Текелі қаласында әскери міндеттілердің кезекті оқу-жаттығуы басталды. Жиынға 50-ден астам текелілік әскери міндетті азамат қатысады. Оқу-жаттығудың мақсаты – әскери міндеттілердің жауынгерлік даярлығын арттыру, әскери білімдерін жетілдіру және төтенше жағдайлар кезінде Қарулы Күштердің резервтік құрамын сапалы дайындау. Сонымен қатар қатысушылардың әскери машықтарын жаңғыртып, заманауи әскери техника мен қару-жарақты тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Талғат Дәулетхановтың айтуынша, әскери міндеттілер жиын барысында жауынгерлік дайындық, саптық және тактикалық сабақтардан өтеді. Сондай-ақ теориялық және практикалық дәрістерге қатысып, артиллериялық қару-жарақтар мен құрылғылардың жұмыс істеу тәртібімен танысады. Арнайы мамандардың жетекшілігімен әскери техникаларды пайдалану және қызмет көрсету бойынша тәжірибелік машықтарын жетілдіреді.
Текелі қаласында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтуде. Оған офицерлер, сержанттар мен сарбаздардан құралған 55 адам қатысуда. Жиын барысында практикалық, атыс және арнайы дайындық сабақтары өтеді. Соңында оқу-жаттығудың белсенді кезеңі ретінде жауынгерлік атыстар ұйымдастырылып, жиынның қорытындысы шығарылады. Бұл – аумақтық қорғаныс бригадасының құрамындағы бөлімше. Оның батальондарының бірі Текелі қаласында орналасқан. Әскери міндетті азаматтар әскери-есептік мамандықтарына сәйкес шақырылды. Олардың қатарында атқыш, пулеметші, бөлімше командирі және гранатаатқыш мамандары бар. Әскери жиынға қатысушылардың жұмыс орындары сақталады. Сонымен қатар жалақысы да төленеді. Жиынға қатысқан уақыт есепке алынып, белгіленген тәртіппен өтеледі, – деді Талғат Дәулетханов.
Әскери жиынға қатысушы Александр Кормильцев мұнда әскери комиссариаттың шақыртуымен келген. Өзі Текелі қаласындағы мектепте ұстаздық етеді. Мұндай шара әрбір азаматтың бойында отансүйгіштік қасиетті күшейтеді екен.
Оқу-жаттығу өтетіні туралы маған әскери комиссариат шақырту берді. Бұл жиынға қатысу маңызды тәжірибе болмақ. Себебі мен мерзімді әскери міндеттімін. Сондықтан қажетті білім мен дағдыларды меңгеру үшін осы мүмкіндікке қатысуды жөн көрдім. Он күннің сәтті өтіп, барлық іс-шараларды жақсы нәтижемен аяқтайтынымызға сенімдімін. Бізден кейін осындай әскери жиындарға қатысатын азаматтардың барлығына сәттілік тілеймін. Бұл – жаңа тәжірибе жинап, Отан алдындағы азаматтық борышыңды өтеуге берілген мүмкіндік, – дейді ол.
Мұндай оқу-жаттығулар әскери міндеттілер оқу-жаттығу барысында дағдыларын жетілдіріп, төтенше жағдайда шұғыл әрекет етуге дайындықтарын пысықтайды. Сонымен қатар бұл іс-шаралар азаматтардың ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілігін сезінуге, әскери тәртіпке бейімделуіне және Отан қорғауға деген дайындықтарын арттыруға мүмкіндік береді.
Дастанбек САДЫҚ





