Әр бала қауіпсіз ортада өсуі керек

Уақыты: 05.09.2023
Оқылды: 737

Әлеуметтік желілерді ашсақ жасөспірімдер арасындағы буллинг, қатыгездік сынды жарияланымдар үнемі кездесетін болды. Бұл күннен күнге өзекті мәселеге айналып барады.

Бұл жайында  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе.Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», - деп атап өтті.

Ресми мәліметтерге тоқталсақ, 11-15 жастағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім ай сайын буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болып табылады. Оған қатысу ұлдар арасында көбірек таралған және бұл өте алаңдатарлық мәселе. Бұл ретте, «Жастар рухы» жастар қанаты жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Мысалға, Президентіміз өз Жолдауында балаларымызға жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керектігін атап өтіп, бұл бағытта біздің тараптан «Қауіпсіз қала», «Түнгі қаладағы балалар» сынды шаралар ұйымдастырылуда.

Мемлекет басшысы, бұл саладағы мәселелерді шешу бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажеттігін де атап өтті, осы орайда облысымыздағы игі бастама өңір басшысы Б.Исабаевтың қолдауымен мектептерде «әдеп-тәрбие жөніндегі ментор» жобасы биылғы оқу жылында іске аспақ. 

Ойды қорытындылай келе, Президенттің Жолдауын іске асыру тек биліктің ғана емес, азаматтық қоғам, сізбен біз болып бірлесе жүзеге асыруымыз қажетпіз және сол арқылы ортақ мақсат Қазақстанды өркендету жолында игі нәтижеге жетеміз деген пікірдемін. 

Еркебұлан Ақболатов,
Жетісу облыстық мәслихат депутаты