Талдықорғандағы «Атамекен» ҰКП көрме кешенінде «Jetisu Digital Forum – 2026» форумы өтті. «Жетісу жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбымен ұйымдастырылған жиын аймақтың цифрлық даму басымдықтарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының ұйымдастыруымен өткен форумның мақсаты – жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін саралау, озық тәжірибелермен алмасу, инновациялық бастамаларды қолдау және мемлекеттік органдар, IT-индустрия, бизнес пен білім беру саласы арасындағы байланысты нығайту. Форумға жиналғандар алдымен телекөрсетілім арқылы цифрлық дамудың әлеуеті жайында бейнебаянды тамашалады. Бұдан соң осы салада қызмет атқарып, ерекше қырынан танылып жүрген бір топ маман жылдың технологиялық стартапы, сандық білім беру және таланттарды дамыту, бизнестің цифрлық трансформациясы, қоғамға арналған сандық шешімдер, аймақтық IТ қауымдастығын дамыту номинациялары бойынша марапатталды. Келесі кезекте облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржан Егінбаев сөз сөйлеп, аймақта цифрландыру бағытында іске асырылып жатқан іс-шаралар жайында қысқаша хабардар етті.
Форум аясында «Жетісу жасанды интеллект дәуірінде» атты панельдік сессия ұйымдастырылды. Сессия модераторы елге танымал тележүргізуші, телепродюсер, кәсіпкер және журналист Серік Акишев қатысушылар арасындағы пікір алмасуға жетекшілік етті. Талқылауға облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев, «Target AI» компаниясының бас директоры Дамир Жаримбетов, «BeyimTech» ЖШС-ның бас директоры Бибарс Сейтниязов және Жетісу іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Әнел Капекова қатысты.
Жасанды интеллектіні дамыту, технологиялық шешімдерді тәжірибеге енгізу және цифрлық өзгерістер жағдайында мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықты кеңейту сессияның негізгі өзегіне айналды. Форум бағдарламасында жетекші IT-компаниялар өкілдерінің баяндамалары да ұсынылды. «Yandex Qazaqstan» компаниясының басқарушы директоры Мейірбек Мұқатов пен «Kolesa Group» компаниясының Tech Lead маманы Амангелді Қадыл өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, технология саласын дамытудың өзекті бағыттарын таныстырды. Сондай-ақ форумда «Цифрлық трансформацияның орталығындағы бизнес» атты панельдік сессия өтіп, кәсіпкерлік қызметте цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Сессияны Әсел Қожақова жүргізді. Форумның маңызды бағыттарының бірі – Startup Battle байқауы. Оның барысында стартап-командалар өз жобаларын қазылар алқасы мен инвесторлардың назарына ұсынды. Сонымен бірге қатысушыларға технологиялық өнімдер мен инновациялық шешімдермен танысуға мүмкіндік беретін көрме аймағы ұйымдастырылды.
Форум бағдарламасындағы Google DevFest аясында жасанды интеллект пен машиналық оқыту саласына маманданған Google Developer Experts сарапшыларының баяндамалары да ұсынылды. Бұл бағыттардағы тәжірибе алмасу әзірлеушілердің кәсіби білімін жетілдіруге және әлемдік технологиялық үрдістермен танысуға мүмкіндік берді. Жиын мазмұны жасанды интеллектіні дамыту, кәсіпкерлікті цифрландыру, стартаптарды қолдау және аймақтың IT-экожүйесін қалыптастыру мәселелерінің өзара тығыз байланысты екенін көрсетті.
Айгүл Байбосын







