Жетісу аймағында бал арасын өсіріп, одан өнім алып отырған жандар аса көп емес. Дегенмен тау бөктерінде, шаруашылықтың жайқалған жоңышқа алқабы мен ауылдағы бау-бақшаның бір шетінде тізіліп тұрған ара ұясын көруге болады.
Осындай күйді бастан өткеріп жүрген біз ғана емес екен. Сарқан ауданының тұрғыны Ирина Сюра аралардың тынымсыз еңбекқорлығына ақыл тоқтатқан жаста «ынтық» болыпты. Бейнетшіл жәндікке ынтызарлығы бүгінде үлкен кәсіптің, ауқымды өндірістің бастамасы болып отыр. Себебі, «Жетісуда жасалған» айдарының келесі кейіпкері бал өндірісін қолға алған.
Кейіпкеріміз 1982 жылы әсем Алматы қаласында дүниеге келген. Қаланың қарбалас тіршілігінде өскен жанның өмірі бір күні мүлде басқа арнаға аунайды. «Адамның басы – Алланың добы» дегендей, тағдыр оны Жетісудың көркем өлкесі – Сарқанға жетеледі. Жиырма төрт жасында сарқандық азаматтың шаңырағына келін болып түсіп, бұрын өзі мүлде жақыннан танымаған ара шаруашылығының ортасына тап болды.
Ол кезде отбасының бар байлығы – аулада тұрған бес-ақ ұя омарта еді. Бір қарағанда бұл жай ғана қосалқы кәсіп сияқты көрінгенімен уақыт өте бал арасының таңғажайып әлемі оны өзіне қызықтыра түсті. Таң атқаннан кеш батқанға дейін тыным таппайтын аралардың тіршілігі, олардың тәртібі мен еңбекқорлығы жас келіннің қызығушылығын оятты. Кейін сол қызығушылық сүйікті іске, ал сүйікті іс өмірлік кәсіпке айналды.
Жұбайымен бірге тынымсыз еңбек еткен жылдар зая кеткен жоқ. Бес ұя омарта бүгінде 250 ұяға дейін көбейді. Қазір олардың омартасынан табиғи балдың сегіз түрі өндіріледі. Әр өнімнің өзіне тән дәмі мен шипасы бар. Бұл – табиғаттың әр кезеңінде гүлдейтін өсімдіктердің нәрінен жиналған балдың ерекшелігі.
Табиғатпен тіл табысқан омарташы үшін бір орында отыру мүмкін емес. Сондықтан олар көшпелі омарта әдісін таңдаған. Көктемнен күзге дейін Сарқанның тау бөктерлерін, гүл көмкерген жайлауларын жағалап, араларды шүйгін өсімдіктер өскен өңірлерге көшіріп отырады. Өйткені сапалы бал – табиғаттың берген сыйын дер кезінде жинай білудің жемісі.
Тек қыс түскенде ғана көш тоқтайды. Омарталар аудан орталығындағы арнайы жер теліміне жеткізіліп, қысқы күтімге алынады. Ал көктемнің алғашқы шуағымен бірге олардың жолы қайтадан тау жаққа тартады. Өйткені омарташының өмі-рі – табиғатпен біте қайнасқан, маусыммен бірге тыныстайтын ерекше тіршілік.
Бүгінде олардың еңбегі тек бал өндірумен ғана өлшенбейді. Бұл – төзім мен табандылықтың, табиғатқа деген құрметтің және адал еңбектің арқасында қалыптасқан өмір салты. Бес ұядан басталған шағын кәсіптің бүгінде өңірге танылған омартаға айналуы – соның айқын дәлелі.
– Бал арасына ұзақ қарап тұрсаң, оның әр қимылынан өмірдің мәнін көргендей боласың. Даңғаза жоқ, даурықпа сөз жоқ. Бар болғаны – үнсіз еңбек. Бір гүлден екіншісіне дамылсыз ұшқан ара табиғаттың үндемейтін еңбеккері іспетті. Ол адамға еңбек ету үшін үлкен дене емес, үлкен жүрек керек екенін дәлелдейді. Міне, мені омарташылыққа жетелеткен осы жайт, – дейді Ирина Иванқызы.
