Тарихтан таныс болған «құрылтай» сөзі бүгінде Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде қайта жаңғырды. Еліміздің жаңа Конституциясына сәйкес, бұл атау жоғары өкілді органның ресми атауы ретінде қолданыла бастайды. Бұған дейінгі қос палаталы Парламенттің орнына бес жылға сайланатын 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай келеді. Жаңа құрамның сайлауы 23 тамызда өтеді.
Тарихи атаудың қайта оралуы елдің саяси жүйесіндегі жаңа кезеңмен сабақтасып отыр. Өйткені «Құрылтай» ұғымының астарында халықтың басын қосу, ортақ мәселені талқылау, ел тағдырын бірге шешу идеясы жатыр.
Парламентке тарихи атауды қайтару туралы бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерген болатын. Президенттің айтуынша, жаңа атау халқымыздың тарихи жады мен ұлттық болмысына жақын. «…Ол Құрылтай деп аталуы керек деп санаймын, өйткені бұл ұғымның тарихи мәні мен болмыс-бітімі халқымызға түсінікті әрі жақын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, жаңа институттың тиімділігі оның санымен емес, депутаттардың кәсібилігімен, жауапкершілігімен және халық мүддесіне қызмет ету сапасымен өлшенуі тиіс екенін атап өтті. Демек, тарихи атауды қайтарудың астарында саяси институттың мазмұнын жаңарту жатыр.
«Құрылтай» сөзінің шығу тегіне қатысты бірнеше пікір бар. Зерттеушілердің бір бөлігі оны ортағасырлық моңғол тіліндегі «quriltai» ұғымымен байланыстырса, енді бір тобы көне түркі тіліндегі «құр» түбірімен сабақтастырады. Тілдік төркініне қатысты пікірлер әртүрлі болғанымен, ұғымның мәні бір арнаға тоғысады. Ол – ел азаматтарының ортақ мәселені талқылау үшін бас қосуы, маңызды шешімдерді ақылдаса отырып қабылдауы. Құрылтай ұғымы түркі және дала өркениетінің саяси дәстүрінде ежелден бар. Ол тек билік өкілдерінің басқосуы емес, ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланатын кеңес ретінде қалыптасқан. Бұл атау «Оғызнама» жырында да кездеседі. Онда Оғыз қағанның ұлы құрылтай шақырғаны туралы айтылады.
Құрылтайдың тарихи маңызын дала өркениетінің саяси тәжірибесінен анық көруге болады. Мысалы, 1206 жылы өткен ұлы құрылтайда Темүжінге Шыңғыс хан атағы беріледі. Бұл жиында мемлекеттің саяси бағытына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Хандарды сайлау, соғыс пен ауызбіршілік секілді ел тағдырына әсер ететін мәселелер осындай кеңесте қаралды. Қазақ хандығы дәуірінде де ел бірлігін нығайтып, сыртқы жауға қарсы күш біріктіруде құрылтайдың орны ерекше болды. Қарақұм мен Ордабасыдағы тарихи жиындар соның айқын мысалы. Әсіресе Ордабасыдағы қазақ жүздерінің басқосуы елдің бірлігін бекемдеуге бағытталған маңызды тарихи оқиға ретінде белгілі. Мұндай жиындар қиын-қыстау кезеңде халықтың ортақ мүддеге күш жұмылдыруға жол ашты.
1885 жылы өткен Қарамола съезі құқықтық ойдың дамуында айрықша із қалдырды. Осы жиында Абай Құнанбайұлы төбе би болып сайланып, қазақ қоғамындағы дау-шарды реттеуге бағытталған ережені әзірлеуге атсалысты. Қарамола ережесінде сол кезең үшін маңызды бірқатар құқықтық мәселе қамтылды. Онда сот ісін жүргізу тәртібі, қылмыс пен жаза, болыстардың қызметіне қатысты талаптар қарастырылды. Бұл оқиға құрылтай дәстүрінің тек көне дәуірмен шектелмейтінін көрсетеді. Уақыт өзгерген сайын елдік мәселені ортаға салу жаңа сипатқа ие болып отырған.
«Құрылтай» атауы ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының саяси ойында да маңызды орын алған. 1917 жылы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш қайраткерлері мемлекеттік басқару мен халық өкілдігі мәселелеріне ерекше мән беріп, сол кездегі саяси құжаттарда «Учредительное собрание» ұғымын қазақша «Құрылтай жиналысы» деп аударған.
Құрылтай ұғымының ғасырлар бойғы эволюциясына көз жүгіртсек, оның мазмұны әр дәуірде түрлі көрініс тапқанын байқаймыз.
- Ежелгі дәуірдегі жиындар – елдік мәселелерді талқылау;
- Қазақ хандығы кезеңіндегі құрылтайлар – бірлік пен ортақ шешімнің негізі;
- Қарамола съезі – дала қоғамындағы құқықтық нормаларды жүйелеу талпынысы;
- Алаш кезеңі – халық өкілдігі мен ұлттық мемлекеттілік идеясы;
- Бүгінгі Құрылтай – заманауи заң шығару және өкілдік институты.
Тарихи тізбектің әр кезеңінде атаудың сыртқы формасы өзгергенімен, оның өзегінде ортақ бір идея сақталып келеді. Ол – ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді ортақ талқылау және халық мүддесін қорғау. Әрине, бүгінгі Құрылтайды ақсақалдар кеңесімен немесе хандық кезеңдегі құрылтаймен тікелей теңестіруге болмайды. Жаңа Құрылтай – халықтың атынан мандат алатын, заң шығару міндетін атқаратын кәсіби өкілді орган. Сондықтан тарихи атаудың қайта оралуы үлкен жауапкершілік. Ең маңыздысы – атауға лайық мазмұн қалыптастыру.
Тарихта ел тағдырын шешкен құрылтайлар халықтың бірлігін бекемдеген. Ендігі кезеңде Құрылтайдың саяси салмағы оның атауымен емес, халықтың сенімін қаншалықты ақтай алатынымен өлшенері анық.
Мақпал Әділханқызы





