Шегара қызметі назарда тұруы тиіс

Уақыты: 12.09.2023
Оқылды: 541

Болат Керімбек ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына «AMANAT» партиясының тізімімен өткен жерлесіміз. Оған дейін Жетісу жерінің өркендеуіне үлес қосып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей қатысқанын ел жақсы біледі. Биыл жазда қазақ-қытай шегарасын аралап, әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен танысқан халық қалаулысының айтар ойы, біртүйер пікірі бар.

– Жаз шыға Парламент депутаттары ел мен жерді аралап, жергілікті жұртшылықтың жай-күйімен танысып жатады. Сіздердің еліміздің шығыс шегарасында болып, әскери өмірмен танысқандарыңызды білеміз. Жалпы, биылғы сапарларыңыз неден басталды?

– Жаңа қызметке кіріскенімізге 3 ай болған шақта, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай жастармен кездескен едік. Сол кезде қорғаныс саласындағы әскерилердің имиджінің төмендеп кеткенін байқадық. Содан: «Неге жастар әскерге бармайды?» – деген дабыл қақтық. Одан кейін де Астана қаласындағы өскелең ұрпақпен түрлі кездесулер өтті. Солардың бәрінен жастардың: «Уақыт қымбат. Бір жылымызды текке жұмсағымыз келмейді. Одан да уақытты тиімді пайдаланбаймыз ба? Сол бір жылға қанша ақша төлей аласыздар?» – деген уәж естідік. Сөйтсек, қазіргі жастардың дүниетанымы мүлде бөлек екен. Біздің: «Отан қорғау ақшамен есептелмейді ғой» – деген сөзімізге қарсылық танытты. Айтуларынша бір жылдың ішінде тіл үйреніп, әлдебір кәсіпті меңгеруге болады. Тіпті, қазіргі толқын бар нәрсені ақшамен өлшеп, бағалайды екен. Арасында кейбірі: «Бізді әскерге үгіттеп жатырсыздар. Ол жердің жағдайы, тамағы, киім-кешегі қалай? Өздеріңіз әскерде болдыңыздар ма?» – деп қарсы сауал қойды. Өз басым әскерге бармасам да әскери билетім бар. Университеттен кейін магистратура оқыдым да әскерге барудың реті келмеді. Мен сияқты әскери кафедрада оқыған 3-4 депутат жастардың пікірін ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанға жеткізіп: «Жастар осылай дейді. Біздің әскерге баруымызға мүмкіндік бола ма?! Елге ақыл-кеңес айтқаннан гөрі өзіміз мысалмен көрсетейік» – деп ұсынысымызды білдірдік. Сөйтіп ол кісі Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұмановпен сөйлесіп, шекараның жай-күйімен танысуымызға ықпал етті. Осылайша жазғы каникулды тиімді пайдаланып, жасы 40-ты еңсерген Максим Рожин, Самат Нұртаза, Олжас Құспеков және мен 1 айға шекарада әскери қызмет атқаруға шешім қабылдадық. Бірақ бізді бірден шегара күзетуге жібере салған жоқ. Алдымен Алматыдағы шегара академиясының 3 курс курсанттарымен бірге таудағы дайындық базасында оқытты, қауіпсіздік мәселелерін таныстырды, әлеуметтік желілерге жариялаудың тәртібін үйретті. Одан соң Олжас Құспеков екеумізді Қытай тарапына, Максим Рожин мен Самат Нұртазаны Қырғызстан шегарасына бөлді.

Осылайша 15 күн бойы заставадағы азаматтармен бірге ас ішіп, тыныс-тіршілігімен таныстық. Әскери өмірдің өзіндік ерекшелігін жақыннан таныдық. Өте қызық екен. Себебі, әскерге барған адам ештеңеден ұтылмайды. Денсаулығы мықты, ұйқысы тыныш, тамағы біркелкі. Қаладағы жұртшылықтың «диета» деп ұмтылып жүрген ашығу әдеті әскерде екен. Қарның ашпай тамақ ішпейсің, тоя тамақтануға тағы болмайды.

