Қазақстандағы биылғы сайлауалды науқан саяси партиялар арасындағы бәсекенің жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартып отыр. Бұл пікірді саясаттанушы Талғат Қалиев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026: медиа және цифрлық платформалар» атты сарапшылық алаңда айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Сарапшының айтуынша, осы жолғы науқанның басты ерекшелігі – саяси партиялардың дәстүрлі үгіт-насихатпен ғана шектелмей, қоғаммен ашық диалог орнатуға және өз ұстанымдарын көпшілік алдында кеңінен талқылауға ден қоя бастауы.
Талғат Қалиевтің сөзінше, бұған дейін партиялар негізінен өңірлердегі кездесулерге және цифрлық платформалардағы насихат жұмыстарына басымдық берсе, қазір олардың арасында жария пікірталастардың саны айтарлықтай артқан. Сайлауалды үгіттің алғашқы күндерінен бастап-ақ Парламент қызметінің тиімділігі, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, бизнестің саясаттағы рөлі секілді өзекті мәселелер ашық талқыға шығарылды.
Саясаттанушы мұндай пікірталастардың көбеюі партиялардың тек сайлауалды бағдарламаларын таныстырумен шектелмейтінін көрсететінін атап өтті. Керісінше, олар қоғамды толғандыратын маңызды мәселелер бойынша өз ұстанымдарын дәлелдеп, ашық қорғауға дайын екенін байқатып отыр.
Сонымен қатар Талғат Қалиев партиялық жүйеде де елеулі өзгерістер жүріп жатқанын айтты. Оның пікірінше, бірқатар саяси ұйымдарда басшылық құрамы жаңарып, ұзақ жылдар бойы партияны басқарған жетекшілердің орнын жаңа буын өкілдері басуда.
«Жаңа басшылар партиялық жүйеге бүгінгі заман талабына сай тың идеялар мен жаңа тәсілдер әкелуі керек. Сонымен қатар олар жаңа жақтастарды тартып, елдегі саяси бәсекенің одан әрі дамуына серпін береді», – деді саясаттанушы.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған сарапшылық алаңда цифрлық дәуірдегі саяси коммуникацияның трансформациясы, сайлауалды үгіт-насихатта жасанды интеллектіні қолдану, жалған ақпаратпен күрес тетіктері, сондай-ақ сайлаушылардың мінез-құлқындағы жаңа үрдістер мен қоғамның саяси партияларға қоятын талаптары жан-жақты талқыланды.





