Қазақстан ұлттық футбол құрамасының бас бапкері лауазымына 62 жастағы нидерландылық маман Джон ван’т Схип тағайындалды. Маманды Қазақстан футбол федерациясы арнайы баспасөз мәслихатында ресми түрде таныстырды.
Бұл тағайындау да маманның ҚФФ бас хатшысы Скотт Маннмен бұрыннан келе жатқан әріптестік байланысы маңызды рөл атқарды. Олар кезінде австралиялық «Мельбурн Сити» клубында бірге жұмыс істеген.
Джон ван’т Схиптің халықаралық дәрежедегі тәжірибесі мол. Оның соңғы жұмыс орны Армения құрамасы болса, бұған дейін Грекия ұлттық құрамасын жаттықтырып, Нидерланды құрамасының бапкерлер штабында ассистент қызметін атқарды. Сонымен қатар оның жұмыс істеген клубтар тізімінде нидерландылық «Твенте» мен «Зволле», мексикалық «Гвадалахара» және амстердамдық «Аякс» сияқты белгілі клубтар бар. Енді танымал нидерландылық маманның басшылығымен Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі өнерін әрі қарай жалғастырады.
Серік ҚАНТАЙ





