Қазақстанда жасанды интеллект әлеуметтік қорғау саласына белсенді енгізіліп, азаматтарға жәрдемақы тағайындау процесін айтарлықтай жеңілдетуде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында маңызды қадамдар жасалып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында баяндағандай, заманауи ақылды жүйелер атаулы әлеуметтік көмек беру, мүгедектік тобын айқындау және өзге де төлемдерді автоматты түрде ресімдеу кезінде кеңінен қолданыла бастады. Бұл жаңашылдық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойып, әлеуметтік қолдаудың ашықтығын камтамасыз етеді.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде бұрын соңды адам факторы үлкен рөл атқарса, ендігі кезекте басты талдауды цифрлық алгоритмдер жүргізеді. Арнайы әзірленген бағдарлама өтініш білдірген отбасылардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары түсірілген фото және бейнематериалдарды сараптайды.
Жиналған деректер негізінде жүйе азаматтың шынымен көмекке мұқтаж немесе мұқтаж емес екендігі жөнінде нақты ұсыным дайындайды. Аталған тәсіл өңірлердегі учаскелік комиссиялардың жұмысын жеңілдетіп, объективті шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде цифрлық жүйе атаулы әлеуметтік көмек бойынша 99 мың өтінішті сәтті өңдеп үлгерді.
Мүгедектік тобын белгілеу процесі де толығымен цифрлық форматқа көшірілуде. Жасанды интеллект пациенттің электронды медициналық картасындағы деректерді, анамнездері мен диагноздарын талдайды. Медициналық-әлеуметтік сараптама кезінде жүйе тәуелсіз сарапшы ретінде шешім жобасын әзірлеп ұсынады.
Бұл еліміз бойынша мүгедектік тобын айқындаудың бірыңғай әрі әділ стандартын қалыптастырады. Мекемелердегі медициналық сарапшылардың субьективті пікір білдіруіне жол бермейді. Жүйе арқылы қазірге дейін мүгедектікті белгілеу бойынша 151 мың өтініш қарастырылды.
Цифрлық сауаттылықты арттырудың басты жемісі – халықтың алтын уақытын үнемдеу. Мемлекеттік қызметтерді автоматты түрде тағайындау механизмі енгізілгеннен кейін, жүйе алушының мәліметтерін дербес тексереді. Растау аяқталған соң аудандық немесе облыстық әкімдіктердің артық келісімінсіз төлемді бірден тағайындайды.
Нәтижесінде бұрын 2 күнге дейін созылатын құжаттарды өңдеу уақыты небәрі 10 минутқа дейін қысқарды. Биылғы шілде айынан бастап 12 мың жәрдемақы толығымен автоматты режимде берілді. Бұл еліміздегі әлеуметтік қорғау саласының сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Мемлекеттік қолдауды алу үшін азаматтарға Egov порталы мен мобильді қосымшалардағы жеке деректерін уақытылы жаңартып отыру ұсынылады.





