Баспана алудың тиімді жолы

Уақыты: 19.10.2018
Оқылды: 1202

Талдықорған қалалық әкімдігі мен «Халық банкі» өкілдері және тұрғын үй құрылысымен айналысатын кәсіпорын мамандары бірлесіп, жетісулықтарға «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру жұмысын бастап кетті. Осы мақсатпен аталған топ мүшелері Талдықорған қаласынының тұрғындарымен кездесіп, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді. 

Елбасының тапсырмасы негізінде Ұлттық банк әзірлеген «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы осы жылдың шілде айынан іске қосылды. Жобада ипотекалық қарызды бастапқы 20 пайыз жарна төлей отырып 25 жылға 7 пайыздық сыйақы мөлшерімен беру қарастырылған. Аталған бағдарлама бойынша еліміздің кез келген өңіріндегі бастапқы нарықтан баспана алуға, несие рәсімдеуге болады. Ипотекаға алынатын үйдің бағасы Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда 25 млн. теңге, ал басқа өңірлер үшін 15 млн. теңге. Бағдарламаның операторы ретінде Қазақстан Ұлттық банкінің еншілес ұйымы – «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ болып белгіленді.
Мамандардың айтуынша, Мемлекет басшысының  «7-20-25» бағдарламасына қатысты бірінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберінде 40 млрд. теңгеден астам қаражатқа өтінім қабылданған. Олардың ішінде банк 28 млрд. теңгеден астамын мақұлдады. Соның ішінде облыс бойынша банктер 640 млн. теңгелік 54 өтінімді қабылдаған. Соның төртеуі облыс аумағынан үй алуға ниет танытқан. Қазіргі кезде бағдарламаға 7 банк қатысуда. Олардың көш басында «БанкЦентрКредит» АҚ тұр. Бүгінгі күні бағдарламаны жүзеге асыруға «Халық банкі» белсене кірісуде.
Бұл жұмыс алдағы уақытта облысымызда қарқынды жүргізіле бастайды. «Баспана» ипотекалық ұйымы АҚ басқарма төрағасы Қайрат  Алтынбековпен кездескенде облыс әкімі «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын өңірде ілгерілетуге қатысты шығынның бір бөлігін өзіне ала отырып, облыстағы бюджеттік қызметкерлер үшін алғашқы жарнаның жартысын субсидиялап, өсімсіз несие беру туралы шешім қабылданғанын айтқан болатын. Сондықтан облыстағы бюджеттік салада жұмыс істейтін азаматтарымызға, соның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге қолдау ретінде алғашқы жарнаны субсидиялау туралы шешім қабылданып, алғашқы 20% жарнаның 10%-ын облыстық әкімдік өтейтінін жеткізді. Ол үшін тұрғын үй сертификаты түрінде қайтарымды негізде ұзақ мерзімге пайызсыз несие берілетін болды. Бұл іске 2 млрд. теңге бағытталып, шамамен 500 мың шаршы метр болатын қолжетімді тұрғын үй салынады. 
«Асықсаң жақсылыққа асық» дегендей, бағдарламаға қатысу үшін банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісі болуын растайтын құжаттар, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәлімет, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтама, сатып алатын тұрғын үй құжаттары және тәуелсіз бағалаушының бағасы ұсынылуы тиіс.

Қажет АНДАС