Халықаралық жастар күніне орай Жетісуда үш күндік мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Аталмыш шара жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауға, еңбекке араласуына және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталады. Бұл туралы «Жетісу Жастары» КММ-нің директоры Арнай Байжұрынов Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте мәлімдеді.
Шаралардың маңызды бөлігі – 11 тамыз күні өтетін «Көшбасшы-2026» жастар сыйлығын табыстау рәсімі. Бұл марапат жастар саясатының дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген, түрлі салада жетістікке жеткен жанды ынталандыруға бағытталған.
Арнай Рақымберліұлының айтуынша мерекелік бағдарламада жастардың жұмыспен қамтылу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Осы мақсатта бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жас мамандарға жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осы арқылы жастар өз саласына сәйкес бос орынмен танысып, жұмысқа орналасу және кәсіби бағыт-бағдар алу мүмкіндігіне ие болады.
– Мерекелік бағдарламаның қорытындысы концерттік кешпен жалғасады. Кеш барысында жастардың көңілінен шығатын мәдени-музыкалық бағдарлама ұсынылады. Ал кеште өңірге ғана емес, еліміздегі танымал, жастар сұранысына ие эстрада жұлдыздары өнер көрсетпек, – деп атап өтті мекеме басшысы.
Концерт соңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, жастар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаға атсалысады. Осылайша мерекелік шара тек көңіл көтерумен шектелмей, қоғамдық жауапкершілік пен туған өлкенің тазалығына деген жанашырлықты насихаттамақ.
Үш күнге жоспарланған бағдарлама аясында жастар үшін түрлі мәдени, әлеуметтік және танымдық іс-шара өткізіледі. Солардың бірі – «QOSYL FEST» фестивалі. Фестиваль шығармашыл жастарға өз өнері мен қабілетін танытуға мүмкіндік беретін алаң болмақ.
Жалпы, мәдениет, еңбек, көшбасшылық және экологиялық жауапкершілікті бір арнаға тоғыстырған бағдарлама жастарға тың серпін береді деген үміттеміз.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ





