Жартастар аллеясы

Уақыты: 04.06.2016
Оқылды: 4149

Үш жүз миллион! Тәп-тәуір сандық көрсеткіш. Осындай алашағыңыз болса шақшадай басыңыздың бақыттан, бәлки, шыр-шыр айналары  хақ. Бақыт ақшада емес десеңіз – оған да мақұл! Ал мұндай берешегіңіз болса, ол енді басқа әңгіме. Осылайша, қай қапталдан келсеңіз де үш жүз миллионның төрт тағандап жатқан көзге ерекше төбел сан екенін бағамдайсыз. Ал осы үлкен көрсеткішті жылмен қайырсаңыз –толағай тарих. Трапеция пішінді аңғардың тік, құлама қатпарларынан тасқа айналған сүйектерді тауып алуыңыз да кәдік емес. Бұл киелі Жетісудың жеті кереметінің, одан асып ұлан-ғайыр Ұлы Дала жауһарларының бірі – Шарын шатқалы.

Бұл аумақтан зерттеуші-ға­лымдар көне заманда өмір сүрген піл тектес хайуан, мүйіз­тұм­сық­тар, стенон жыл­қы­ла­ры сияқты мол шоғыр аңдардың тасқа ай­налған  тәберігін тауыпты. Ал жасы 10 – 12 миллион жылды құрайтын ғажайып жартас-мұ­на­ра­лардың тарих өзі тұсауын кесті – әлемге паш етті кеше. Бұл – сонау-сонау мұздық дәуірінен кейінгі табиғат қолы – жел мен жаңбырдың жетістігі. Сіз, егер мұнда келсеңіз: бірде аспанға атыла берген ай­даһар­дай состиып-состиып тұрған, бірде «Шайтан қаланы» кезіп жүрген мыстан кемпірдің сәтке мелшие қалған сұлбасындай сұстия-сұстия қал­ған, енді бірде аңғар бойлап, ал­даспаны жарқылдап андағайлап шап­қан батыр тұлғалы түрлі мү­сіндегі жартастар аллеясына тап бо­ласыз. («Шайтан қала» жер­гілікті тұрғындар атауы. Кейде «Тас қа­лашық», «Қызғылт қа­мал­дар» деп те айтылады – автор).

Ол ол ма, өзенінде жабағыдай жапырыла жосқан жон балығы, қойға ұқсап қаптал-қапталға қай­қая қанат жая, бытырай бұйралана өрген бөріқарақат пен сексеуілі, сол сексеуілден қылаң беріп, үдере тар­татын таутекелер һәм қасқыр мен түлкісі – бәрі-бәрісі бұл шат­қалдың баға жетпес байлығы. Топ­тана, топ­тала, шоқтана өскен тоғайдың жайы тағы бір басқа.

Тоғай демекші, мұнда та­мы­рын тарихтың қатпар-қатпарына сүң­гітіп-сүңгітіп алып, жаһандық мұз дәуіріндегі сұрапылдарда да сұла­май өткен ежелгі соғдылық ерен ағашы бар. Сұламақ түгілі, шат­қал­дың түпкірінде әлі ша­рапаттана жайқалып тұр. Ара­сында діңіне жеті адамның қол ұс­тасқан құшағы әрең жететін алып­тары да ұшы­расады. Осындайда бір айта кетер­лік жайт,  бұл ағаш ел аузында «ша­ған», «шетен», «шеген», тіпті, «шы­нар» деп те аталып кеткен. Ал бұл туралы көр­некті журналист Жанболат Ауп­баев: «Онда (Шарын шат­қа­лында) темір сияқты өте қат­ты, ыстық температураға шыдамды ағаш өседі. Оны биолог-ғалымдар Ша­рын­дағы шетен (ясень) тоғайы деп жүр. Біздіңше, бұл – дұрыс емес, қате атау. Себебі, шетен ағаш­тар­дың ішіндегі ең жасығы. Оның әлсіздігі сондай, егер қазық жасап жерге қақсаңыз, жартысынан морт кететін ол соққы тиген сайын бой-бой болып сөгіліп, шытынап ке­теді. Бала күнімізде Сарытоғайдан әкелген жоғарыдағы темір ағашты ата­ла­ры­мыз бен әкелеріміз: «Бұл – ерен аға­шы. Оны өзен көпірінің астындағы тіреуішке қойсаң ші­рі­мейді, үйдің төбесін жабарда бе­л­ағашқа пай­далансаң сынбайды», – деп оты­ратын», – деп айтып, бы­лайғы жұртқа бірнеше рет ес­кертпе жасаған.

Кейде оған қа­рап, Шарын шат­қалы осы ағаш­тың анасы ма дейсіз: қия­натты қол­дардан сақ­­тану үшін бұл ба­рып ба­уы­рына ты­­ғылған. Тіп­ті, олай демей кө­ріңіз: ерен шір­кініңіз әлем­де екі-ақ ел­де тамыр жайыпты. Оның бірі – сона-а-а-ау Солтүстік Американың Невада шта­тындағы «Гранд» шатқалында ғана өссе, енді бірі – осы Шарында. Сондықтан да бұл ағаш 1964 жылы 19 наурызда арнайы Қаулымен: «республикалық маңызы бар та­биғат ескерткіші», – деп жа­рия­ланған болатын.

