Қазақстанда мектептер мен жоғары оқу орындарының кітапханаларын бір орталыққа біріктіретін цифрлық жүйе іске қосылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Елдегі оқырмандар мен білім іздеген жастар үшін қуанышты жаңалық. Жаңа цифрлық платформа Қазақстандағы барлық кітапхананы бір орталыққа тоғыстырып, әрбір азаматқа бірыңғай оқырман билеті мен ортақ каталогты пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған бұл жоба оқырмандардың қажетті әдебиетке тез әрі кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахметтің сөзінше, бұл қадам еліміздегі кітапхана ісін жаңа деңгейге көтереді. Бастапқыда тек көпшілікке қолжетімді 3 894 кітаптың қоры қамтылса, кейіннен барлық ЖОО мен мектеп қорлары осы базаға толық енгізіледі.
Электронды кітапхана жүйесі арқылы әрбір оқырман үйде отырып-ақ қажетті басылымды іздеп таба алады. Ортақ каталогта төмендегідей нақты ақпараттар орналастырылады:
-
Кітаптың қай өңірдегі немесе қай оқу орнындағы кітапханада сақтаулы тұрғаны;
-
Басылымның нақты саны, жанры мен мазмұны;
-
Кітаптың оқырмандар арасында қанша рет сұранысқа ие болғаны.
Бұл оқырманның уақытын үнемдеп қана қоймай, қаламгерлерге де өз еңбектерін оқырмандарға тікелей ұсынуға жол ашады. Авторлардың келісімімен жаңадан шыққан туындылар бірден жүйеге енгізіліп отырады.
Ғылым мен білімді цифрландыру – заман талабы. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған «KazNEB» электронды кітапханасы негізінде бұл бастама одан әрі кеңейе түспек. Өткен жылы Абай мұрасы толықтай цифрлық форматқа көшірілген еді. Ендігі кезекте ұлы хакімнің шығармалары бірыңғай платформада жеке бөлім ретінде орналасады.
Мұндай реформалар «Кітапхана және кітап ісі туралы» жаңа заң жобасында да өз көрінісін таппақ. Жүйені оңтайландыру арқылы кітапханашылардың жұмысы жеңілдеп, оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіледі.





