Сарыөзектегі төбет еліміздің Оңтүстік өңірі бойынша чемпион атанған

Уақыты: 11.06.2023
Оқылды: 698

Әр халықтың біте қайнасқан ұлттық құндылығы болады. Оны қазақ «жеті қазына» деп атаған. Оның бірі – ит. Ит болғанда да иесіне адал, ас пен суға жөнсіз сұғынбайтын, келген-кеткенге тұңғиық жанарымен бір қарайтын, түнімен ауылды торып, ит-пен құстан қорғап шығатын маң төбетті кіргізген.

Жалпы, адам баласы жер бетіне түскелі бері жан серігі ретінде итті асырап, қажетіне жаратып келеді. Соған орай әлем жұртшылығының өзіне тән итке деген қызығушылығы мен құрметі бар. Мысалы, тибеттік мастиф, сібірлік лайка, жапондық хаски, алмандық овчарка, түркіменнің алабайы, қазақы төбет. Бұлардың әрқайсысы жағрафиялық жағдайда, ауа-райына, жер бедеріне, адамдық қарым-қатынасқа орай бүгінгі тұлғасын қалыптастырды. Яғни, аталған тұқымдар іріктеліп, ғасырлар қойнауынан осы күнге жетті.

Қазақтың төбеті қашанда иесінің айтқанымен жүріп, көмегіне жараған. Тіпті, қиын-қыстау сәттерде иесін жаудан да қорғаған. Әйгілі Ермак қанішерді Уақ Сәтбек батыр «Құтжол» есімді төбетінің көмегімен өлтіргені енді айтылып жатқанын мысалға алсақ жеткілікті. Шынында қыстың қақаған аязын, жаздың қапырық ыстығын елемей иесінің үйі мен мал-мүлкін күзетуден танбаған Төбеттің қандай сыры бар?! Неге Төбет аталды?

Міне, осы сауалдардың жауабын табу үшін төбет өсіретін жігіттермен танысып, күшігінен баққан итінің қасиеті мен қарымын сұрастырдық. Оңайлықпен таптырмады. Оған себеп, ит таластыруды жабайылық деп есептейтін шетелдік жасылдар қозғалысының жергілікті билікке қойған талабының күштілігі болды. Адам мен адамды төбелестіріп, шашыраған қаннан ләззат алатындар неліктен ит таластыруға өшігіп қалды екен? Әйтпесе, тазы жарыстыру, ит, кекілік, қораз таластыру, қошқар, бұқа сүзістіру ертеден келе жатқан ермек емес пе?! Оның да бір себебі бар шығар. Бізге керегі – қазақы Төбеттің тұқымын келешекке сақтап қалу.

Әлеуметтік желілерді іздестіре жүріп, ақырында Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде тұратын Жандос Укашев есімді жігіттің күшік кезінен баққан «Малыш» есімді төбеті 64 салмақта еліміздің Оңтүстік өңірі бойынша чемпион атанғанын білдік.

– Төбет бағудың өзіндік ерекшелігі бар. Жақсы тәрбиелесе өзін салмақты ұстап, өзгелердің алдында кемшілігін көрсетпейді. Сабырлы, байсалды, қасқырға төтеп бере алады. Ең керегі де осы, – деген Жандос Болатбекұлы итінің шежіресін таныстырып өтті. – Бұның ең үлкен атасы Ақтөбе қаласында тұратын Арыстанбек Укашев деген кісіде. Әлем чемпиондығын 2 мәрте жеңіп алған, шетелдерде өнер көрсеткен сондай мықты ит. Дене қуаты бойынша 64 салмақта онымен теңесер төбет кемде кем. Мінез-құлқы да ерекше.

Жалпы, иттердің чемпионаты бәйге секілді. Жүйріктің жүйрігі ғана ұзақ қашықтықтан озып келетіні сияқты, төбеттердің қасқырға төтеп беретін қайсарлығы, сырттандығы, мал бағуға икемділігі, күзетке бейімділігі сынға түседі. «Малышты» Оңтүстік өңір бойынша абсолютты чемпионатқа дайындағанда тестілік сынақтар болатынын білмедік. Соған қарамастан төбетім сынақтан мүдірмей өтті. Яғни, әбден іріктелген 2 төбет бір бірімен кездесіп, күш сынасады. Ондай жарыстың итке залал келтірмейтіндей өз ережелері бар. Соған байланысты басым түскен төбет жеңіске жетеді.

Жандос Болатбекұлының айтуынша, жеңімпаз болғаннан бастап «Малыштан» күшік алушылардың қатары көбейген. Ол үшін ұрғашы төбетін қашыруға әкелетіндер ақысына күшік беруге немесе ақшалай ақысын төлеуге келіседі. Осылайша қазақы тұқым еліміздің әрбір өңіріне жайылып барады.

Төбет бағудың өзіндік қиындығы бар. Ең алдымен тамағын тауып беру. Қыстың суығында негізінен ет жейтін маң төбет жазда түрлі дәнді дақылдан жасалған быламық пен нанға қанағат етеді. Оны да өлшеулі мөлшермен беруге үйрету керек. Одан бөлек, мұхиттың арғы бетінен келетін «Pedigree» тамағын қосымша беріп отыратынын жеткізген Жандостың айтуынша, 10 күшіктің ішінен таңдап алған «Малыш» ерекше ақылды. Аулаға жан кіргізбейтін төбет көшеге шыққан жағдайда ешкімге тимейді. Есесіне, тау мен таста еркін жүріп, қасқыр атаулыдан сескенбейді.