Жәй өмірде жұмысын толық атқарғысы келмей еркелеп жүретіндер әскерде кез-келген тапсырманы мұқият орындайды. Түйіні қиын міндетті қалай шешуді бара жатып, қосымша ойланып, мүлтіксіз атқарады. Яғни, адамның бойындағы жауапкершілік сезімін оятып, тапсырманы уақытында орындау қасиетін қалыптастырады. Жауынгерлер жинақы, әр кезде сақ. Қорғаныс саласының әскеріне қарағанда шекара қызметінің жігіттері күнделікті оқталған қарумен толық дайындықта жүреді. Атына мініп, шегарадан ұшып өткен құсты назардан тыс қалдырмайды.

– Кең-байтақ еліміздің Қытаймен шектесетін шегарасы мыңдаған шақырымға созылып жатыр. Ондағы әскери бекеттер Ресей мен Қырғызстанға дейін бір желіні бойлай орналасқан. Сіздер қай шегара бекеттерінде болдыңыздар?

– Біз негізінен Алакөл шегара басқармасына қарасты заставаларға бардық. Басқармаға оншақты бекет қарайды екен. Он күннің ішінде бәрін аралау мүмкін болмады. Бірақ «Достық» кеден бекетінде, Айдала, Шолақ, Арқанкерген заставаларында 2-3 қонып, әскери қызметпен жақыннан таныстық. Жетісу Алатауының қойнауын шегарашылармен бірге аралап, құзар шың, қалың қарағай қоршаған, тау өзені сарқыраған тұмса табиғатқа көз суардық.

– Шегараны Нарынқол мен Жаркенттегі бірнеше қабатты темір қоршау күйінде ғана көрген бізді басқа тұстардың қандай болатыны қызықтырады. Таулы өңірге де темір тор тартылған ба?

– Осы комитетке мүше болғанға дейін мен де шегара тақырыбына келгенде азамат ретінде, мемлекеттік қызметші ретінде шегарашыны айналасы қоршау, атқа мініп, қасына ит ерткен, иығына автомат асынған әскери кескінде елестететінмін. Олай емес екен. Стандартқа сай қоршау нормативтері адам көп өтетін жерлерде сақталады. Ал таулы жерлерде темір торлы қоршау тартылмаған. Біріншіден, биік-биік жартасты беткейге тор тарту оңай емес. Екіншіден, жан-жануарлар дүниесіне шегара жүрмейді. Біздегі аң атаулы көршілес елге ауып кетіп, екі арада еркін жайылады. Оның үстіне таудың ішінде 7-8 ай қар жатады. Одан арнайы дайындығы бар алпинистер мақсатты түрде өтпесе, қарапайым адамның таудағы шегарадан асуы оңай емес. Шегара бұзушылардың өзі ондай тәуекелге бара бермейді. Сондықтан құзар шыңды шегарашылар алыстан, дүрбі салып қана бақылайды.

– Жалпы шегарашылардың жай-күйі қалай екен? Асханасынан дәм таттыңыз, қару-жарағын, техникасын жақыннан көрдіңіз дегендей...

– Тамағы бекітілген норматив бойынша беріледі. Етті көбіне таза және консервіленген күйінде жейді. Май, шұжық, алма, банан секілді көкөністер, кәмпит, тәтті тоқаш тұрақты беріледі. Оның өзін Астанада өткен мемлекеттік сатып алу конкурсынан ұтып алған мекеме барлық заставаны теңдей қамтамасыз етеді. Кейбір бекеттерде нанды әскерилер өздері пісіреді. Онда да мерзімді әскери борышын өтеуге жаңа келген жауынгерді бейіміне қарай 1 ай Алматыға жіберіп, наубайханаларда, асханаларда оқытып алады. Яғни, икемі бар жауынгер 1 жыл бойы заставадағы әріптестеріне тамақ пісіреді. Ал нанды шалғайдағы шегара бекетіне жеткізу қиын болғандықтан әр застава өздері пісіруге мәжбүр.

