Қазақстанда экономиканың әртүрлі салаларында нәпақасын тауып жүрген нәзік жандылардың саны артып келеді. Жыл сайынғы көрсеткіштер әйелдердің еңбек нарығындағы белсенділігі мен ықпалы арта түскенін айқын көрсетеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Соңғы іріктеп зерттеу деректеріне сәйкес, елімізде еңбекке араласып жүрген нәзік жандылардың саны 4 527,1 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,6 мың адамға немесе 0,9% жоғары. Әйелдер қауымы тек мемлекеттік қызмет пен дәстүрлі салаларда емес, жеке бизнес пен кәсіпкерлікте де өз орнын тауып отыр.
Зерттеу қорытындысы бойынша, жұмыспен қамтылғандардың негізгі бөлігі, яғни 3 602,0 мың адам (79,6%) жалдамалы қызметкерлер ретінде еңбек етеді. Ал 925,1 мың адам (20,4%) өзін-өзі жұмыспен қамтып, жеке ісін жүргізіп келеді. Бұл елімізде шағын және орта бизнесті дамытуда әйелдердің рөлі жоғары екенін дәлелдейді.
Нәзік жандылардың ең көп үлесі шоғырланған негізгі салалар:
- Білім беру саласы: 902,2 мың әйел (жалпы санды 19,9%-ы).
- Көтерме және бөлшек сауда: 877,6 мың адам (19,4%).
- Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет: 426,3 мың адам (9,4%).
- Өнеркәсіп: 388,1 мың әйел (8,6%).
- Ауыл, орман және балық шаруашылығы: 351,2 мың әйел (7,8%).
Соңғы жылдары дәстүрлі емес бағыттарда да қызмет ететін қыз-келіншектер қатары көбейді. Бір жыл ішінде жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында елеулі өсім (+25,7%) тіркелді. Сондай-ақ әкімшілік қызмет көрсетуде +21,9%, көлік пен қоймалау саласында +16,2% және өнеркәсіпте +7,6% өсім байқалады.
Өңірлік тұрғыдан алғанда, белсенділік Қарағанды (+7,8%), Ақтөбе (+6,5%), Түркістан (+6,1%) облыстары мен Алматы қаласында (+6,3%) жоғары деңгейді көрсетті. Ал тұрғылықты мекенжайы бойынша қалада еңбек ететін әйелдер саны 3 008,5 мың адамды құрап, ауылдық жерлерге қарағанда жоғары көрсеткішке ие болды.
Әйелдердің еңбек нарығына белсене араласуы ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі. Экономикалық белсенділікті одан әрі арттыру үшін мемлекет тарапынан бірнеше тиімді шешімдер жүзеге асырылуда:
- Икемді жұмыс кестесі: Үй шаруасы мен жұмысты қатар алып жүру үшін қашықтан еңбек ету мүмкіндіктері кеңейді.
- Кәсіпкерлікті қолдау: Шағын бизнес бастағысы келетін әйелдерге жеңілдетілген шағын кранттар мен несиелер беру ісі жолға қойылған.
- Біліктілікті арттыру: Сандық технологиялар мен жаңа мамандықтарды меңгеруге бағытталған тегін оқыту курстары жұмыс істейді.
Еңбек нарығындағы оң өзгерістер әйелдердің қоғамдағы мүмкіндігін кеңейтіп, отбасылық бюджет пен ел әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді.





