Жастық шақ – арманға қанат бітіріп, алға ұмтылуға күш беретін, ел мен жердің ертеңіне өзіндік қолтаңбасын қалдыратын айрықша кезең. Бүгінгі жас қазіргі қоғамның белсенді қозғаушы күші. Мұны Жетісу өңіріндегі жалынды жастардың тыныс-тіршілігінен анық аңғаруға болады.
Халықаралық жастар күніне орай Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінің жағалауында облыс әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы – 2026» жастар сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Биылғы басқосудың ерекшелігі де осында – дәстүрлі марапаттармен қатар, уақыт талабына сай цифрлық технология, жасанды интеллект және волонтерлік қозғалыс бағыттарын қамтыған жаңа номинациялар енгізіліп отыр.
Салтанатты шара аясында өңір басшысының атынан жастарды облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады.
Бүгінде Жетісу облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 200 мыңға жуық жас тұрады. Олардың бастамаларын қолдау, өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасау және үздік жетістіктерін мойындау мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Биыл «Көшбасшы» сыйлығы жаңа деңгейге көтерілді: Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай «Үздік жас цифрлық көшбасшы» номинациясы тағайындалса, Халықаралық еріктілер жылы аясында «Үздік жас ерікті» атты жаңа номинация енгізілді, – деді ол.
Шын мәнінде, жаңа номинациялар уақыттың талабын көрсететін маңызды қадам. Өйткені бүгінгі жас ұрпақтың ізденісі бұрынғыдан бөлек. Бірі робот құрастырып, жасанды интеллект мүмкіндігін меңгерсе, енді бірі қоршаған ортаны қорғауға атсалысып, қоғамға пайдасын тигізуді азаматтық парызы санайды.
Солардың бірі – «Үздік жас цифрлық көшбасшы» атанған Самал Серікова. Ол «Future IT» мектебінде робототехника жаттықтырушысы, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде оқу ісі жөніндегі меңгеруші әрі информатика пәнінің оқытушысы болып еңбек етеді.
Бұл марапатты мен тек өзімнің еңбегімнің бағасы деп қабылдамаймын. Цифрлық бағытта еңбек етіп жүрген ұстаздар мен жастарға көрсетілген үлкен қолдау деп білемін. Қазір технология күн сайын өзгеріп жатыр. Сондықтан жастарға «бұрынғы білім жеткілікті» деп тоқтап қалуға болмайды. Үнемі іздену, жаңа нәрсе үйрену қажет. Робототехникаға қызығатын балалардың көзіндегі қызығушылықты көрген сайын, осы саланың болашағы зор екеніне көзім жетеді, – дейді Үздік жас цифрлық көшбасшы.
Ал «Үздік жас ерікті» номинациясы Сарқан ауданындағы қоғамдық және экологиялық бастамаларға белсенді атсалысып жүрген «Қамқор» волонтерлік ұйымының жетекшісі Ульяна Богушке бұйырды.
Жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін айқын көрсеткен тағы бір есім – Жақсылық Сәрсенов. Ол «Үздік жас батыр» номинациясымен марапатталды.Биыл маусым айында Алакөл ауданының Көктұма ауылында ауа райының қолайсыз жағдайында көлде қалған адамдарды құтқару кезінде Жақсылықтың батылдығы талай жанның өмірін сақтап қалды. Қиын сәтте қауіпсіздігін ойламай, көмекке ұмтылған жас жігіттің әрекеті көпшілікке үлгі болды.
Сол сәтте көп ойланған жоқпын. Көлде адамдардың қиын жағдайға тап болғанын көргенде, ең бірінші оларды құтқару керек деген ой келді. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Қолыңнан көмек көрсету келсе, сырт қарап тұруға болмайды. Бүгін осы марапатты алып тұрып, ең бастысы, сол адамдардың аман қалғанына қуаныштымын, – дейді Жақсылық Сәрсенов.
Жетісулық жастардың жетістігі мұнымен шектелмейді. «Үздік жас спортшы» атанған Рамазан Әбдірасыл – сурдо грек-рим күресінен әлем чемпионы, Сурдлимпиада және Азия-Тынық мұхиты ойындарының жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ұлттық құраманың мүшесі.
Білім саласында да жастардың жетістігі көңіл қуантады. «Білім және ғылым саласындағы үздік жас көшбасшы» номинациясын Текелі қаласындағы №3 орта мектептің логопед-дефектологі, педагогика ғылымдарының магистрі Наталья Железнева иеленді. Ол инклюзивті білім беруді дамытуға үлес қосып, әр баланың бойындағы қабілетті ашуға күш салып келеді.
Ал «Үздік жас журналист» атанған Сұлтан Қалибеков – «DeFacto MediaHub» инклюзивті ақпараттық порталының бейнеоператоры әрі бейнемонтажері, сондай-ақ «Мендей бол» жобасының авторы.
Биыл «Көшбасшы – 2026» сыйлығы аясында барлығы 16 номинация бойынша үздіктер анықталды. Олардың әрқайсысына арнайы мүсінше, диплом және сертификат табысталды.
Марапат иелерінің арасында сыйлықтың ең жас қатысушысы – небәрі 14 жастағы Әмір Арсланұлы да бар. Ол «Үздік жас көшбасшы» номинациясының жеңімпазы атанды. Он төрт жасар Әмір үшін бұл марапат – үлкен жауапкершілік.
Мен үшін бұл күн ерекше есте қалатын болды. Үлкендердің алдында марапат алу, өзіңмен қатар жүрген жастардың жетістігін көру – адамға қанат береді. Бұл марапат мені бұдан әрі де ізденуге, білім алуға, өзім сияқты жастарға үлгі болуға ынталандырады. Жас болсам да, қоғамға пайдам тисе екен деген мақсатым бар. Жастарға ең бастысы армандаудан қорықпау керек деп айтар едім. Арманға жету үшін еңбек ету қажет, – дейді жас көшбасшы.
Сахнадағы марапаттау рәсімі осылайша жастардың сан алуан қырын танытты. Бірі – ғылым мен білімде, бірі – спортта, енді бірі – цифрлық технологияда, өнерде, журналистикада, волонтерлікте және қоғамдық жұмыстарда өз ізін қалыптастырып келеді.
Бұл күні «Үздік жас отбасы» номинациясының жеңімпазы атанған Текелі қаласындағы Оразалиновтар отбасының да қуанышы ерекше болды. Қуаныш пен Ботагөз медицина саласында қызмет етіп, төрт бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы ретінде көпке үлгі.
Мерекелік шараның мазмұны марапатпен ғана шектелген жоқ. Жастар үшін тақырыптық алаңдар, түрлі тренингтер, мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультациялар, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, спорттық жарыстар мен интерактивті аймақтар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ облыстың барлық сегіз ауданы мен қаласында ұйымдастырылған «Qosyl Fest» жастар фестивалінің қорытындысы шығарылды. Ауқымды шараға 18 мыңнан астам жас қамтылып, 230-дан астам адам жұмыспен қамтылды. Мыңдаған жас мемлекеттік қолдау шаралары, жұмыспен қамту және құқықтық көмек бойынша кеңес алды. Сонымен қатар «Адал азамат» жобасы мен волонтерлік қызмет бағытында түрлі оқыту бағдарламалары өткізілді.
Кеш соңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ал шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық акциямен түйінделді. Жастар Қаратал өзенінің жағалауын тазалап, табиғатты аялауға өз үлестерін қосты.
Медет ЖҰМАБАЙ





