Қазақтың ою-өрнегі – халқымыздың талғамы мен рухани дүниесінің айнасы. Ертеден келе жатқан ұлттық нақыш өз мәнін жоғалтпай, қоршаған ортаға ерекше сән беріп келеді. Әсем өрнек қаланың келбетін көркейтіп, тұрғындарға жылы әсер сыйлайды. Бұған дейін түрлі сәндік бұйымның пластиктен немесе ағаштан жасалған үлгілерін көріп жүрсек, олардың кейбірі уақыт өте келе сапасын жоғалтып, ұзаққа шыдамай жататыны белгілі.
Бүгінде бұл бағытқа жаңа серпін берген өндіріс орындарының бірі – Талдықорғандағы «TEMIR LASER» цехы. Мұнда темірді заманауи технология арқылы өңдеп, ұлттық нақыштағы және түрлі бағыттағы сәндік бұйымдар мен металл конструкциялары дайындалады.
Цехқа барғанымызда қызу еңбектің үстінен түстік. Көктемде ғана жұмысын бастаған кәсіпорынның тапсырысы артып, жұмыс қарқыны күшейген. Аулада жатқан темір материалдары мен дайындалуға кезек күтіп тұрған бөлшектердің өзі өндірістің ауқымын аңғартқандай. Ал ішке енген сәтте көздің жауын алатын қақпалар, қоршаулар, түрлі сәндік элемент пен ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген бұйымдар бірден назар аударды.
Бұл жерде темір жай ғана қатты материал емес, шебер қолдың еңбегі арқылы әдемі бұйымға айналады. Өндіріс орнында металды лазерлік кесу, ию, дәнекерлеу және ұнтақты бояу жұмыстары атқарылады. Заманауи жабдықтар мен сапалы материалдардың арқасында әрбір тапсырыс жоғары дәлдікпен орындалып, белгіленген мерзімде дайындалады.
Цехтың басты ерекшелігі – тапсырыс берушінің ойы мен талғамына бейімделе жұмыс істеуі. Мұнда дайын үлгілермен ғана шектелмей, әр адамның қиялындағы ерекше жобаны жүзеге асыруға мән беріледі. Тапсырыс иесі қандай көрініс, жазу немесе өрнек қалайтынын айтса, шеберлер оны темірге түсіріп, қайталанбас бұйым жасауға тырысады. Осындай ізденіс пен жауапкершіліктің арқасында ұжым аз уақыт ішінде тұрғындардың сеніміне ие болып, жақсы пікірге бөленіп келеді.
Цех жұмысын ұйымдастырып отырған Олжас Азанбеков – әлі отыз жасқа толмаған жас кәсіпкер. Жасына қарамастан, өндіріс ісін қолға алып, жаңа бағытты дамытуға белсенді атсалысып жүрген еңбекқор азамат.
– 2021 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының «инженер-технолог» мамандығы бойынша тамамдадым. Алғаш еңбек жолымды жиһаз саласынан бастадым. Кейін құрылыс саласында жұмыс істеп, бірнеше жыл тәжірибе жинадым. Сол уақытта өз кәсібімді ашып, халыққа қажет әрі ұзақ уақыт қызмет ететін сапалы дүниелер жасағым келді. Көп іздендім, жаңа технологияларды үйренуге тырыстым. Алғашында темірден мангал жасап көрдік. Кейін ұлттық ою-өрнекпен безендірілген және заманауи үлгідегі бұйымдарға қызығушылық жоғары екенін байқадық. Осылайша бұл бағытты дамытуды қолға алдық. Бүгінде үлкен көлемдегі металл конструкцияларын, сәндік бұйымдар мен түрлі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл кәсіпке деген қызығушылық пен икем әкемнің тәрбиесінен дарыды деп ойлаймын, – дейді Олжас Әділханұлы.
Жас кәсіпкердің бұл іске бет бұруына әкесінің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі үлкен әсер еткен. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей Әділхан Азанбеков цехтың ақылшысы, жастардың бағыт-бағдар берушісі.
– Құрылыс саласына қырық жыл уақытымды арнадым. Бұрын түрлі ою-өрнекті ағашқа немесе пластик тақталарға қолмен ойып жасайтынбыз. Бірақ қол еңбегі болғандықтан, ойымыздағы көптеген дүниені толық жүзеге асыру қиын еді. Осы мақсатымды ұлым Олжасқа айттым. Жастар жаңашылдыққа жақын ғой, бұл ойды бірден қолдап, өз жоспарын ұсынды. Жиған-терген қаражатымызды біріктіріп, темірге өрнек түсіретін лазерлік станок сатып алдық. Кейін қажетті құрылғыларымызды толықтырдық. Жұмыс бастағанымызға көп уақыт өтпесе де халықтың қызығушылығы артып, тапсырыс көбейіп келеді, – дейді ол.
Әке тәжірибесі мен баланың жаңашыл көзқарасы тоғысқан бұл өндіріс орны – ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Бірі жылдар бойы жинаған тәжірибесін бөліссе, екіншісі оны заманауи технологиямен ұштастырып, жаңа кәсіптің негізін қалап отыр.
Бүгінде цехта аялдама, қақпа, қоршау, түрлі сәндік бұйым мен металл конструкциялары дайындалады. Әсіресе өрнектелген темір бұйымдардың қала көркіне қосар үлесі ерекше. Темірдің беріктігі мен ұлттық нақыштың үйлесуі мұндай дүниелердің ұзақ жыл қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Ұжымның алдағы жоспары да ауқымды. Өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жабдықтар алу, өнім түрін көбейту – басты мақсаттардың бірі. Алайда мұндай ірі бастамаларды жүзеге асыру үшін қаржылық мүмкіндік қажет.
Осы уақытқа дейін өз күшімен дамып, халыққа сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан бұл кәсіпорынға қолдау көрсетілсе, оның мүмкіндігі бұдан да арта түсері анық. Себебі мұндай өндіріс орындары тек бір отбасының кәсібі емес, қала экономикасына, өңір өндірісіне үлес қосатын маңызды бастама.
Темірге өрнек салып, оған жан бітіріп жүрген бұл ұжымның еңбегі маңдай тер мен ізденістің нәтижесі. Әкеден балаға жалғасқан еңбек дәстүрі мен жаңа буынның жаңашыл ойы тоғысқан бұл кәсіп – орындалған арманның, адал еңбектің және болашаққа деген сенімнің жарқын көрінісі.
Қажет АНДАС





