Бүлікшілер ғаламторда белсенді

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 1272

Алайда ел ішінде тыныштықты, бейбітшілікті, тұрақтылықты көп көретін бүлікшілдер ара-тұра бой көрсетіп қалады. Жақында ғана әлдебір екі лаңкес сонау Сириядан қазақ еліне бейнежолдау арнап, Қазақстан билігіне қоқан-лоқы көрсетті. Онда да мектепке хиджаппен бармақ болған оқушы қыздарға тыйым салған Білім және ғылым министрі сынға алынды. 

Бүкіләлемдік интернет желісінің «YouTube» арнасына салынған бейнежолдау орыс тілінде жазылған. Өздерінің Қазақстан азаматтары екендігін айтқан әлгі бүлікшілер жалғыз еместігін, қастарында ақтөбелік, атыраулық және оралдық «браттарының» бар екендігін алға тартады. Бет-әлпеттерін тұмшалап алған екеудің бірі сөйлеп, бар ренішін жайып салады. Осылайша жылдам таралған бейнежазба қысқа уақыттың ішінде жойылды. Дегенмен, әлеуметтік желілерде бұл мәселенің жарықшағы жазылып жатты. Мысалы, Павлодар облыстық дінаралық қарым-қатынасты талдау және даму орталығының директоры Гүлназ Раздықова «Фейсбуктегі» парақшасында: «Мына «мұсылман ағайындар» қыздардың намысын қорғап жатырмыз дейді. Неге олар Сирияда біреуден екіншісіне өткізу арқылы өз қолдарымен жезөкшеге айналдырған қыздар мен келіншектердің намысын қорғамайды?» – деп жазды. Шынында ойланатын мәселе. Елімізден қашып кетіп, әлдебір ұйымның айтағымен Шам өлкесін қанға бөктірген лаңкестердің пікірін тыңдауға бола ма? Турасын айтқанда олардың өзі түгілі сөзі күмәнді. Өйткені, бейбіт жатқан Дамаск қаласын қиратқан, тыныштықты қалаған елдің ішінде бүлік тудырғандардың әрекеті еш жақтауға тұрмайды. Тіпті, құлақ салуға да болмайтын желсөз дер едік.
Еліміздегі білім берудің стандарттарына сәйкес мектеп оқушыларының арнайы формасының үлгісі 2016 жылы бекітілген болатын. Оған дейін ел ішінде арнайы талқылау жүріп, көпшіліктің дүрбелең тудырмауына жағдай жасалғаны тағы бар. Қажет деп тапқандар сол кезде өз пікірін ортаға салып, айтар ойын айшықтаған еді. Соған байланысты оқушы қыздардың мектепке діни үлгідегі киіммен баруына шектеу қойылды. Дегенмен, онымен келіспей, қыздарын мектепке жібермей отырған ата-аналар табылып қалады. Алайда еліміздің ішкі мәселесіне сырт көздің баға беруіне қақысы жоқтығын ескерткіміз келеді. Әсіресе, туған жерінен безіп, ағайын-туысы мен әке-шешесін кәпірге балаған бүлікшілер Қазақстан Республикасына қарата қай бетімен сын айтады? Осыған қарап, Астана қаласы, Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылғы 18 тамыздағы шешімімен елімізде тыйым салынған террористік және экстремистік діни топтардың қатарына кіргізілген «Ат такфир уаль-хиджра» ұйымының үгіттеуі әлі де жүріп жатқанын байқау қиын емес. Осы бір бүлікшіл топ әрекетінің алдын алу құзырлы органдардың еншісінде деп сенеміз. Ал еліміздің тыныштығын, бейбітшілігін, тұрақтылығын көздің қарашығындай сақтау әрбір отаншыл азаматтың парызы екендігін ұғынатын кез келді. Өйткені, «Ит қорыған жерге өш» дегенді айтқан бабалар сөзіне сенсек, келешектің кемел болуы ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Балаңыздың кіммен дос болып жүргенін бір уақыт бақылап, кімді тыңдап жүргенін сұрау керек. Әйтпесе, әрбір қолда жүрген телефонмен таралатын түрлі бейнежазба арқылы баланың санасын улап, жарқын болашақтың тамырына балта шабылады. Сондықтан, әрбір ата-ана ұл-қызының тәрбиесін басты назарда ұстауы тиіс.
Енді соғыс өрті тұтанған Шам өлкесінен оралып жатқандарға тоқталайық. Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тамыз айында таратқан мәліметіне қарағанда, Сирия мен Ирактағы бүліктерге қатысқан 870-ке жуық қазақстандықтың аз бөлігі ғана елімізге оралған. Атап айтқанда, 60-тан астам адамның 57-сі дәл қазір қамауға алынып, еңбекпен түзеу мекемелеріне тоғытылған. Бұл туралы арнайы сұхбат берген «Терроризмге қарсы комитет» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Аманжол Оразбаевтың айтуынша, қара тулы «Ислам мемлекетін» құрмақ болған лаңкестердің үгіттеушілері жастардың санасын өлімнен кейін тікелей жаннатқа кірумен алдандыруда. Оған түрлі бейнефильмдер қолданылады. Осыған орай Қазақстанның арнайы қызметі де өз жұмысын жақсартқаны анық. Мысалы, халықаралық іздеу жарияланған Қазақстан азаматы Дастан Хайсинді 2 қазанда күштік құрылым қызметкерлері Грекияның Афины қаласынан ұстап, Астанаға әкелді. Қарағанды қаласында туған Хайсинге Сириядағы террористік топтардың қатарында бүліншілік тудыруға қатысқаны үшін 2015 жылы іздеу жарияланған еді. Қазір қамауға алынған қылмыскерге қатысты тергеу амалдары басталды. Шынында ұрпағының болашағын уайымдаған ата-аналар мен қоғам тыныштығын қалайтын тұрғындардың көмегі қашанда қажет.
Ал, еліміздің Сыртқы істер министрлігі Сирия мен Иракта жүрген қазақстандықтарды елге қайтару мәселесін көтеріп жатқанын мәлімдеген болатын. «Өз қолыңды өзің кесе алмайсың» деген осы болса керек. Шетел асып, қуғын көрген сәбилер мен қыз-келіншектерді туған жеріне жеткізу адамгершілік тұрғыдан алғанда қажет-ақ. Олардың көзқарасы мен ұстанымын анықтауға және дұрыс тәрбие беруге ағайын-туысы мен ата-анасы қатысуы тиіс. «Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» дегенді айтқан халықтың ұстанымы осыған жетелейді.
Ендеше, сіз бен біз салт-дәстүрін сыйлайтын, ұлттық мүддені жоғары қоятын өнегелі ұрпақ тәрбиелеуді қазірден бастайық.

Мәди АЛЖАНБАЙ