Талдықорғанда түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды қолданып, тұрғындардың тыныштығын бұзған жергілікті тұрғын анықталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Әлеуметтік желілерде Талдықорған қаласының Қаратал шағынауданындағы мейрамханалардың бірінің маңында мерекелік іс-шара кезінде отшашу мен пиротехникалық бұйымдар қолданылғаны бейнеленген видео тараған еді. Түнгі мезгілдегі мұндай жағымсыз әрекеттер тынығуға ұмтылған тұрғындардың мазасын алып, қолайсыздық туғызды. Сондай-ақ қоғамдық тәртіптің сақталуына кері әсерін тигізгені анық.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында тәртіп сақшылары аталған дерек бойынша жедел тексеру жүргізді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жылдам анықтады. Ол пиротехникалық бұйымдарды пайдалану талаптарын бұзған 19 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті жауапкершілікке тартылды.
Түнгі уақыттағы тыныштықты бұзу – бұл жай ғана тұрмыстық мәселе емес, өңірдегі азаматтардың конституциялық құқығын шектеу. Мерекелік шараларды өткізу кезінде айналадағы тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі ескерілуі тиіс. Жетісу облыстық полиция департаменті азаматтарға пиротехниканы рұқсатсыз әрі белгіленбеген уақытта қолдану заң алдында жауаптылыққа әкелетінін қатаң ескертеді.
Мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары қалада түнгі рейдтер мен бақылау шараларын жиілетіп келеді. Өңірдегі қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздік ережелерін қамтамасыз ету – полиция мен жергілікті қоғамдастықтың ортақ міндеті. Тәртіпке бағынған қоғамда ғана әрбір азамат өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінеді.
Полиция қызметкерлері облыс тұрғындары мен қала меймандарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, заң талаптарын құрметтеуге және өзге азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттерден аулақ болуға шақырады.