– Биыл қыста шалғайда атпен серуендеп жүріп, кішігірім қасқырға кездесіп қалды. Дәу көкжал деп өтірік айтпай-ақ қояйын, денесі орташа қасқырға қарсы тұрып, таласудан тартынбады. Қасқырдың аты қасқыр ғой, иттің шекесіне зақым келтіріп, сүйегін сындырып жіберді. Сол кезде қыңқ еткен дыбыс шығармады. Осылайша түз тағысына төтеп беріп, жарақатына байланысты жіберуге мәжбүр болды. Арнайы шықпағаннан кейін қасқырды қуып, індетпедік, – деген Жандос Болатбекұлы аудан орталығында тұратынына қарамастан ат ұстап, саятшылықпен де айналысатынын айтып қалды. Бірақ ең басты ермегі төбет екен.

Сарыөзекте тағы бір жігіт төбет бағатынын естіп үйіне бардық. Есімі – Дастан Мүсірәлі, төбетінің аты – «Сарбаз». 2016 жылы Байдрахман деген кісінің Байтөбет атты итінен туған күшікті сатып алыпты.

– «Ит адамның досы» деген сөз бекер айтылмаса керек. Меніңше төбет адамның айнымас серігіне, бұлжымас сертіне айналады екен. Дұрыстап үйретсе барлық бұйрықты орындайды. Көпшілік бұл жағынан неміс овчаркасының қабілетіне қызығып жатады ғой. Төбет айтқаныңды бірден орындайды, – деген Дастан Мырзалыұлы итінің бойына жасырған сырын паш етті. – «Отыр! Тұр! Тамақ іш! Ішпе! Орныңа! Суға түс! Машинаға мін!» деген бұйрықтың бірде бірін жібермей атқарады. Және ең бастысы – адал. Әлдекім мені ойнап жұлқылап, күш көрсететін болса қорғауға ұмтылады. Туған бауырым екеуміз қыстың күні есік алдында алысып, жұлысып, күресіп, ойнайтын болсақ, маған жәрдемдесіп, інімді денесімен қағып, қарсылық танытады. Осылайша күшігінен баққан маған жақындығын білдіріп қояды.

Бұның шешесі Қызылжар ауылында тұратын Қайрат деген ағамыздың қолында өскен еді. Қазір жоқ. Тек мал бағуға жұмсалған қаншық күшіктерін өзі тамақтандырып отыратын. Жегенін құсып беретін. Соның тектілігін көріп таңғалдым. Менің Сарбазымның Таймас деген ұяласы бар. Сонымен ұйықтандырмақ болғанда өз күшігіне қосылмай қойыпты. Қозыға тимейтін, ашық тұрған есіктен кірмейтін, үйдегі етке ауыз салмайтын қасиеттерін айтып тауыса алмаспын.

Осылай деген Дастан «Сарбазды» Алматыда өтетін ит жарыстарына қосып көргенін айтты. Қарсыластарынан жеңіліп көрмеген адал төбеттің күшіктері Жетісу облысының барлық ауданына таралып кетіпті. Ол үшін қаншығын қашырып алуды сұрап келушілермен келісіп, 1 күшігін алып тұрады. Онда да күшікті өзі алдымен таңдауды талап ретінде ұсынады. Көпшілік келіседі.

Дастанның айтуынша, туғаннан 8 қар басқан «Сарбаз» тәртіпті, аштыққа шыдамды. Ыдысына құйылған тамақты иесінің қарасы көрінбей кеткен соң ғана жейді екен. Яғни, жөнсіз арпылдап, тамақ көрсе жалаңдап кетпейді. Сырбаз кейіпте өзіне бұйырған несібеге ауыз салады.

Міне, бір ауылда өскен 2 адам, 2 төбет. Екеуі де ғылыми технология қарқынды дамыған кезеңде өмір сүріп жатыр. Жаһандану дәуірінде тегіне адалдық танытып, ата-баба дәстүрін берік ұстану оңай емес. Ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасқан төбеттің бүгінгі ұрпағы осылай күн кешуде. «Ит иесіне тартады» дегенді айтқан халқымыздың даналығына ой жүгіртер болсақ, Жандос та, Дастан да баққан төбеттеріне өз тәртібін үйретіп, өз шарттарын сіңірген. Маң төбеттер де иесінің айтқанынан шықпай, үйреткенін бойына сіңірген.

Ертеде ауылдың іргесіндегі биікке шығып, мал мен жанның амандығын күзеткен қазақы Төбет бүгінде әрбір ауылдың түзу-түзу көшелерін жағалай орналасқан үйлердің ауласында байлаулы жатыр. Оны қарғыбауға үйреткен заманның талабы. Кеңестік идеологияның тұсында жоспар орындауға тырысқан ит атқыштардың оғынан қырылып кете жаздаған Төбет қазір жаңаша тыныстай бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Тазы мен Төбетті сақтау туралы Заң әзірленіп жатыр. Аталған Заң күшіне енгенде қазақы Төбеттің саны өсіп, кең байтақ еліміздің жаңа тұлғасына айналарына сенім мол.

Төбені мекендеген тектіліктің тағдыры осылайша өріліп жатыр.

Мәди Алжанбай