Солтүстік Американы айт­пақ­шы, біздегі осы шатқал сол қиян­дағы ел­дің Үлкен Колорадо каньо­нымен өте ұқсас. Екеуара егіздің сыңарындай. Өйтпесе, ел аузында Шарын оның «Кіші бауыры» аталар ма еді, аталмас па еді, кім біліпті?! Бір білеріміз, бүгінде бұл ұйық топ-топ туристің көз тойдырып, көңіл тоғайтатын, жан сергітетін орнына айналып үлгерді. Әлемнің әр бұрышынан бұл араға келуге құштарлығы оянғандардың да қа­расы молайған. Келмегенінің көңілі аңсаулы, ал аяқ басқанының қайта сағынып, аңқасы кебеді. Бұлай деуге де алабөтен себеп жоқ емес. Мә­селен, осыдан сәл бұрын атақты сая­хатшы Марко Поло туралы та­рихи-драмалық сериал жарыққа шыққан-тұғын. Мұның несін ай­та­сыз дейсіз ғой: батыстың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін ерекше сүйіп көрген сол сериалдағы кейбір көріністер біздің Шарын шатқалында түсірілгенін мақтанып айтқымыз келеді. Тағы он­даған фильмнің де түсірілім орындарына айналған-ды. Бұл аз десеңіз, тағы бір дерек үс­тейік. Қазақстандық киносуретші Нұрлан Әбішевтің Нью-Йоркте өткен бай­қауда екі бірдей туындысы жоғары бағаға ие болғаны сіз бен біздің есімізден кете қоймаса керек. Со­ның ішінде «Реализм» кате­го­рия­сының күміс жүлдегері «Шарын шат­қалы» атты кинокартинасы бол­ған-тұғын. Мұны туындыгер та­лан­тымен қоса жұрт біткенге жұл­дызы ыстық, шы­рай­лы Шарын шат­­қа­лы­ның шара­паты деп біліңіз.

Мұн­дайда мына бір керемет пі­кір еске түседі. «Шарын шатқалы — екін­ші Калифорния». Артық-кемі жоқ. Тіптен, бұл шатқалдың қызыл то­пырағына бала күннен балағын был­ғап өскен сіз бол­саңыз, «Ка­ли­фор­­ния – екін­ші Шарын шат­қалы» деп атар ма едіңіз, кім біл­ген?! Ал ресейлік бло­гер Дмитрий Балакирев бол­са аузы ашы­лып, көзі жұ­мылып: «Өзге ғаламшарға түс­кендей бола­сың», – деп бойындағы ыстық эмо­ция­сын біздің Шарынға арнапты.

Осы өзге ғаламшар дегеннен шы­ғады. Шарын шатқалындағы сан түр­лі бедерлі көріністерді жер­гілікті тұр­­ғындар ерте кездерде мифтік аңыз­дарға арқау етіп, «Шай­тан қа­ла», «Қыз­ғылт­қа мал­дар» деп те атас­­қан өзара. Ондағы әртүрлі мүсін пі­шінді жеке жар­тастарды «Мыстан кем­пір», «Ай­даһар», «Тас қалашық» атандырып, соған сәйкес ел ара­сына аңыз, ер­тегі текті әңгімелер тараған. Бұл да каньонның алапатын асырып ке­леді. 

Шарын өзені жағалауларынан өт­кен ғасырларда түрлі тайпа мен ха­лықтың тұрағы болғанын ай­ғақ­тай­тын жүздеген қорған табылды. Ұлы Жібек жолының бір тармағы Шарын шатқалын бойлай өткен­дігіне де дап-дардай дәлел бар. Мә­селен, жоға­рыда сөз арасында дәйек етке­ні­міз­дей, атақты сая­хатшы Марко Поло тура киноның біраз сю­жет­терінің осын­да түсі­рілуі тегін дейсіз бе? Оның үстіне, сол сауда-саттық кейін­ге дейін үзілмей сақталды. Мысалы, өткен ғасырларда жыл сайын Шарын өзенінің бас­тауын­дағы Кеген ал­қа­бында, күзгі Қарқара жәрмеңкесі өткізіліп бүкіл әлемнен сан алуан тауарлар жеткізіліп отыр­ды.

Сіз Асқар Алтайдың «Киллер сауысқанын» оқып па едіңіз? Сонда ғой, шығарма кейіпкері Қарашаның көзжендеті (сауысқан) осы Шарында аң алмаушы ма еді?! Сауысқанның қалай аңға түсетіні басқа әңгіме болса да, жазушы шеберлігінде оқиғаның осы төңіректе өрбуі де көп жағдаяттан хабар берсе керек. Оқып көріңіз: сонда сіз «Алқаптар ғимараты» деп аталған Шарын шатқалына бөгелмей тартып берерсіз, бәлкім?!

Керек дерек:  

Ұзындығы 154 шақырымға жететін Шарын шатқалы Алматының шығыс жағында 200 км қашықтықта орналасқан. Каньонның ең керемет туристік бөлігі – Қамалдар алқабы (ұзындығы 2 км, ені 20-80 м). Ғалымдардың есебінше, бұл қорық аумағында 30-дан астам өсімдіктің, құстар мен жан-жануардың құрып бара жатқан түрлері мекендейді. Жалпылай алғанда, өсімдіктің 1500-дей түрі өсірілсе, оның 17-сі «Қызыл кітапқа» енген. Сонымен қатар, мұнда сүтқоректілердің 60-тан астам түрі, құстардың 300 түрі, қос­мекенділердің 20 түрі және бунақденелілердің 800 түрі мекендейді.

Қозыбай ҚҰРМАН