Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген II тоқсандағы әлеуметтанулық зерттеу нәтижесі бойынша, азаматтардың 87,3%-ы «Заң мен Тәртіп» қағидаты туралы жақсы біледі. Елімізде заң мен тәртіп қағидаты, Жасанды интеллект Қазақстан, Таза Қазақстан акциясы және инфрақұрылым жағдайы бойынша халықтың белсенділігі мен сұранысы жоғары деңгейде қалыптасып келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Республиканың барлық өңірлерінен 2 400 респондент қатысқан ауқымды сауалнама қоғамның даму басымдықтарын айқындап берді. Зерттеу деректері азаматтардың әділдік пен жауапкершілікке негізделген мемлекеттік модельді толық қолдайтынын көрсетеді. Бұл ұстаным қала тұрғындарына да, ауыл халқына да бірдей таныс. Ауылдық жердегі респонденттердің 85,1%-ы аталған қағидаттан хабардар.
Заңдылықты сақтау мәселесінде халықтың 74,2%-ы жауапкершілікті мемлекетпен тең бөлісуге немесе жеке азаматтық міндет деп қарауға дайын. Әсіресе 18-28 жас аралығындағы жастардың 52,8%-ы заң сақтауды ең алдымен әрбір адамның жеке жауапкершілігі санайды.
Сонымен бірге, Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасын респонденттердің 67,1%-ы қолдады. Бұл идеялық бағыт студенттер мен орта буын өкілдерін, жеке кәсіпкерлерді ортақ мақсатқа жұмылдырып отыр.
Еліміздегі инфрақұрылымның сапасы мен әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі де оң бағаланды. Халықтың ризашылық рейтингінде білім ордалары көш бастап тұр:
-
Мектептердің қолжетімділігі – 78,9%;
-
Мәдениет мекемелері – 73,8%;
-
Саябақтар мен демалыс орындары – 73,7%;
-
Балабақшалар – 73,5%;
-
Спорт кешендері – 72,3%.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асып жатқан бастамаларды отандастарымыздың 66%-ы жоғары бағалады. Ал респонденттердің 60,7%-ы жасанды интеллект технологияларын экономика мен әлеуметтік салаларға белсенді түрде енгізуді толық қолдайтынын білдірген. Студенттер мен жас мамандар бұл жаңашылдықты болашақ жұмыс орындарының кепілі деп санайды.
Сондай-ақ сауалнама барысында алдағы саяси шараларға қатысты да пікір жиналды. 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға респонденттердің 70,3%-ы дауыс беруге қатысуды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл азаматтардың ел болашағына бей-жай қарамайтынын аңғартады.