Киім-кешек бәріне ортақ. 1 жылда 2-3 рет киім ауыстырып отырады. Қару-жарақтың қатарында Калашников автоматы, Макаров тапаншасы бар. Одан басқа әлем елдеріндегідей жаңа қару-жарақ атаулы жоқ. Оқ-дәрі де бұрынғыша. Әрбір заставада кем дегенде елу шақты жауынгер тұрады. Олардың күзететін аймақтары да әртүрлі. Ұзындығына, қиындығына байланысты. Біреуі 57 шақырымға тең аумақты, екіншісі 120 шақырымдық қашықтықты күзетеді. Оны адам басына бөлгенде 3-4 шақырымнан тиеді. Әр заставада жол талғамайтын 3-4 «Уазик», «Урал» көліктері бар. Сонымен күзетке шығып, кезекшілікті атқарады. Отын-суы мерзімінде дайындалады. Жанар-жағармайды, көмірді сатып алады.

– Шегара күзету қасиетті іс. Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с) келетін бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз. Екіншісі, Отанды қорғап, шегара күзеткен көз» – делінеді. Қазақтың жер қорғау ұғымы осыны жақсы білгендіктен, қасиет тұтқандықтан. Шегара күзетуді отаншылдық, мемлекетшілдік тұрғыдан қарау әскерилер арасында бар ма?

– Шегарашылар кешкісін телеарнаның алдына жиналып, топтасып газет-журнал оқып, елде болып жатқан жаңалықтарды талқылайды екен. Сонда олардың білім деңгейін, отбасы құрған, құрмағанын сұрадым. Сөйтсем, 40-50 адамның он шақтысы түрлі кәсіптік колледж бітірген, екі-үшеуі университетте білім алған. Үйленгендер жоққа тән. Сосын әскери саланы таңдағысы келетіндер бес-алтау болды. Ондағы тіршілікті, жағдайды түсінгендер шегара күзетінде қалғысы келеді. Қалғандарының көздеген мақсаты бөлек. Әрине, әскерге баратындар белгілі мақсатты межелейді десек те, өмірін шегара күзетуге арнағысы келетін жастардың табылатыны көңіл қуантты.

Шынында өз басым шегара қызметі туралы ештеңе білмеппін. Енді сізге шегарашылардың мүмкіндігін таныстыра кетейін. Академияны бітіріп барғандар бірден застава бастығының орынбасары болып қабылданады. Олардың жалақысы кем дегенде 270 мың теңге. Бұл бір. Екіншіден үйленген, бала-шағалы болса отбасының әр мүшесіне пәтерақы төленеді. Үшіншіден әйелі мұғалім не дәрігер болса, бірақ заставада жұмыссыз отырса да өтілі еңбек кітапшасына жазылады. Сонда әйелінің еңбек өтілі жазулы, баласына пәтерақы төленеді, күйеуінің тамағы, киімі тегін, лауазымы мен жалақысы өсіп тұрады. Осының өзін қазіргі жастар мүлде білмейді. Оған әскери саланы бұқаралық ақпарат құралдарының біржақты таныстыруы сеп болып отыр. Әлімжеттік, суицид, төбелес, қару ұрлығы, түрлі жарылыс секілді жаңалықтар жарияланып жатады. Ал шегарашылардың жетістігі, спорттық жарыстардағы жеңісі, өнердегі биікті бағындыруы айтылмайды. Бұл әділетсіздік. Меніңше әскери саланың құпия емес дүниелерін ашық жариялау керек. Өйткені, заман өзгеріп барады. Екі рет қолбасшылар мінген әскери ұшақтың құлауы, Арқанкерген оқиғасы, өз-өзіне қол жұмсаған жауынгерлер шегара қызметінің беделін түсіріп жіберді. Өзіміз жүрген 10 күннің ішінде әлеуметтік желіге жариялаған әрбір хабар телеарна журналистерін қызықтырып, шегара жайында пікір сұрауға итермеледі. Осының өзі шегарашылар жайлы қалыптасқан ұғымды түзетуге септігін тигізеріне сенемін.

Бір қызығы Алматыдағы шегарашылар академиясындағы мүмкіндіктер әрбір курсанттың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Басқа жоғары оқу орындарында ондай мүмкіндік табылмайды. Жаңа құрылғымен жабдықталған спортзал, бассейн, компьютерлі кітапхана кейбір университеттерде жоқ. Сосын ұшақтарда есірткі заттарын тасымалдауды анықтаудың жолдары, тәртібі, шарттары оқытылады. Сол арқылы елімізге келуі мүмкін зиянды заттар мен құрылғыларды анықтайтын кеденшілер дайындалады. Есірткінің түрлері, жалған құжаттарды ажырату сынды аса маңызды білім беріледі. Соны көріп өз баламды оқытқым келіп кетті. Себебі, ондай мүмкіндікті ауылдың жастары мүлде білмейді.

