Жетісуда волонтерлік қозғалыс соңғы жылдары қарқын алып келеді. Бұрын еріктілердің қызметі көбіне төтенше жағдай немесе қайырымдылық акциясымен ғана байланыстырылса, бүгінде олардың жұмысы қоғамның түрлі саласын қамтып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Облыста 1100-ден астам волонтер, 13 волонтерлік ұйым және 18 бастамашыл топ жұмыс істейді. Жыл басынан бері 1144 іс-шара ұйымдастырылып, оған 35 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Әсіресе экологиялық бағыттағы жұмыстың үлесі басым. Бұл қоғамда табиғатты қорғауға деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын аңғартады.
Дегенмен, көпшілік үшін маңыздысы цифрлық статистика емес, оның нәтижесі. Бір күндік сенбілік немесе кезекті акция қоғамдағы мәселені түбегейлі шешпейді. Волонтерлік мәдениет тек іс-шара өткізумен өлшенбеуі керек. Ең бастысы, азаматтардың қоғамдық жауапкершілігін қалыптастыру.
Брифингте айтылған маңызды жаңалықтың бірі – Қазақстанның волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіткен әлемдегі алғашқы мемлекеттің бірі екені. Бұл туралы ұлттық волонтерлер фронт-офисінің басшысы Айбек Досымбетов мәлімдеді.
«Бұл еріктілер қозғалысы мемлекет тарапынан азаматтық қоғамның маңызды институты ретінде қаралатынын көрсетеді. Мұндай қадам волонтерлік мәдениеттің құқықтық негізін нығайтып қана қоймай, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашатын маңызды тетік».
Брифинг барысында еріктілер қозғалысын қолдауға бағытталған жаңа мүмкіндіктер де таныстырылды.
«Биыл сегіз бағыт бойынша әр жобаға 500 мың теңгеден шағын грант бөлінеді. Бұдан бөлек, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға арналған 11 миллион теңгелік жоба іске асырылып жатыр» – деп баяндады «Мейірімді Жетісу» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Шырай Саматқызы.
Әрине аталмыш бастама әлеуметтік жобалардың санын ғана емес, сапасын да арттыруға мүмкіндік беруі тиіс.
Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бексеитованың баяндауынша:
«Тамыз айында Жетісу облысында республикалық волонтерлер лагері өтеді. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген еріктілер тәжірибе алмасып, әлеуметтік жобаларын таныстырады. Мұндай кездесу өңір арасындағы байланысты нығайтып, жаңа идеяның жүзеге асуына жол ашады».
Алайда бір сұрақ әлі де өзекті. Волонтерлік жастар үшін өмір салтына айналып келе ме, әлде ол тек сертификат пен портфолио жинаудың құралы болып қала ма? Бұл сұрақтың жауабын қоғамдағы нақты өзгерістер береді.
Әлемнің дамыған елдерінде волонтерлік әлдеқашан қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған. АҚШ-та, Канадада және Ұлыбританияда еріктілер әлеуметтік қызметтен бастап төтенше жағдай салдарын жоюға дейінгі жұмысқа белсенді қатысады. Жапонияда волонтерлік мектептен бастап қалыптастырылса, Оңтүстік Кореяда жастардың қоғамдық белсенділігі жоғары оқу орындары мен жергілікті қауымдастықтар арқылы жүйелі түрде қолдау табады. Көптеген елде волонтерлік еңбек кәсіби тәжірибе ретінде бағаланып, университетке түсу немесе жұмысқа орналасу кезінде артықшылық береді.
Қайырымдылық пен жанашырлық қағаздағы есеппен өлшенбейді. Егер еріктілер еңбегі адам өміріне шынайы өзгеріс әкелсе, онда волонтерлік қозғалыстың дамуы туралы айтуға толық негіз бар. Жетісуда қолға алынған бастамалардың түпкі нәтижесі дәл осы өлшеммен бағалануы тиіс.
Айша ҚАДЫР





