Қазақстанда бірнеше несиесі бар азаматтардың борыштық жүктемесін жеңілдету бағытында маңызды қадамдар жасалуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер, микроқаржы ұйымдары мен сақтандыру компанияларының басын біріктіретін бірыңғай қарызды реттеу орталығын құруды қолға алды. Қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарды қолдау мақсатында finkelisim.kz бірыңғай цифрлық қарызды реттеу платформасы ресми түрде іске қосылды. Мұндағы басты ерекшелік – тұтынушылық несиесі бар тұрғындар «бір терезе» қағидаты бойынша бір мезгілде бірнеше кредитормен ортақ келісімге келе алады.
Арнайы жобаға кепілсіз тұтынушылық несиесі бойынша төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтар қатыса арайды. Өтінім берушілерге қойылатын басты талаптар мынадай:
-
Екі немесе одан да көп қаржы ұйымына қарызы болуы тиіс;
-
Жалпы берешек мөлшері 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін (шамамен 648 мыңнан 6,9 млн теңгеге дейін) болуы керек;
-
Қарыз бойынша сот шешімі немесе нотариустың атқарушылық жазбасы болмауы шарт.
Платформаға тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өткен соң, жүйе мәліметтерді автоматты түрде тексереді. Шарттарға сәйкес келген жағдайда, кредиторлар бірыңғай өтеу кестесін ұсынады. Құжаттарға қол қою үшін 72 сағат беріледі, осыдан кейін өндіріп алу шаралары тоқтатылып, қарыз алушы ыңғайлы бір төлем кестесіне көшеді. Төленген қаражат кредиторлар арасында қарыз көлеміне қарай автоматты түрде бөлінеді. Сонымен қатар Алматы қаласында I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтардың қарыздарын кешенді реттеу бойынша арнайы пилоттық жоба басталды. Тұрғындардың табысы, мүлкі, отбасы құрамы мен әлеуметтік төлемдері ескеріліп, айына 5-10 мың теңге көлеміндегі қолжетімді төлем кестесі ұсынылады. Жүйе оң нәтиже берсе, ол еліміздің басқа өңірлеріне де енгізіледі.
Егер қарыз алушы келісім шарттарын бұзып, төлемді 40 күннен астам уақыт кешіктірсе, қайта қалпына келтіру мүмкіндігі жойылып, өндіріп алу рәсімі қайта басталады. Сол себепті берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қаржылық сауаттылықты арттыру аса маңызды. Алдағы уақытта бұл цифрлық жүйе банкроттық рәсімдерімен де біріктірілмек.





