Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен шын жүректен құттықтап, ұлы ақынның мұрасы ұлттық дамудың басты бағдары екенін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік қазынасы әлемдік және ұлттық мәдениеттен айрықша орын алады. Абай ілімі – қоғамды біріктіретін рухани шамшырақ. Ақын кезінде елді толғандырған көкейкесті мәселелерді ашық айтып, жұртты бейқамдық пен жалқаулықтан арылуға үндегені белгілі. Сонымен бірге, хакімнің «Толық адам» идеясы әрбір азаматты рухани кемелденуге бастайтын терең тұжырым екені сөзсіз.
Биылғы Абай күні елімізде жүріп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысы Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталғанын жеткізді. Бұл мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайды.
Жақын арада ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы Парламент реформаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға тың серпін береді. Осы өзгерістердің түпкі мәні – жасампаздық құндылықтарын азаматтардың санасына сіңіріп, Қазақстанның қарқынды дамуына жол ашу.
Президент қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту барысында әрдайым Абайға жүгінетінімізді баса айтты. Хакім мұрасы білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді дәріптейді.
Абайдың қара сөздері қазіргі мемлекеттік бастамалармен берік астасып жатыр:
-
«Адал Азамат» тұжырымдамасы адал еңбек пен әділеттілік қағидаларын орнықтырады;
-
«Таза Қазақстан» акциясы туған табиғат пен қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастырады;
-
«Заң мен Тәртіп» қағидасы қоғамда бейберекетсіздікке жол бермей, тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Осы тұғырнамалық идеялар Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізін құрайды. Осылайша еліміз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында келеді.
Ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да өскелең ұрпақты шынайы отаншылдық пен туған елге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуде рухани азық болады. Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға амандық, құт-береке тілеп, ізгі тілегін білдірді.





