Бүгін «ӘDILET» партиясы Жетісу облыстық сайлауалды штабының өкілдері «Агрокомплекс Жетісу Мажико» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Басқосу барысында өндіріс саласының қазіргі ахуалы, кәсіпкерлікті дамыту, еңбек адамының жағдайы және өңір экономикасының тұрақты өсуіне қатысты мәселелер қозғалды.
Кездесуде экономикалық дамудың негізгі тіректерінің бірі – нақты өндіріс пен еңбек өнімділігі екені атап өтілді. Ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешені өңір экономикасында маңызды орын алатындықтан, бұл саладағы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі жаңа жұмыс орындарын сақтауға және жергілікті халықтың табысын арттыруға ықпал етеді.
Талқылау барысында шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру, өндірістік кәсіпорындарға инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу және еңбек өнімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен заң талаптарының баршаға бірдей қолданылуы экономикалық белсенділікті арттырудың маңызды шарттарының бірі екені айтылды.
Еңбек ұжымының өкілдері өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе өндірістің тұрақты жұмыс істеуі, білікті мамандарды даярлау, жастарды жұмыспен қамту және кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау мәселелерінің маңызы атап өтілді.
Жастардың туған өңірінде еңбек етіп, тұрақты табыс табуына жағдай жасау – жергілікті экономиканың ұзақ мерзімді дамуына әсер ететін факторлардың бірі. Бұл ретте өндірістің жаңа бағыттарын іске қосу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және заманауи жұмыс орындарын қалыптастыру өзекті болып қала береді.
Кездесу соңында еңбек ұжымының ұсыныстары тыңдалып, өндіріс пен кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелерді ашық талқылаудың маңызы атап өтілді. Мұндай пікір алмасулар өңірдегі экономикалық үдерістерге қатысты нақты мәселелерді айқындап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді.
«Жетісу-Ақпарат»





