Қазақстанда және әлемде WhatsApp мессенджері пайдаланушыларының тіркелгілері жаппай бұғатталып, желіде үлкен талқылау тудырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кенеттен орын алған ақау салдарынан мыңдаған азамат байланыссыз қалды. Қолданушылардың сөзінше, мессенджерді пайдалану кезінде экранда арнайы ескерту шыққан. Онда жүйенің құрылғы мен ондағы әрекеттерді пайдаланушы келісіміне сәйкестігін тексеріп жатқаны жазылған. Сервис бұл үдерістің 24 сағатқа дейін созылатынын хабарлап, жүйелік тексерісті күтуді ұсынған.
Осы жағдайға байланысты Meta компаниясы ресми түсініктеме берді. Компания өкілдері өз мәлімдемесінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезінде қателік кеткенін растады.
«Біз сервисті теріс пайдаланудың алдын алып, басқа қолданушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аккаунттарды бұғаттау бағытында үнемі жұмыс істейміз. Кейде қателік жіберуіміз мүмкін. Мұндай жағдай орын алса, адамдардың қайтадан чатта сөйлесе алуы үшін мәселені барынша жылдам шешуге тырысамыз. Зардап шеккен аккаунттарды қалпына келтіру үшін тиісті шаралар қабылданды», – дейді компания өкілі.
Айта кету керек, бүгінде аталған мессенджерді әлем бойынша ай сайын 3 млрд астам адам белсенді пайдаланады. Сондықтан техникалық жүйедегі шағын ақаудың өзі 15-20 пайыз ауқымды қамтып, жүздеген мың тұтынушыға әсер етуі ықтимал.
Сарапшылар мұндай жағдайда сабыр сақтауды ұсынады. Ақауды жою үшін келесі әрекеттерді орындау ұсынылады:
-
Қолданбаны бірден өшіріп қайта орнатуға асықпаңыз.
-
Жүйе ұсынған 24 сағаттық тексеру мерзімінің аяқталуын күтіңіз.
-
Егер аккаунт қате бұғатталса, қолжетімділік автоматты түрде қалпына келеді.
Жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік ережелерін сақтау әрқашан басты назарда болуы тиіс. Компания өкілдері техникалық қателіктен зардап шеккен барлық қолданушылардың парақшалары жақын арада толықтай іске қосылатынын жеткізді.





