Көктемде қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы еліміздің құқықтық жүйесін жаңа қоғамдық қатынастарға бейімдеуге бағытталған маңызды тарихи шешім болды. Конституцияның он бір бөлімі мен тоқсан алты бабына енгізілген өзгерістер қоғамның саяси, әлеуметтік және технологиялық даму үдерістерін ескере отырып әзірленді. Сондықтан бұл өзгерістерді тек мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту ғана емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жаңа жағдайда қорғауға бағытталған құқықтық реформа ретінде бағалауға болады.
Қазіргі таңда әлем цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне аяқ басты. Жасанды интеллект, автоматтандырылған жүйелер, үлкен деректер технологиясы және цифрлық платформалар өмірдің барлық саласына еніп келеді. Бұл үдеріс мемлекеттік басқару, экономика, білім беру, медицина және ғылым сияқты маңызды салалардың жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуде. Осындай жағдайда құқықтық жүйе де заман талабына сай жаңарып отыруы қажет.
Жасанды интеллект адам өмірін жеңілдетіп, көптеген мүмкіндіктер ұсынып отырғанымен оның құқықтық және этикалық қырлары ерекше назар аударуды талап етеді. Бүгінде жеке деректердің қорғалуы, ақпараттық қауіпсіздік, авторлық құқық, жалған ақпараттың таралуы, цифрлық алаяқтық және адамның цифрлық құқықтарын сақтау мәселелері бүкіл әлемде күн тәртібінен түскен жоқ. Конституцияның осындай жаңа қоғамдық қатынастарды ескеруі – уақыт талабынан туындаған заңды қадам.
Білім беру саласында еңбек ететін маман ретінде бұл өзгерістердің маңызын ерекше атап өткім келеді. Қазіргі студенттердің басым бөлігі жасанды интеллект құралдарын оқу барысында пайдаланады. Бұл – заңды әрі тиімді мүмкіндік. Алайда технологияны пайдалану жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Жасанды интеллект адамның білімін толықтыратын құрал болғанымен оның сыни ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін немесе азаматтық жауапкершілігін алмастыра алмайды. Жастар цифрлық технологияларды пайдалану кезінде академиялық адалдық қағидаларын сақтап, адам құқықтарын құрметтеп, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануы қажет.
Конституцияға енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – құқықтық мемлекетті одан әрі нығайту және азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтарын қазіргі заман талаптарына бейімдеу. Бүгінде адамның құқығы тек нақты өмірде ғана емес, цифрлық кеңістікте де қорғалуға тиіс. Бұл – жаңа дәуірдің басты ерекшеліктерінің бірі.
Кез келген конституциялық реформа өзінің тиімділігін азаматтардың құқықтық мәдениетімен өлшейді. Заңның күші тек оның мәтінінде емес, оны құрметтеп, күнделікті өмірде басшылыққа алатын қоғамда көрінеді. Сондықтан жаңа Конституцияның мәнін кеңінен түсіндіру, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және цифрлық мәдениетті қалыптастыру алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі болуы тиіс.
Жалпы, жаңа Конституция – еліміздің ұзақмерзімді дамуына бағытталған құқықтық құжат. Ол қазіргі заманның жаңа сын-қатерлеріне жауап беріп қана қоймай, болашақтағы технологиялық өзгерістерге де құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Ата Заңға енгізілген өзгерістерді әрбір азамат дұрыс түсініп, оның қағидаларын құрметтеп, заң талаптарын сақтауы – құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты шарты.
Нұрлыайым Данаева,
PhD доктор





