Екіаша ауылында өрт сөндіру бекетінің ашылуы – өңірдегі азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Елді мекендердің қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыратын нысанның пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарының көңіліне сенім ұялатты.
Шараның салтанатты ашылу рәсіміне облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков, Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Алмас Байғұнысов, «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Марат Кабиев, азаматтық қорғау саласының қызметкерлері, ардагерлер мен жергілікті жұртшылық қатысты. Жиын барысында өңірдегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатталып, жаңартылған бекеттің кілті Екіаша ауылдық округінің әкіміне, ал арнайы өрт сөндіру автокөлігінің кілті жүргізушіге салтанатты түрде табысталды.
Жаңғыртудан өткен бекет Екіаша, Топалевка және Аманбөктер ауылдарына қызмет етеді. Соның нәтижесінде қауіптің алдын алу, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау ісі бұрынғыдан да пәрменді жүзеге аспақ.
Қауіпсіздік – ел тыныштығының кепілі. Заманауи инфрақұрылымдық нысандардың іске қосылуы тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасап қана қоймай, кез келген сын сағатта жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





