Ана. Осы бір үш алтын әріптен тұратын жалғыз-ақ сөздің астарында ғаламат сүйіспеншілік пен ұлы сезім жатыр. Әлемнің жарығын сыйлаған ардақты аналарға құрмет көрсету мақсатында Талдықорған қаласы әкімдігінде салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл күні балаларына өнегелі тәрбие беріп, отбасы құндылықтарын дәріптеп жүрген алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.
Салтанатты жиында қала әкімі Ернат Бәзіл марапат иелерін құттықтап, ананың қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтті.
Ана – шаңырақтың шуағы, ұрпақтың тәрбиешісі, қоғамның алтын діңгегі. Отбасы – мемлекеттің тірегі, ал ана – шаңырақтың ұйытқысы. Осы орайда елдің дамуына қосып жүрген елеулі үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекеттік марапат – сіздердің өлшеусіз еңбектеріңізге көрсетілген лайықты құрмет, – деді қала әкімі.
Шара барысында 24 көпбалалы ана мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 6 анаға «Алтын алқа», 18 анаға «Күміс алқа» төсбелгісі табысталды.
Марапат алғандардың бірі – Еркін ауылының тұрғыны, жеті баланың анасы Айнұр Нысанбаева. Қаржы мамандығын меңгерген ол бүгінде 3 ұл мен 4 қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені 12 жаста болса, кенжесі небәрі бір жас жеті айлық. Жолдасы төтенше жағдайлар қызметінде еңбек етеді.
Айнұрдың айтуынша, көпбалалы отбасының берекесі ең алдымен ата-ана арасындағы сыйластық пен сабырлылыққа байланысты.
Балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөліп, әрқайсысына мейірімін бірдей бөлу маңызды. Үйдің берекесін сақтау – ананың қолында. Балалардың бір-біріне жанашыр болып өсуі үшін өзің де үлгі болуың қажет. Отбасындағы татулық пен түсіністік – ең үлкен байлық. Әр ана үшін баласының амандығы мен бақыты – ең үлкен байлық. Бүгінгі марапат – аналардың еңбегіне берілген жоғары баға. Осындай құрмет көрсетіп, көпбалалы отбасыларды қолдап отырған мемлекетімізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді «Алтын алқа» иегері.
Осындай игі шаралар арқылы мемлекет көпбалалы отбасыларға құрмет көрсетіп қана қоймай, отбасы институтын нығайтуға, ана еңбегінің қоғамдағы мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері – тек өз шаңырағының ғана емес, ел болашағын тәрбиелеп отырған ардақты аналар.
Гүлжан ТҰРСЫН





