НАҚТЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ

Уақыты: 07.09.2023
Оқылды: 694

Жетісу облыстық мәслихатының кезектен тыс VІІ сессиясы өтті. Күн тәртібінде «Жетісу облысының 2023 – 2025 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу,  мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау, сондай-ақ, облыстық полиция департаментінің 2022 жылы және 2023 жылдың  7 айында атқарған іс-шаралары қаралды. Сессияда жер учаскелеріне төлемақының базалық ставкаларын белгілеу, облыс бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы мәселелер талқыланды.

Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев қант қызылшасы алқабын кеңейту, «Ақсу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын жүргізу мәселесіне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңіріне жасаған сапарында қант қызылшасын өсіруге ден қойып, алқаптарды кеңейту жайлы тапсырма берген. Сондай-ақ, Ақсу, Көксу қант зауыттарының жұмысын жандандыруды міндеттегені белгілі.  Осыған орай  Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында тәтті түбір алқабын кеңейтуге көңіл бөлінеді. Бұл орайда  Ақсу қант зауытын жүргізу үшін бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлінді, – деді Әлібек Жақанбаев.

Күн тәртібіндегі «Жетісу облысының 2023 – 2025 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер  бойынша облыстық  экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасап, облыс бюджетінің кіріс-шығыстары жөнінде ақпарат берді.

Облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай  Арыстанов былтырдан бері атқарған жұмыстарына тоқталып, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтар 23,4 пайызға төмендегенін айтты. Оның айтуынша, облыста 10 мың тұрғынға шаққанда қылмыс деңгейі – 60, республикалық көрсеткіш бойынша – 71-ді құраған.

Баяндамашының сөзінше, өзекті мәселелердің бірі – жол-көлік оқиғасының азаймай тұрғандығы. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция органдарының маңызды міндеттерінің бірі. Жол-көлік оқиғаларының орын алуына  көбіне жылдамдықты шамадан тыс асыру себеп. Биыл соның салдарынан 75 оқиға орын алған. Осының кесірінен 33 адам қаза тауып, 135 адам жарақат алған. Республикалық маңызы бар жолдарда  полициялық қадағалау маршруттарының саны ұлғайтылды. Арнайы маршруттардың көбейтілуі – оқиға орнына жедел жету және жарқылдауық маяктар бар автопатрульдер арқылы оқиғаның алдын алуға ықпал етуге негізделген.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйелерін кеңейту, жол жүру ережелерін бұзғандарды автоматты түрде тіркеуге баса көңіл бөлінбекші.  Облыстың жергілікті маңызы бар автожолдарында «VIDAR SPEED-R» белгіленген жылдамдықты бұзғандарды тіркейтін 17 камерасы бар    7 автоматтандырылған бағдарламалық кешен бекеті жұмыс істейді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес департамент қызметінде есірткі бизнесімен күреске көп көңіл бөлінеді. Облыс көлемінде есірткі қылмыскерлерін ұстауға, құрамында есірткі бар өсімдіктердің, қылмыстың осы түріне қатысы бар адамдардың заңсыз егістіктерін анықтауға және есірткіге қарсы насихаттауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізу мақсатында материалдық-техникалық базаны жақсарту қолға алынуда, – деді облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай  Арыстанов.

Жер телімдеріне төлемақының базалық бағасын белгілеу жайында ақпарат берген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Апеков жер төлемдеріне төлемақының базалық бағасын белгілеуді түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, базалық баға нысанның аудан орталығынан қашықтығына, жол жүйесінің сапасына, инженерлік, әлеуметтік  инфрақұрылымның болуына байланысты белгіленеді. Бұл жайында депутаттар жер алған кезде қызмет көрсететін мекемелердің, жеке тұрғындардың көзқарасы ескерілуі керектігін ортаға салды.

Сессияда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларды іске асыру мәселесі қаралды. Облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева:

– Талдықорған, Текелі қалалары мен Ескелді аудандарын жарықтандыру барысында әріптестік жобаларды іске асыру үшін келісім беріп отырмыз. Бірақ, әріптестердің жауапкершілігі әкімдік тарапынан қадағаланады, – деп мәселенің мәнісін түйіндеді. Сондай-ақ, сессияда «Отбасы банкпен» жұмыс істеу, мұғалімдерге баспана алу үшін төлем-қаржы беру жайы да сөз болды. Бұл орайда мұғалімдердің тізімі, саны, сертификат алушылар қатарында есепке алынуы жайлы ұсыныстар айтылды.

Сессия отырысына енгізілген барлық мәселелер депутаттар тарапынан жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Гүлжан ТҰРСЫН