2026–2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Ескелді аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат МҰХАСАНОВ НҰРСҰЛТАН ТАСТАНДЫҰЛЫ.
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Мұхасанов Нұрсұлтан Тастандыұлы, 1981 жылы Алматы облысы, Көксу ауданы, Қызылтоған ауылында дүниеге келдім. Жоғары білімдімін, «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын тәмамдадым.
2004 жылдан бері Ескелді ауданында білім саласында еңбек етіп келемін. Қазіргі уақытта Ескелді ауданы, Байысов ауылындағы Т. Рүстембеков атындағы орта мектептің мұғалімімін. Еңбек жолында білім беру саласында мол тәжірибе жинақтап, педагогикалық және басшылық қызметтерді абыроймен атқарып келемін. Білім беру ұйымын басқару барысында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға, педагогикалық ұжымның бірлескен жұмысына, білім сапасын арттыруға және оқушылардың жан-жақты дамуына баса назар аударамын.
Мен үшін ауылдың дамуы – халықтың әл-ауқаты, балалардың сапалы білім алуы, жастарға мүмкіндік жасау және тұрғындардың тұрақты табысын арттыру. Қарабұлақ ауылдық округіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етуге және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға дайынмын.
Басты ұстанымым – халыққа жақын болу, уәдеге жауапкершілікпен қарау және туған жер үшін нақты жұмыс істеу.
Құрметпен, Мұхасанов Нұрсұлтан
2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТАР МЕН МІНДЕТТЕМЕЛЕР
1. ЖОЛДАР ЖӘНЕ АУЫЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
Қарабұлақ ауылындағы Лев Толстой, Көктал және Чехов көшелерінің жалпы ұзындығы 4,2 км болатын жолдарына орташа жөндеу жүргізуге ықпал ету.
2. СУ, ЖАРЫҚ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге күш саламын. • Тозған инженерлік желілерді жөндеу мәселесін көтеру; • Көше жарығын кеңейту және электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыру.
3. ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ ЖӘНЕ АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІ
«Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін ауыл тұрғындарына барынша қолжетімді етуге ықпал етемін.
• Жеңілдетілген несие алуға тұрғындарға қолдау көрсету;
• Жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарын дамытуға ықпал ету;
• Отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау.
4. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ
Ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына мал және егін шаруашылығын дамытуда нақты қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалар мен субсидияларға қолжетімділікті арттыруға ықпал етемін.
5. ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫНДАР ТАБЫСЫ
Шағын бизнес пен ауыл шаруашылығын дамыту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға, жастар кәсіпкерлігін қолдауға ықпал етемін.
6. ҚОЛЖЕТІМДІ ЖӘНЕ САПАЛЫ МЕДИЦИНА
Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, медицина кадрларын тартуға және қарттар, көпбалалы отбасылар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейтуге атсалысамын
7. ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА
2029 жылға дейін Ешкіөлмес ауылында мектеп құрылысын жүргізуге ықпал етемін.
8. ОТБАСЫЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ
Қарабұлақ ауылында әрқайсысы 60 пәтерден тұратын 4 тұрғын үй, жалпы 240 пәтер салуға ықпал ету
9. ТАЗА АУЫЛ – ОРТАҚ МІНДЕТ
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізуге, қоқысты уақытылы шығаруды ұйымдастыруға және қоршаған ортаны қорғау шараларын қолдауға ықпал ету.
МЕНІҢ ЖҰМЫС ҚАҒИДАТТАРЫМ
• Әділдік – әрбір тұрғынның мүддесіне құрметпен қарау.
• Ашықтық – халықпен тұрақты байланыс орнатып, есеп беру.
• Жауапкершілік – көтерілген мәселелердің орындалуын бақылау.
• Нақты нәтиже – өзекті мәселелерді жоспарлар мен бюджетке енгізуге ықпал ету.
• Бірлік – ауыл тұрғындарының бастамаларын қолдау.
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Барлық мәселені бір күнде шешу мүмкін емес. Дегенмен, тұрғындардың өтініштерін назарға алып, олардың мүддесін қорғауға және өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етуге дайынмын. Мен үшін депутаттық жұмыстың басты өлшемі – халықтың өміріндегі нақты оң өзгерістер. Қарабұлақ ауылдық округінің дамуы мен тұрғындардың әл-ауқаты үшін бірге еңбек етейік!
Сіздердің сенімдеріңіз – менің жауапкершілігім!
Әрбір ауылға – назар, әрбір тұрғынға – құрмет, әрбір іске – жауапкершілік!
Сайлауға келіңіздер!
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Өлкеміздің ең басты байлығы – оның еңбекқор, жауапкершілігі мол, туған жерін сүйетін адамдары.
Әрбір тұрғын әділ қарым-қатынасқа, лайықты өмір сүру жағдайына және жарқын болашаққа сеніммен қарауға лайық. Сапалы жолдар, таза ауызсу, қолжетімді медицина мен білім, жаңа жұмыс орындары және жастарға арналған мүмкіндіктер құр уәде болып қалмай, нақты нәтижеге айналуы тиіс.
«ӘДІЛЕТ» партиясынан № 11 бірмандатты сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат ретінде менің басты мақсатым – тұрғындардың мүддесін қорғау, өзекті мәселелерді көтеру және оларды депутаттық өкілеттіктер аясында кезең-кезеңімен шешуге ықпал ету.
Менің жұмысым әділдік, ашықтық, заңдылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделеді. Әрбір адамның, әрбір отбасының және әрбір елді мекеннің мәселесіне назар аудару – дамудың негізгі бастауы деп білемін.
Бірлесе отырып, өмір сүруге, еңбек етуге, бала тәрбиелеуге және болашақ құруға қолайлы округ қалыптастыра аламыз!
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Әр адамға – әділдік. Барлық тұрғындар мен елді мекендерге тең көңіл бөлу, азаматтардың заңды мүдделерін қорғау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал ету.
Нақты істер арқылы даму. Жолдарды жөндеу, ауызсумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру және коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту мәселелерін жүйелі түрде көтеру.
Еңбек адамына қолдау. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, фермерлер мен өз ісін бастауға ниетті азаматтардың бастамаларын қолдауға ықпал ету.
Жастарға – жарқын болашақ. Сапалы білім алуға, кәсіби дамуға, жұмыспен қамтылуға және туған жерде өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жағдай жасауға атсалысу.
Ашықтық пен жауапкершілік. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету және атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарды тұрақты хабардар ету.
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер
Тапсырыс беруші: Мұхасанов Нұрсұлтан Тастандыұлы
Ескелді аудандық мәслихаты депутаттығына үміткердің сайлау қорынан төленді







