Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізгі мақсаты мен ел болашағы үшін айрықша рөліне тоқталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Президент сөзінше, бір мезетте бүкіл саланы және барлық аймақты қамтитын дәл осындай ауқымды құрылыс бұрын-соңды ел тарихында болмаған.Бағдарламаға отандық өндіріс орындары мен кәсіпкерлер белсене тартылып, нәтижесінде көптеген жаңа жұмыс орындары ашылады, ал тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасы артады.
«Осылайша, мемлекетіміздің тұрпаты мен келбеті, экономикамыздың құрылымы айтарлықтай өзгеретініне күмән жоқ. Бір мезетте бүкіл саланы және барлық аймақты қамтитын дәл осындай өте ауқымды құрылыстың ел тарихында бұрын-соңды болмағанын сіздер жақсы білесіздер. «Халықтық құрылыс» халқымыздың қолдауына ие болатын, ұлт дамуына кең жол ашатын жоба болмақ. Жалпыұлттық жобаға өндіріс орындары да, отандық кәсіпкерлер де белсене атсалысады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, азаматтардың табысы артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Түптеп келгенде, «Халықтық құрылыстың» игілігі мен жақсылығын Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ өкілдері көреді. Сондықтан біз «Құрылыс және тағы да құрылыс» сөзін отаншылдық ұраны етіп, біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз. Мен осыған кәміл сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түсіндіре кетсек, қазіргі күрделі геосаяси және экономикалық ахуал жағдайында ішкі нарықты дамытып,инфрақұрылымды жаңарту мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең тиімді тетігі саналады. Әсіресе жоба аясында ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне аса қажетті инфрақұрылым тартылады.Мұндай қадам ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен сақтау тізбегін жетілдіріп, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жол ашады.
««Халықтық құрылыс» деген атауында тұрғандай, аталған жоба халықтың игілігін көздейді, барлық азаматты жасампаз іске жұдырықтай жұмылдырады. Осы іс – шын мәнінде келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет. Құбылмалы әрі тұрақсыз әлемнің күрделі сын-қатерлеріне біздің лайықты жауабымыз – «Құрылыс және тағы да құрылыс!». Геосаяси және экономикалық ахуал бұлыңғыр жағдайда мемлекетіміздің, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің анағұрлым дұрыс, қисынды жолы осы екеніне сенімдімін. Осы мазмұны терең бағдарлама аясында ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қажетті инфрақұрылым салынады», – деп атап өтті Президент.
Аталған бастама Жетісу облысы секілді аграрлық әрі инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары өңір үшін де үлкен серпіліс әкелмек. Аймақтағы шаруа қожалықтарына қажетті жолдар мен инженерлік желілердің салынуы жергілікті бизнестің өркендеуіне және ауыл тұрғындарының тұрақты табыс табуына тікелей ықпал етеді.






