Құрылысшының еңбегі – көзге көрінген ғимаратпен ғана өлшенбейді. Елді мекендерді жалғаған жол, көлік қатынасын жеңілдеткен күре жол, күн сайын мыңдаған адам жүріп өтетін асфальт та – құрылысшының маңдай терімен жасалады. Бұл жұмыстың сырт көзге байқала бермейтін қиындығы көп. Әсіресе жаздың аптап ыстығында жол жөндеп, қызған асфальтпен жұмыс істеу кез келген адамның қолынан келмейді.
Осындай ауыр әрі жауапты жұмысты абыроймен атқарып келе жатқан азаматтың бірі – Әділхан Азамбековтің жол жөндеу саласында еңбек етіп жүргеніне қырық жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде талай жолдың жөнделуіне, талай шақырым асфальттың төселуіне өз үлесін қосқан.
Әділхан Смайылханұлы техникалық бақылау бағытында еңбек етіп, жол құрылысының сапасына жауап береді. Сонымен қатар металл өңдеу ісімен де айналысады.
Жол құрылысының да өзіндік қиындығы бар. Әсіресе жаз мезгілінде жұмыстың ауырлығы екі еселенеді. Жолға төселетін асфальттың температурасы 120-150 градусқа дейін жетуі де мүмкін. Күннің ыстығында жұмыс істеу үлкен сақтықты, шыдамдылықты және кәсіби тәжірибені қажет етеді.
Аптап ыстықта жол бойында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың маңдай терін сырт көзбен бағалау оңай емес. Күннің аптап ыстығында қалың асфальттың қызуы айналаны қуырып, ауа температурасы бірнеше есе жоғары сезіледі. Осындай қиын жағдайда да жол саласының мамандары бір сәтке де жұмыс қарқынын бәсеңдетпейді.
Ағайын-бауырдай ауызбіршілікпен, аға-інідей ынтымақпен еңбек етіп жүрген азаматтардың басты мақсаты – сапалы әрі қауіпсіз жолды уақытында халық игілігіне беру. Олар үшін әрбір төселген асфальт, әрбір атқарылған жұмыс – тұрғындардың жайлы қатынасы мен өңірдің дамуына қосылған нақты үлес. Сондықтан жолшылар аптап ыстыққа да, еңбек қиындығына да қарамастан өздеріне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді.
Әділхан Смайылханұлы үшін жай ғана жұмыс емес, саналы ғұмырының үлкен бөлігіне айналған кәсіп. Қырық жылдан астам уақыт бойы бір саланың ыстығы мен суығына төзіп, тәжірибе жинау – еңбекке деген адалдықтың белгісі.
Жол құрылысы – ұжымдық жұмысты қажет ететін сала. Мұнда әр маманның өз міндеті бар. Бірі техниканы басқарады, бірі асфальт төсейді, енді бірі өлшем мен сапаны бақылайды. Ал осы жұмыстың бәрі бір-бірімен үйлескенде ғана сапалы жол пайда болады. Әділхан Смайылханұлы да ұзақ жылғы тәжірибесімен осы жауапты жұмыстың қыр-сырын жақсы меңгерген.
Еңбектің қадірін білген адам өз кәсібін кейінгі ұрпаққа аманаттайды. Бұл ретте Азамбековтер әулетінің жол және құрылыс саласына деген байланысы да ерекше. Әділхан Смайылханұлының екі ұлы осы салада еңбек етіп жүр. Әке көрген ұлдың еңбек жолын жалғастыруы – кәсіби сабақтастықтың бір көрінісі.
Жол жөндеу – төзімділікті талап етеді. Мұнда нәтиже бір күнде көріне қоймайды. Кеше ғана ойқы-шойқы болған жолдың орнына бүгін тегіс асфальт төселіп, адамдардың жүріп-тұруына жағдай жасалады. Оның артында қаншама адамның еңбегі, уақыты мен маңдай тері жатыр. Дәл осындай жауапты жұмысты атқарып жүрген әрбір құрылысшының еңбегі ерен. Барша құрылыс саласында тынбай еңбек етіп жүрген әріптестерімді мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Адал еңбекпен ғана өсіп, өне берейік. Әр жолаушыға ақ жол тілеймін, – дейді Әділхан Смайылханұлы
Жол – елді мекендерді ғана емес, адамдарды, кәсіп пен өндірісті, ауыл мен қаланы байланыстыратын маңызды инфрақұрылым. Сондықтан осы саланың құрылысшыларының еңбегі әрқашан жоғары бағалануы тиіс. Әділхан Смайылханұлы сынды еңбек майданында қырық жылдан астам уақыт табандылық танытып, қажымай ақ адал еңбек етіп келе жатқан азаматтардың өмір жолы жастарға үлгі-өнеге.
Мақпал ӘДІЛХАНҚЫЗЫ





