Талдықорғанда облыстағы онкологиялық қызметтің 70 жылдығына арналған «Өткен тәжірибеден инновацияларға дейінгі 70 жылдық жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мерейтойлық басқосуға Қазақстан мен Ресейдің жетекші онкологтары, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, профессорлар, дәрігерлер мен зерттеушілер қатысып, қатерлі ісікті ерте анықтау, заманауи диагностика, инновациялық емдеу тәсілдері және халық- аралық тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Салтанатты жиын басталарда аймақтың онкологиялық қызметінің қалыптасуы мен даму жолын баяндайтын тарихи бейнеролик көрсетілді.
Конференцияның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев:
– Онкология адам өміріне үлкен қауіп төндіретіндіктен бұл дертпен күреске қомақты ресурстар бөлініп, профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылуда. Инновациялық зерттеулер жүргізіліп, білікті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бір кездері небәрі 30 төсектік бөлімше болған онкологиялық емдеу мекемесінде бүгінде 50-ден астам жоғары білікті дәрігер еңбек ететін көпсалалы клиникаға айналды. Өткен жылы клиникаға 70 бірлік заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алынып, модульдік күндізгі стационар мен госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды. Сонымен қатар облысқа келген жас мамандарға көтерме жәрдемақы төлеу тәжірибесі енгізілді, – деп сала мамандарын 70 жылдағы жетістіктерімен құттықтады.
Конференцияда сөйлеушілер онкологиялық ауруларды емдеуде молекулалық биология, генетикалық зерттеулер, дербестендірілген медицина мен цифрлық технологиялардың рөлі артып келетінін айтты. Сондай-ақ диагностиканы дамыту мен медициналық қызметтің сапасын арттыру бүгінгі денсаулық сақтау жүйесінің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Конференцияның негізгі баяндамасын облыстық көпсалалы кли- никаның директоры Мадияр Өмірбаев жасады.
– Онкология бұрынғыдай тек ісікті емдеумен ғана шектелмейді. Қазіргі медицина әр науқасқа дербес тәсілді талап етеді. Емдеу биопсиядан, молекулалық және генетикалық зерттеулерден басталады. Диагнозды дәл қойғанда ғана тиімді ем жасалады. Біз де осы әлемдік үрдісті жүйелі енгізіп келеміз. Онкологиялық қызметтің алдында күрделі міндеттер тұр. Диагностиканың жоғары құны, жаңа технологияларды меңгеру және дәрігерлердің үздіксіз білімін жетілдіру – уақыт талабы. Сондықтан мұндай халықаралық конференциялар тәжірибе алмасудың ғана емес, нақты практикалық шешімдер қабылдаудың тиімді алаңы. Біз әлемдік тәжірибені енгізіп, ғылым мен практиканың байланысын одан әрі нығайтуды көздейміз. Мақсатымыз – халыққа көрсетілетін онкологиялық көмектің сапасын үздіксіз арт- тыру, – деді ол. Сондай-ақ 70 жылдық тарихы бар аймақтың онкологиялық қызметтің бүгінгі жетістіктері дәрігерлердің кәсіби еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті.
Конференция аясында қатысушылар заманауи дәрілік терапия, онкологиядағы цифрлық технология, ерте диагностикалау және дербестендірілген емдеу бағыттары бойынша баяндамалар жасады. Жиын барысында денсаулық сақтау саласына өлшеусіз еңбек сіңірген Біржан Менисов, Раш Шарипбайқызы, Назым Қасымбекова сынды мамандар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ аталмыш көпсалалы клиникада ұзақ жыл еңбек еткен дәрігерлерге естелік сыйлықтар табысталды. Олар: онкологиялық диспансерде 1986 жылдан бастап хирург ретінде еңбек жолын бастап, 2012-2019 жылдар аралығындағы бас дәрігер қызметін атқарған ардагер-дәрігер Болат Сейтказин, дәрігер химиотерапевт, бас дәрігердің орынбасары болған Саулет Нұрмағамбетқызы, онкогинеколог дәрігер, емхана меңгерушісі қызметін атқарған ардагер, Фариза Бигустинова, радиолог қызметін атқарған ардагер-дәрігер Венера Абрахманқызы. Конференция барысында басқа да емдеу мекемелерінің жетекшілері сала басшыларының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын иеленді.
Гүлжан ТҰРСЫН





