Мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуды ел экономикасының басты тіректерінің біріне айналдырып отырған бүгінгі кезеңде еңбекке сүйенген жандардың еңсесін тіктейтін игі бастамалар көбейіп келеді. Соның бір айқын көрінісі – Талдықорғандағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен дәстүрлі «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауы.
Биылғы көрме де аймақтың түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлердің басын қосып, тың бастамалары мен табысты тәжірибесін бір алаңда тоғыстырды.
Көрменің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов қатысып, аймақтағы кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуына тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі ұстанымына ерекше назар аударды.
Кәсіпкерлікті дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президентіміз айтқандай, тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылдың өркендеуінің берік не-гізі. Сондықтан облыста бұл салаға айрықша көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде қаржылай қолдау аясында өңірдегі 140-тан астам шағын және орта бизнес субъектісіне 7 миллиард теңгеден асатын мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 93 жобаға субсидия берілсе, 42 кәсіпкер кепілдендіру тетігіне ие болды. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 312 азаматқа жалпы сомасы 2,7 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие ұсынылды. Бұл бағытта өңірлік кәсіпкерлер палатасының еңбегі зор, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Көрмеге облыстың барлық аудан-қаласынан келген 35 кәсіпкер өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынды. Бірі ұлттық тағам әзірлесе, енді бірі қолөнер бұйымдарын жасап, табиғи өнім өндірудің жаңа үлгісін қалыптастырып үлгерген. Әрбір бұйымнан туған жердің тынысы мен еңбек адамының қолтаңбасы айқын аңғарылды.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаевтың айтуынша, сараптамалық жұмыс тобы қатысушылардың өнімдерін сапасы, жаңашылдығы, нарықтағы сұранысы мен өңірлік ерекшелігіне қарай саралап, жобаның 20 үздік жартылай финалисін анықтады.
Көрмеде көпшіліктің ерекше ықыласына бөленгендердің бірі – Сарқан ауданының Алмалы ауылынан келген кәсіпкер Салтанат Нұрғазинова. Ол 12 жылдан бері сүт өнімдерін өндіріп келеді. Кезінде бір сиырдан бастаған ісі бүгінде он бес сауынды сиыры бар берекелі шаруашылыққа айналған. Қазір оның өнімдері облыстың өзге өңірлеріне, тіпті Алматы қаласына дейін жөнелтіледі. Бес баланың анасы адал еңбек пен төзімнің арқасында кәсібін дөңгелетіп отырғанын айтып, ауыл жастарын туған жерден бақ іздеуге шақырды.
Көпшіліктің қызығушы- лығын тудырған тағы бір жо- ба – Талдықорған қаласындағы «Koshpendi dami» отбасылық кәсіпорны. Жетекшісі Әсем Бекболатованың айтуынша, жылқы етінен дайындалатын жартылай ысталған шұжық бүгінде шетелде де жоғары сұранысқа ие. Жарты жылдың ішінде кәсібін кеңейтіп үлгерген отбасы өнімдерін әлеуметтік желі арқылы таныстырып келеді. Әсіресе TikTok желісіндегі тікелей эфирлер барысында Германия, Дания, Англия және Біріккен Араб Әмірліктерінен тапсырыс түседі екен. Кәсіптің бастауында қарапайым отбасылық қажеттілік тұрғаны да көпшілікке ой салды. Балалары ет тағамдарын талғамай жейтіндей өнім әзірлеуді мақсат еткен кәсіпкер алғашында YouTube желісінен үйреніп, өз шаңырағында тәжірибе жасап көреді. Кейін туыстарының сұранысы көбейіп, уақыт өте келе бұл ізденіс табысты кәсіпке ұласқан.
Шара барысында кәсіпкерлерге құқықтық қолдаудың маңыздылығы да кеңінен сөз болды. Осы ретте облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Қонақбаева географиялық нұсқама ұғымының мәніне тоқталып, оның өңірлік өнімнің беделін арттырудағы рөліне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, географиялық нұсқама – белгілі бір аймақтан шыққан өнімнің ерекшелігін айқындайтын зияткерлік меншік нысаны. Мұндай құқықтық қорғау кәсіпкерлердің өз өнімін заң жүзінде қорғап қана қоймай, халықаралық нарықта танылуына, тұтынушылар сеніміне ие болуына әрі бренд ретінде қалыптасуына жол ашады.
Бір ауылдың маңдай терімен өндірілген өнімнің әлемдік нарыққа шығуына мүмкіндік туғызатын мұндай игі жобалар ел экономикасын әртараптандырып қана қоймай, ауылдың әлеуетін арттырып, ұлттық өнімнің ме-рейін үстем етеді.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





