Жетісу облысының жалпы орта білім беру мекемелерінде өскелең ұрпақтың бойына табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін сіңіру және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында бірыңғай экологиялық сынып сағаттары өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жергілікті білім беру ошақтарында ұйымдастырылған ауқымды шара Біртұтас тәрбие бағдарламасы шеңберінде қолға алынып, өңірдегі 1-11 сынып аралығындағы білім алушыларды түгелдей қамтыды.
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы мен «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында өткен бұл тағылымды сабақтарға облыс бойынша 30 582 оқушы қатысты. Бастаманың негізгі түйіні мектеп ішіндегі тазалықпен ғана шектелмей, ресурстарды тиімді пайдалану сауаттылығын арттыруды көздейді.
Табиғатты аялауға бағытталған дәрістерде оқушыларға қарапайым күнделікті әдеттер арқылы тұрмыста су мен электр энергиясын ысырап етпей, тиімді жұмсау жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, оларды қайта өңдеу мәдениетін меңгеру және жаһандық климаттың өзгеруі, су тапшылығы сияқты түйткілдердің алдын алу шаралары талқыланды.
Ұстаздар қауымы табиғи байлықты сақтау мен аялау әрбір азаматтың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен адалдығының айқын көрінісі екенін оқушылар санасына тереңнен сіңірді.
Сынып сағаттарының тиімділігін арттыру мақсатында балалардың жас ерекшеліктері толық ескерілді. Бастауыш сынып оқушылары су мен жарықты үнемдеудің қарапайым ережелерін ұғынса, орта және жоғары сынып білім алушылары өзекті экологиялық мәселелер бойынша пікір алмасып, өздері әзірлеген арнайы жобаларын ортаға салды.
Бұл бірыңғай сынып сағаттары жас жеткіншектердің экологиялық сана-сезімін арттырып, олардың қоғамдық белсенділігін дамытуға серпін берді. Өңір мектептеріндегі мұндай жүйелі тәрбиелік жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.