Кеңес Одағының тұсында элиталы саналған шегара қызметінің беделі соңғы жылдары түсіп кеткені рас. Соның кесірінен бір орынға 2-3 адам ғана түйіндеме өткізеді. Бұрын бір орынға 10 шақты адам таласатын. Сондықтан жастарға айтарым, шегара қызметіне барып жұмыс істеңдер!

– Шегараның келешектегі дамуын қалай елестетесіз? Қанша дегенмен қазіргідей әлемдік геосаяси жағдай ширығып тұрған шақта шегараны бекітуіміз керек қой.

– Әрине, Қытаймен шектесетін шегара КСРО тұсында бекітілген. Оның инфрақұрылымы дайын. Ескірсе де жұмыс істеп тұр. Өзбекстан, Қырғызстан тарапы толық жарақтанды. Солтүстікте Ресеймен байланыстыратын шегара әлі де болса күшейтуді қажет етеді. Өйткені, жеті жарым мың шақырым жерде толық темір тормен қоршап алу қаржыға келіп тіреледі. Оны мойындауымыз керек.

Тағы бір ескеретін нәрсе, шегара маңындағы халық санының көп болуы, техниканың жаңартылуы әлемдік стандартқа сай жүруі тиіс. Соның өзін сақтай алмай отырмыз. Осы жолы Қытай тарапына кірмесек те, сыртынан бақылап көрдік. Олардың шегара бекеттерін мықтап бекіткеніне 10 жыл ғана болыпты. Оған дейін ашық-шашық жатқан. Керісінше біздің шегарашылар күзетке берік ұстанған. Қазір ҚХР Үкіметі шегара орналасқан тауларға асфальт жол салып, жеңіл көлікпен жүруге мүмкіндік жасауда. Біздің тарап биік-биік бақылау бекеттерін темірден құрастырса, қытай жағы оны бетоннан құйып тастаған. Бір шетінен үй қызметін атқаратын бетон мұнара бекініс іспетті. Желден де, судан да, ыстық пен суықтан да қорғайтын бетон мұнара соңғы технологиялық байланыс құралдарымен қамтылған. Біздің мұнаралар уақытша, мерзімдік шараларға арналғандай әсер қалдырады. 2-3 сағат сайын жауынгерлер күзетке ауысып отырады. Сондықтан бұрынғы қалыптасқан жүйені жаңартып, жаңаша инфрақұрылым құруымыз керек. Оны ешкім жасап бермейді. Қазір әлем жұртшылығы бейнебақылау камераларын кеңінен пайдаланады. Бізде соны қолданып, жауынгерлердің жұмысын жеңілдетуге, қауіпсіздігін нығайтуға болады. Мысалы, кейбір заставалар интернетпен, компьютермен қамтылмаған. Соған қарап, шегараны ескіше қорғап жүргенімізді байқауға болады. Шегара бекеттерін бақылауға дронды камера қажет. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Тағы бір айта кететін нәрсе – шегараның шетінде, желдің өтінде тұрған ғимараттар әбден ескірген. Оны өз көзіммен көрдім.

– Осы көрген, білгендеріңізді ұсыныс ретінде комитетке айтып, келешекте осы саланың жандануына көңіл аударту ойда бар ма?

– Иә, комитет басшылығымен ақылдасып, Үкіметке хат жазуды көздеп отырмыз. Сол арқылы шегараға қажетті қаржы қарастыруды сұрасақ па деген ой бар. Әрине, 30 жылда шешілмеген мәселенің түйіні бір жылда тарқату мүмкін емес. Жалғыз біз ғана емес, кең байтақ Қазақстанды 98 мәжіліс депутаты, Сенаттың 50 депутаты аралап жүр. Биылғы күзде солардың бәрі өзі білетін саланың шешілмей жатқан мәселелеріне қаржы сұрайды. Соның ішінде кезек күттірмес тақырыптардың маңыздылығын көтеруіміз керек. Сондықтан жақсылықтан үміттіміз.

– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Мәди Алжанбай