Қазақстан мектептерінде бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмысын жеңілдететін маңызды шешім қабылданды. Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінен модерация толығымен алынып тасталады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ресми түрде мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, енгізіліп жатқан жаңашылдықтардың басты мақсаты – ұстаздардың иығына түскен артық қағазбастылық пен әкімшілік жүктемені азайту. Сонымен қатар, жаңа жүйе оқушыларды әділ бағалауға, олардың ынтасын арттыруға және ата-аналар үшін бүкіл процесті ашық етіп көрсетуге бағытталған.
Модерация неге алынды?
Сонғы жылдары жиынтық бағалау жұмыстарын қайта қарап, өзара салыстыратын модерация процесі өзінің бастапқы тиімділігін жоғалтты. Мұғалімдердің сөзінше, бұл процесс көбіне формалды түрде өтіп, тек уақытты алатын косымша кедергіге айналған еді. Бастауыш сынып мұғалімдері күнделікті сабақ берудің орнына, әкімшілік құжаттарды толтыруға тым көп күш жұмсап келді. Модерацияны алып тастау арқылы ұстаздар қауымының басты назары оқушының тәрбиесі мен білім сапасына ауады.
Мемлекет тарапынан білім беру сапасын арттыру үшін кешенді қадамдар жасалуда. Соның бірі – Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанынан арнайы бағалау мәселелері бойынша жаңа бөлімнің құрылуы. Мұндай мамандандырылған бөлім бұған дейін болмаған.
Ендігі жерде жаңа бөлім ғылыми әрі әдістемелік негізде бастауыш сыныптарға арналған бірыңғай стандарттарды дайындайды. Мұнда әр бөлім бойынша аралық бақылау саны, формативті бағалаудың жиілігі және әділ критерийлері нақты белгіленеді. Академия ғалымдары мен тәжірибелі педагогтар елдегі барлық мектептерге арнап бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірлейді.
Классикалық оқыту әдістері қайта оралады
Жаңашылдықтар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқу процесінің мазмұнын да байыта түседі. Бастауыш сыныптарда білім сапасын тексерудің бұрыннан дәлелденген, тиімді құралдары қайта қолданысқа енеді. Олардың қатарында:
-
Диктант пен мазмұндама жазу;
-
Шығармашылық жұмыстар мен шығармалар;
-
Математика пәнінен дәстүрлі бақылау жұмыстары бар.
Ендігі кезекте оқушылардың тек теориялық ақпаратты жаттап алуы емес, олардың функционалдық дағдылары бағаланады. Баланың жазу, ойлау, есептеу және логикалық пайымдау қабілетіне ерекше назар аударылады. Әрбір бақылау түрі үшін айқын әрі түсінікті бағалау критерийлері жасалады.





