Ауыл медицинасының ең басты байлығы – білікті маман. Сарқан ауданының Лепсі ауылдық ауруханасында еңбек ететін жас дәрігерлер Ербол Қондыбай мен Лаура Маратова медицина мамандығының жарқын үлгісі. Бірі – туған ауылына перзенттік парызын өтеуге оралған болса, екіншісі – өмірлік серігімен бірге ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсетуді таңдаған жас дәрігер.
Ерлі-зайыпты дәрігерлердің екеуі де Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Студенттік шақтан басталған достықтары кейін сезімге уланып, бүгінде олар тек шаңырақтың ғана емес, бір ұжымның да тірегіне айналған.
Ербол Қайратұлы – Лепсі ауылының тумасы. Университетті тамамдаған соң еңбек жолын Атырау қаласында бастап, 3 жыл тәжірибе жинақтады. Жалпы медицина саласындағы еңбек өтілі бес жылға жуықтаған жас маман туған жеріне қайта оралуды көп ойланбастан таңдаған.
Лепсі – кіндік қаным тамған қасиетті мекен. Сондықтан туған ауылымның тұрғындарына қызмет етуді азаматтық борышым деп санаймын. Дәрігер мамандығын да өз еркіммен таңдадым. Адам жанына араша түсіп, сырқатына ем табуға көмекте- су – бала күнгі бергі арманым. Мен үшін ең үлкен марапат – ауылдастарымның алғысы мен сенімі, – дейді Ербол Қайратұлы.
Жас дәрігердің кәсіби қалыптасуына ауылдық ауруханада ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі дәрігер Төрехан Ысқақовтың ықпалы зор болған. Ол жас маманға дәрігер мамандығының қыр-сырын үйретіп қана қоймай, науқаспен қарым-қатынас орнатудың, адамға жанашырлықпен қараудың үлгісін көрсетті.
Ұстазымнан үйренгенім өте көп. Оның қарапайымдылығы, жауапкершілігі мен адамгершілігі мен үшін әрдайым үлгі болып қала береді, – дейді Ербол.
Ал Лаура Бауыржанқызы еңбек жолын жақында ғана бастағанына қарамастан, әр науқастың сенімінен шығуға тырысып келеді. Жас дәрігердің кәсіби қызметі ана ретіндегі жауапкершілікпен қатар өріліп жатыр. Он айлық қызы Кәусарға әзірге әжесі қарап отырса, үлкен ұлы Ислам балабақшаға барады.
Отбасында да, жұмыста да бір-біріне тірек болған дәрігерлер кешкілік үйде күнделікті қабылдауда кездескен күрделі жағдайларды бірге талқылап, пікір алмасады. Бір-бірінің кәсіби көзқарасына құрметпен қарап, тәжірибелерін толықтыра түседі. Олардың айтуынша, ортақ мамандық өзара түсіністікті одан әрі нығайта түскен.
Бүгінде медицина қарқынды дамып келеді. Сондықтан жас дәрігерлер білім жетілдіру курстарына қатысып, жаңа емдеу тәсілдерін меңгеруге, кәсіби біліктіліктерін үнемі арттырып отыруға ерекше мән береді.
Лепсі сияқты шалғай ауыл үшін мұндай жас мамандардың келуі – үлкен қуаныш. Себебі ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету ең алдымен маманға байланысты. Ербол мен Лаура туған жердің болашағын қаладағы жайлы қызметтен жоғары қойып, ауыл медицинасының дамуына өз үлестерін қосуды мақсат еткен.
Әрине, жас отбасының арманы да жоқ емес. Олар мемлекет тарапынан тұрғын үй мен әлеуметтік қолдау көрсетілсе деген үмітте.
Ел Президенті ауылдық жерлердің әлеуетін арттыру жөнінде үнемі айтып келеді. Сол міндеттің жүзеге асуына осындай жас әрі білімді дәрігерлердің қосып жүрген үлесі зор. Ербол Қондыбай мен Лаура Маратова секілді жастар ауыл медицинасының ертеңіне деген сенімді күшейте түседі.
Гүлжан ТҰРСЫН