Омарта шаруашылығын дамыту жолында Ирина Сюра мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып келеді. Оның айтуынша, кәсіптің өрге басуына табандылықпен қатар уақытылы көрсетілген қолдаудың да ықпалы зор. «Қолдау қанаттандырады» деген сөзді ол өз өмірінен өткерген жан. Соның бір дәлелі – 2025 жылы мемлекеттік грант байқауында бағы жанып, 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Бұл қаражат омарта шаруашылығын кеңейтуге, қажетті құрал-жабдықтар алуға жұмсалған.
Дегенмен кәсіпкердің басты арманы мұнымен шектелмейді. Ол бірнеше жылдан бері «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып келеді. Әр жолы өңірлік кезеңнен сүрінбей өтіп, шешуші сынға дейін жеткенімен жеңімпаз атану әзірге бұйырмаған. Бірақ Ирина мұны жеңіліс деп санамайды. Керісінше, әр байқау оған жаңа тәжірибе, жаңа серпін сыйлаған. «Бастысы – тоқтап қалмау. Бір кү-ні еңбектің өтеуі міндетті түрде қайта- ды», – дейді ол. Сондықтан ол алдағы уақытта да табиғи өнімнің сапасын арттырып, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпазы атану үшін еңбектенуді жалғастыра бермек.
Сырт көзге омарташының тірлігі жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда балдың әр тамшысының артында өлшеусіз еңбек жатыр. Ара – өте сезімтал жәндік. Ауа райының құбылуы, жауын-шашынның ұзаққа созылуы немесе аптап ыстықтың күшеюі оның өнімділігіне бірден әсер етеді. Оның үстіне ара аурулары, зиянкестер, жемшөп шығыны, омартаны бір жайылымнан екіншісіне көшіру де үлкен күш пен қаржыны талап етеді.
Ирина Сюраның айтуынша, омарташылықта демалыс деген ұғым жоқ. Араның күтімі көктемнің алғашқы күнінен бастап, күздің соңына дейін үздіксіз жалғасады. Әр ұяны бақылау, аналық араның жағдайын қадағалау, бал жинау маусымын дәл болжау – үлкен тәжірибе мен жауапкершілікті қажет етеді. Кейде табиғаттың тосын мінезі бір маусым бойы төккен терді ақтамай кететін кездер де болады. Бірақ нағыз омарташы мұндай қиындықтарға мойымайды. Өйткені бұл кәсіптің негізі – төзім, еңбек және табиғатпен тіл табыса білу.
Омарташылық – төзім мен ұқыптылықты талап ететін кәсіп. Бал арасына төнетін қауіп те аз емес. Түрлі жұқпалы аурулар мен зиянкес кенелер омартаның өнімділігін төмендетсе, егістік алқаптарында шамадан тыс қолданылатын пестицидтер мен минералды тыңайтқыштар аралардың жаппай қырылуына се- беп болуы мүмкін. Сондықтан омарташы араларды күтіп-баптаумен қатар олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін табиғаттың жай-күйін де, айналадағы егістік жұмыстарының барысын да үнемі назарда ұстайды.
– Ара өсіру оңай кәсіп емес. Мәселен, бұл жәндіктің паразиттерінің ішінде кенелер үлкен қауіп төндіреді. Қазір егін еккен жұрт алқабын түрлі химиялық қоспамен улайды. Олардың кесірінен араларда «ұмытшақ ауруы» пайда болады. Адасып, омартасын таппай қалады. Былтыр біраз ара өсіруші осы аурудан зардап шекті, – дейді Иринаның жолдасы Михаил Николайұлы.
Қазір Ирина мен Михаилдың отбасында 5 бала өсуде. Үйдің тұңғышы Марк Сюра шетелдік омарташылармен тәжірибе алмасуда. Тіпті Қытайдың бал өндірісімен айналысатын компаниясымен байланыс орнатыпты. Олар тиімді ұсыныс берген. Алайда тонналап өнім экспорттау әзірге Сюралар отбасына мүмкін емес. Себебі, 250 омарта күніге орта есеппен 10-15 келі өнім береді. Ал тонналық деңгейге жету үшін 2000 омарта болуы тиіс. Марк Михаилұлы осы межеге жетуді көздейді. Әзірше Ирина Сюра Сарқан қаласы мен Балпық би елді мекеніндегі, Алматы қаласындағы сауда нүктелері арқылы нәпақасын таба бермек.
Дастанбек САДЫҚ





