Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өміріне көптеген оң өзгерістер әкелгенімен, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстар санының артуына себеп болуда. Интернет-алаяқтардың қылмыстық жоспарындағы негізгі бағыттың бірі – дропперлерді пайдалану. Яғни, дропперлік – заңсыз қаржылық операцияларды жүзеге асыру мақсатында банк карталарын, банктік шоттарды, электрондық әмияндарды немесе өзге де төлем құралдарын үшінші тұлғаларға беру не пайдалануға ұсыну.
Қылмыскерлер дропперлердің есепшоттары арқылы қылмыстық жолмен алынған қаражатты аударып, қолма-қол ақшаға айналдырады. Бұл құқық қорғау органдарының қылмыскерлерді анықтауын және жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуді едәуір қиындатады. Көп жағдайда азаматтар оңай әрі тез табыс табуға қызығып, мұндай заңсыз әрекеттердің қатысушысына өз еркімен айналады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «жоғары жалақы төленетін қашықтан жұмыс», «қаржылық делдалдық», «ақша аударуға көмек көрсету» сияқты хабарландырулар кеңінен таралады. Осындай түрлі сылтауды алға тартқан алаяқтар азаматтарды банк картасын рәсімдеуге, банк шотының деректемелерін, мобильді банкингке қолжетімділікті беруге немесе өз атынан ақша аударымдарын жасауға көндіреді.
Азаматтар мұндай әрекеттердің заңға қайшы екенін және заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын есте ұстауы қажет. Қазақстан Республикасында дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында көзделген. Істің мән-жайына қарай кінәлі тұлғалардың әрекеттері олардың қылмыс жасаудағы рөлі мен туындаған салдарға байланысты қылмыстық заңнаманың басқа да баптары бойынша саралануы мүмкін.
Осыған орай Прокуратура азаматтарды қырағылық танытып, қаржылық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Ол үшін банк карталарын, банк шоттарының деректемелерін, PIN-кодтарды, SMS арқылы келетін растау кодтарын және мобильді банкингке қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беруге; бейтаныс адамдардың өтініші бойынша банк карталарын немесе банктік шоттарды рәсімдеуге; банктегі деректемелерін пайдалануға немесе қаржылық операцияларды жүргізуге келісім бергені үшін сыйақы алу туралы ұсыныстарға алдануға болмайды. Сондай-ақ, жұмыс берушілер жайлы ақпаратты және нақты еңбек қызметінсіз жоғары табыс уәде ететін хабарландыруларды мұқият тексеру қажет. Әрбір азамат өзінің банк картасын, банктік шотын немесе өзге де төлем құралдарын үшінші тұлғалардың пайдалануына беруі ауыр құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін түсінуі тиіс. Расында заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
Интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді күрес жүргізу азаматтардың белсенділігіне және заң талаптарын бұлжытпай сақтауына тікелей байланысты. Егер сізге дропперлік немесе интернет-алаяқтық фактілері белгілі болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, цифрлық ортадағы қылмыстардың алдын алуға болады.
Әлия ХАМИТОВА,
Талдықорған қалалық прокуратурасының аға прокуроры





