Қазақстанда кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып, экономикалық мобильдік сертификаты көлемі артты. Мемлекет тарапынан баспана субсидиясы бөлініп, барлық қызметтер migration.enbek.kz арқылы қолжетімді етілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздің еңбек нарығындағы теңгерімсіздікті жою және жұмыс күші тапшы аймақтарды дамыту мақсатында маңызды шешімдер қабылданды. Жоба азаматтардың баспаналы болып, жаңа мекенге оңай бейімделуіне жағдай жасайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, басты жаңашылдық қаржылай қолдаудың едәуір өсуімен байланысты. Енді жаңа мекенге көшуге бел байлаған азаматтарға берілетін экономикалық мобильдік сертификаты мөлшері 7 млн теңгеге дейін, яғни 1625 АЕК деңгейіне жетті.
Осы мемлекеттік көмек қатысушыларға жаңа тұрғылықты жерден жеке баспана сатып алуға немесе ипотекалық несиенің бастапқы жарнасын төлеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты — отбасылардың жаңа ортада тез бейімделіп, өз үйіне ие болып, тұрақтап қалуын қамтамасыз ету.
Тұрғын үй сатып алуға арналған баспана субсидиясы бөлек, қоныс аударушыларға қосымша жеңілдіктер ұсынылады:
-
Көшіп-қону шығындарын өтеу үшін отбасының әрбір мүшесіне біржолғы субсидия төленеді;
-
12 ай бойы баспананы жалдау және коммуналдық қызмет шығындары өтеледі;
-
Сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмысқа орналасуға жан-жақты көмек көрсетіледі.
Тағы бір тиімді тұсы — азаматтар көшпей тұрып-ақ жаңа өңірдегі жұмыс орнын таңдай алады. Қабылдаушы өңірлердің өкілдері бос жұмыс орындары жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізіп тұрады.
Егер бұрын бағдарлама негізінен жұмыссыз азаматтарға арналған болса, қазіргі таңда қатысушылар тізімі едәуір кеңейді. Енді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да осы мүмкіндікті толық пайдалана алады.
2017 жылы бастау алған бағдарламаға осы күнге дейін 73,9 мың адам қатысып, оның 31 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылды. Ресми деректер бойынша, көшіп барғандардың небәрі 6%-ы ғана кері қайтқан, бұл шараның жоғары тиімділігін көрсетеді.
Көші-қон үдерісін жеңілдету үшін барлық қызметтер сандық жүйеге көшірілген. Өтінім беру, өңірлер картасын көру, сұранысқа ие мамандықтар тізімін қарау және бос жұмыс орындарын таңдау migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн түрде жүзеге асырылады.
Жаңа өңірге көшу — еңбек нарығында өз орнын табуға, тұрмыстық жағдайды жақсартуға және баспаналы болуға берілген үлкен мүмкіндік.





