өрнек тапқандай.

Шырайлы шығыстың сұлулығын өн бойына тоғытқан Өскемен әріептестерге шығармашылық шабыт сыйлады. Кітапханадан оқырман алғысын арқалап шыққан біз алдымен сапарымызға себепкер болған – «Алтай» телеарнасының 65 жылдық мерейтойы құрметіне арнайы телеарнаға ат басын бұрдық. Нұртас Көшеров тізгінін ұстаған телеарнаның тыныс-тіршілігімен танысып, ел сәлемін жолдаған жетісулық жігіттер өз кезегінде облыстық «Дидар» газетіне барып, ондағы журналистермен де сұхбаттасты.

Журналистер бас қосқан жерде талқыланар тақырып арнасы кеңіп сала беретіні бар. Әсіресе, қаламгері көп ортада ұлттық құндылықтан өткен өміршең тақырып жоқ. Редакцияда айтылған әзіл, толғанған толғамды тәптіштеп жазсақ қырдағы қысырақ құлындағанша сөз шұбатарымыз аян. Дегенмен, шығыстық әріптестермен кездесу де шығармашылық әсер сыйлаған-ды.

Сапардың келесі күні «Восток» стадионында өткен БАҚ өкілдері арасындағы ала доп бәсекесімен жалғасты. Мұнда сайысқан 10-ға тарта команданың ішінде Жетісу жерінің намысын қорғап барған Айдар Қалиев, Серік Қантай, Аршын Айдынбек, Ерлан Азамбай, Қайырхан Амандосов, Мереке Тілебалды сынды жігіттер барын салды. Тартысқа толы ойын жекелей шеберлігімен де, командалық ойын мәнерімен де көрерменді тәнті етті. Айталық, топтық кезеңде «Алтай» телеарнасы, С. Аманжолов атындағы университет, «Көкпекті» командаларымен ойнап, жартылай финалда «Шығыс-ақпарат»  құрамымен айқасты. Осылайша ала доп бәсекесінде Бейсен Құранбек ағамыздың құрметіне құрылған «Қарекет» командасы кезекті чемпиондық кубокты төбелеріне көтерді.

Рас, бұл сапарда жетісулық жігіттер шығыстықтардың құрметіне бөленді. Сонымен қатар сайдың тасындай сұрыпталған әріптестерім қазақтың жомарттығын танытып, кітапханаға, «Алтай» мен «Дидар» газетіне жетісулық жұрттың атынан тарту-таралғы сыйлап, Жетісудың әсем табиғаты салынған картина, қаламгерлердің кітабын табыс етті. Осылайша 5 күнге созылған сапарда рухани сабақтастық жібі ширатылып, азаматтар аға-бауырдай табысып қайтқан-ды.

АРДА БИ