Бүгін – Қазақстан халқы тілдері күні

Уақыты: 05.09.2023
Оқылды: 741

Тіл – әрбір тәуелсіз елдің мақтанышы, абыройы. Ана тілін қадірлеп-қастерлейтін ұлттың болашағы жарқын. Себебі, тіл – ең қасиетті құндылық. Ол атадан балаға сақталатын киелі мұра. Ел маңдайына біткен тұлғалар қазақтың тілі ұмытылып, жойылып кетпеуі үшін қызыл аяқ қар кешіп, жалаң аяқ жар басты. Ұлт болып қалыптасу жолында мыңдаған белестен өту кезінде рухты құлатпаған бабалар ана тілді ардақтай білді. 

Әлі күнге дейін  өз биігінде тұрып-ақ ұлт тұтастығын сақтауға рухани демеу беріп тұрған да осы бабамыздан аманатқа қалған тіліміз. Бұл жолда терсіңді еңбек еткендер қатарында  біртуар тұлға, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын-ұлының алар орны ерекше. 

Ұлт ұстазы заманында оза шауып, қазақ тілінің жойылмауы жолында тегеурінді еңбек етті. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзінің өзі оның қаншалықты тіл үшін күрескенін айғақтайтындай.  

Ата-бабадан мирас боп қалған ана тіліміздің жүйесінен ауытқымай, бұзбай сөйлеу үшін арнайы әдістемелік еңбектер жазды. Оны мейлінше жеңіл тілде түсіндіруге барын салды. Әлемдік картада «ел» болып тұруымыздың негізгі факторының бірі тіліміздің теориялық қырын нығыздап қалыптастырды. 

«Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйінін түйгенінше айтуға жарау». Даналық! Қалай дәл әрі өткір айтылған.  Ұлтқа деген сүйіспеншілік пен адалдықтан туған өр сөз дерсің. Қазіргі таңда шаңырағы биік, керегесі кең, терезесі тең, өз тілі бар, ұлт болып еленіп жүруіміздің өзі осының дәлелі емес пе?!

Өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпақпен көбейетіні бесенеден белгілі. Елін, тілін сүйетін болашақ ұрпақ ана тілінде яғни, қазақ тілінде еркін сөйлеп, оны тереңінен меңгерген болса ғана үміттің ақталғаны.

Ашық аспан астындағы бейбіт мемлекетімізде ана тіліміздің құқығы заңмен бекітілді. Ресми түрде бүтін елдің мемлекеттік тілі атанды. Арнайы мейрам күнін белгіледі. Бұл күнді, әрине, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сәйкестендіріп бекітті. 

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Осы заңды басшылыққа ала отырып, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде де нәтижелі істер атқарылды. Ана тілді сақтау әрі дамытып отыру  еліміздегі  әрбір азаматқа парыз. Өйткені тіл – тірі. Ол өседі, өркендейді, дамиды. Осы орайда Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының 8 аудандық, 1 қалалық және 1 облыстық  филиалы жұмыс істеп, өз үлесін қосуда. Жыл басынан 3 мыңға жуық адам курсқа қатысып, тіл үйренді. Қазан айында «Қазақша сөйлейік» клубына 500 адамды мүшелікке қабылдау жоспарланып отыр. Жалпы, жыл соңына дейін 3800-ге жуық азаматқа тіл үйрету жұмысы жоспарға енгізілген. Оның ішінде 42%-ы этнос өкілдері. Осы секілді көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Еңбек жолымның алғашқы сатысы осы орталықта басталуының өзі бір мәртебе. Өйткені қазақ тілін үйренуге талпынған өзге ұлт өкілдері ынтасының өзі ана тілге қызмет етемін деп келген менің талпынысымды арттырды. Туған жердің, тілдің бір керегіне жарасам деген ізгі ниетті одан әрі түлетті. Бұл жолда бетегелеп білім алып қана қоймай, тегеурінді еңбек етуді адамдық парызым санаймын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ана тіліміз ұмытылып кетпесін деп барын салған жандардың еңбегі еш кетпеуі үшін, ең бастысы, тіліміздің өсіп, кең қанат жайып өркендеуі жолында аянбай еңбек ету Отанымыздағы үкілеген үмітті арқалаған әр адамның азаматтық борышы, адамдық ісі.

Маржан ӘДІЛБЕК,
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мемлекеттік тіл бойынша оқытушысы